Қарасай, Қази (7-бөлім)
Қарасай-Қази · Қашаған Күржіманұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Осы сөзді айтып, Қибат пен Қазиді елге қайтарып, өзі көк Тарланмен тартып кеткен екен. Көк Тарлан әрі арық, әрі кәрі, әрі бапталмаған. Соған қарамай, әуелгі екпінімен шаңдышаңға ілестірмей, Қибат пен Қазидың көзінен ғайып болады. Әрі-бері шапқаннан кейін тұлпардың екпіні қайтып, тек желе шоқырақтап отырады. Содан батыр тұлпардан күдерін үзеді. Тұлпар екпінімен елден он екі күндік жерге ұзап кеткен екен. Қарасай: «Бұл мені енді елге де, жауға да апармайтын болды, мені далаға қалдыратын болған екен»,—деп қылышты суырып алып, бір жерді белгілеп алып, «Соған дейін шапсаң, шабасың, басыңды өзім-ақ алайын»,—деп, тебініп жіберіп, шаба жөнеледі. Осылай шауып келе жатқанда бірте-бірте тұлпардың шабысы үдей бастайды. Қарасай байқап қараса, екі құлақтың түбі, сауыры терлей бастаған екен. Сөйтіп шауып келе жатып, тұлпар үш рет үш қаптай ішіндегі тезегін тастап, ішін тазартады. Батыр мойнын бұрып, аттың сауырына қараса, сауырдан ақ көбік жаңа шығып келе жатыр екен. Ақ көбікті көрді де, батыр тақымын қысып, тұлпардың басын қоя береді. Сонда тұлпар бүктеледі, жазылады, шапқанда, артында ошақтай ізін қалдырады. Шаңды-шаңға қосқандай, ұшқан құстың алдын тосқандай, құйрық-жалы аспанға көтеріліп, шуылдай береді. Тұлпар шауып, жерде келе жатыр ма, ұшып, көкте шауып келе жатыр ма,— бұл батырға белгісіз болады. Сонда батыр аттың шабысынан қауіп етіп, тұлпардың басын тартайын десе, әл бермейді. «Апырай, бұл қалай болды? Алдымнан асқар тау шығып, соғар ма екен немесе дария болып, соған салып кетер ме екен?»— деп, аттың шабысынан сескенеді. Сөйтіп келе жатқанда алдынан бір төбе кездесіп, соның өріне қарай шауып, үстіне шыққанда, басына әлі келіп, атты тоқтатып, секіріп түсіп, жетелеп жүріп қараса, баяғы өзінің жас күніне қайта түскендей екен. Бұрынғы жамандықтың біреуі жоқ, шекесінен қарайды, аяғын кербез басады, баяғы тердің бірі жоқ, шауып келе жатқанда кеуіп кеткен екен. Міне, көк Тарланның ащы тері кетіп, тұлпар қалпына түсіп, батырдың тұлпарға риза болған жері екен. Батыр шаршап тұрып алдына көз салса, көп қара көрінген екен. Бірақ Қарасай оның жау екенін немесе ел екенін, немесе алдыңғы кеткен қол екенін біле алмайды. Батыр сонда өзінен-өзі қапа болады. «Не де болса, бара көрейін»,— деп, атқа мініп, тұлпарды қараға қарай қоя беріп келе жатып айтқаны екен:
Қарасай қараның ортасынан қақ жарып өте шығып, қылышын суырып, қайтып келсе, бұл ел де емес, жау да емес, бұрынғы кеткен Қырымның қырық батырларының әскері екен. Олар өздерінің қайсысын хан сайлауға білмей, біреуі: «Мен!»— деп, екіншісі: «Мен!»—деп, соған өзара таласып жатыр екен. Қарасай келіп көріп: «Мыналарың дұрыс емес. «Жау көрмей, жаман бүлінеді», деген нақыл сөз бар, жау бізге әлі алыс болу керек. Біздің атамыз—Орақ пен Мамайдың менің жас күнімде айтқан әңгімесіне қарағанда, мына жерлердің белгі-белгісі соған келеді»,—деп айтқан екен:
Құлақ салсаң, ерлерім,
Атамнан қалған есімде,
Көріп тұрмыз бүгін бесінде.
«Бұл бағытқа жүргенде,
Кездесер,—деп еді,—Бұлдыртау.
Ар жағында бар,—дейтін еді,—бір Құрғыртау!»
Көрінген сонау екі жол
Екі аттыға тар болар,
Қиыншылығы да үлкен бар болар.
Әскері екі бөлініп,
Бірін-бірі көргенше
Бір жетіге шейін зар болар.
Құрғырдың тауынан өткенде,
Қиғаш тауға жеткенде,
Біз іздеген дұшпаннан
Бейне белгі, сірә, бар болар.
Тәуекел етіп жүрелік,
Ғайып ерен, Қырық шілтен,
Алланың өзі жар болар.