Қарасай, Қази (11-бөлім)
Қарасай-Қази · Қашаған Күржіманұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Сонда соқыр кемпір абысынына мынадай сөзді айтқан екен:
—Жылама, байғұс, жылама,
Жылағаннан пайда жоқ,
Көзіңнің жасын босқа бұлама.
Қаза мен бейнет әуелден
Әр пендеге сыбаға.
Жалына бер, шырағым,
Жаратқан Жаббар Құдайға.
Тұлпарың кетті желіңнен,
Айбарың кетті еліңнен,
Қуатың кетті беліңнен.
Кімнің көзі жетіпті,
Көрген түсім шын болса,
Әділің аман еді-ау өлімнен.
Сен Әділден кетпе түңіліп,
Екі көзің көр болар,
«Жолына қараймын», деп үңіліп.
Қауыл қарап кеткенде,
Жолға талап еткенде,
«Енді өлмей, не еткен?!»—деп,
Мына кілең боқ жаман
Келіп тұр ғой одан түңіліп.
Жолда жатқан асқар тау,
Жоғалды белден қылыш бау,
Жаулаған талай қалмақ жау,
Тоғыз жыл жатып зынданда,
Орақ пенен Ер Мамай—
Олар да келген бір күн аман-сау.
«Қалды,—деп,—балаң»,—налыма.
Көзі ұйқыда жатқанда,
Үңіліп едім жолына,
Ұшып барып, тап болды
Қамалдың құрған торына.
Алыстан тұрып, шақырдым,
Кешігіп қонды қолыма.
Әділ аман өлімнен,
Тағы да бір зат, сор маңдай,
Тап болмаса сенің сорыңа.
Төрт түлік қалды жиған мал,
Бұл сөзге айтқан құлақ сал.
Болмаса да Әділдей,
Бас-көз болар малыңа,
Қарасай мен Қазидың
Екеуінің, қалап, бірін ал.
Бұл айтқан сөзді естіп, Әділдің шешесі: «Олай болса, баламның досы еді, Қарасайды алам-дағы»,—деп, Қарасайды алып, отыра береді. Бұған да бір жыл толады. Атақты батырлар жау жаулап тарап кетеді. Бұл күндердің ішінде Әділден ешқандай хабар болмады. Бір күні Әділдің қарындасы Ілия түс көріп, түсінен қуанып оянып, ұйықтап жатқан шешесін оятып, мына сөзді айтады. Бұл кезде шешесі де түс көріп жатыр екен:
—Түрегел, ана, түрегел!
Жаңа менің жан көкем
Қасыма менің келіп жүр,
Қолынан тағам беріп жүр,
Көтеріп, алдына алып жүр,
Мойныма қолын салып жүр.
«Қарасайдай досым жоқ,
Көңілімде хошым жоқ»,—
Деп, өртеніп, жанып-күйіп жүр.
«Торға түсіп қалдым»,—деп,
Өзінен-өзі налып тұр.
Кемпірдің сөзі:
—Ұйықтап едім мен жатып,
Келіп жүр еді қарағым
Қасыма менің, сөз қатып.
Және жүр еді қарағым
Емшегімнен дәм татып,
Қойныма келіп бір жатып.
Сөйтіп жүріп, айтып еді:
«Жатырмын қалмақ жерінде,
Жеті қабат темір үй,
Темір үйдің төрінде,
Шынжыр арқандармен байлаулы,
Арқандар менің белімде.
Қарасайдай досым жоқ,
Көңілімде хошым жоқ,
Кәдірсіз дос мен бе едім?!
Мал ішінен жоғалған
Бір жандықтай көрмеді.
Мен қиында жатқанда
Мойнын тартар ер ме еді?
Ілия мен қарт анам
Жылатқаны оның жөн бе еді?!»
Түсті көріп, Әділдің тірі екенін біледі. «Батырларды тағы аттандырып көрейік»,—деп, елге сауал салады. Елдегі атақты батырлар тарап кеткен, елде тек Қарасай, Қази қалады. Атағы шамалы батырлар бұрын жүректері шайылып қалған, баруға батпайды. Сонда Қарасай, Қази тәуекел етіп, жолға аттанады. Қази Әділдің Ақтабан тұлпарын мінеді. Бұрынғы көрген жолы бойынша барып, қалаға тимей, сахарада жүріп, қалмақтың еліне күн көрсетпейді. Содан ел запы болып, Күзбанға хабар береді. Күзбан бұлардың «Екі бала»,—дегеніне сенбей: «Бұлар тек екеу болмас, бұлардың артында қолы бар болар. Мыналар соның шолғыншылары болар,—деп,—ұстап алып, қызыққа батайық»,—деп, барлық есікті ашып, әскерді сырнай, кернеймен, иттерімен шығарады. Күзбанның өзі тамашалауға еріп шығады. Сонда қалмақтың Әшке деген батыры: «Балдарды өзім ұстап аламын»,—деп, бірінші кезекке шығады. Сонда Әшке батырдың өзінің сөзіне қарағанда, түр-сипаты мынадай екен: