Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай, Қази (8-бөлім)

Қарасай-Қази · Қашаған Күржіманұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Қарасайдың мына сөзін естігеннен кейін батырлар ойға қалды. «Мына Қарасай Орақ батырдың баласы еді, осыны ортамыздан хан сайлайық. Орақ батырдың аруағына тап болармыз»,—деп ойлайды. Сөйтіп, орталарынан Қарасайды хан сайлайды. Сонда бір батырдың тағы бір айтатыны болды. Ол: «Қарасайдың айтуы бойынша, мына жолдан өткенде әскер екіге бөлінетін болып тұр, сондықтан екінші әскерге хан етіп Бүркіт ханның ұлы—Әділді сайлайық»,—деді. Бұны батырлардың бәрі қуаттады. Әскерді екеуі тең бөліп алып, жүріп кетеді. Қарасайдың айтқанындай, бір жетіден кейін бірін-бірі көріп, қуанысып, сол жерге түсіп, дем алысады. Қарап жатқанша, алдын болжау үшін барлаушылар жібереді. Бұлар: Қарасайдың әскерінен Тама, Әділдің әскерінен Қарсының ұлы Ер Тарғын болды. Екі батыр Қиғаштың басына шығып, арғы жағына қараса, көз жетпейтін дария екен. Қарап тұрса, дарияның енсіздеу жерінің жағасынан бір қара көрінеді. Келіп қараса, тастан қалаған бір оба тас екен. Тасты қарап жүрсе, бір қақпақ таста мұсылманша ойып жазылған жазуды көреді. Жазуды оқып қараса: «Менің атым—Орақ. Мен дарияның осы енсіздеу жерінен жер асты арқылы арғы бетке өтетін жол салдым, жолдың аузы—осы оба. Егер Ноғайлы батырлары Күзбанның шаһарын іздеп келе қойса немесе ат тұяғын салып келсе, менің соларға тастап кеткен белгім. Қолдарына шамшырақ алып, аттарына мініп, арғы бетке өтсе, қалмақтың берік соққан қамалы бар. Бұл жолды салған мен қайта айналып келем бе, болмаса, ажал жетіп, өліп қалам ба? Сондықтан ескерткіш ретінде салған белгім еді. Мұсаұлы Орақ»,—деп қол қойған екен.

Сонда батырлар обаны құлатып жіберіп, қарап жүрсе, ұзыны да 100 қадам, ені де 100 қадам болатын тас бар екен, екеуі күш қосып, аударса, астынан үңгір көрінеді. Аттарын белдеріне байлап, қолдарына шамшырақ алып түсіп, арғы бетке шықса, берік соққан қалмақтың қамалы көрінеді. Әбден ойларына тоқып, қайта келіп, әскерге берген жауаптары екен.

Бірінші Тама сөйлейді:
—Ал, барып келді Таманыз,
Көп жиналған ағамыз,
Адам көрмеген қиын жолы бар,
Келер ме, ерлер, бұған шамаңыз?!
Алладан жәрдем болмаса,
Қайтер екен бала-шағаңыз.
Осындай қиын жолы бар,
Сескеніп келді Тамаңыз.
Орақтан да қалған қала екен,
Бұған қайтіп барамыз,
Бұны қайтіп аламыз?
Асты—тас та, үсті—жол,
Қараңғы жерде жолы бар.
Жүре алмайтынға
Ұқсайды ауыр қол.
Жолының барған төрінде
Беріктік соққан тас қала,
Айнала қазған оры бар.
Қаласының басында
Асылы гауһар болаттан
Құрулы жебе торы бар.
Енділігі—қырық аршын,
Ел жағалай қонғандай.
Сол қамалдың басына
Шабуыл шапсаң да болғандай.
Сырты темірмен қаптаулы
Мұнараның басында,
«Мұсылмандардан жаулар келер», деп,
Күзетшілер тұр сақтаулы.
Қорғанның басында
Қырық мыңдай мергені тұр сақтаулы.
Бұл қалаға барған жан
Бір пәлеге анық жолығар,—

деп, Тама сөзін аяқтайды.

Сонда батырлар не қыларын білмей, бір-біріне қарасқан екен. Топ ішінде тұрған Тарғын: «Мен де сол кісінің жолдасымын ғой, мен де көрген-білгенімді айтайын»,—деп мына сөзді сөйлеген екен:

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз