Қарасай, Қази (9-бөлім)
Қарасай-Қази · Қашаған Күржіманұлы нұсқасы · 2 мин оқу
—Батыр Тама, ер аға,
Ойпырмау, қалай сөйлейсің?!
Мен де көрдім қалмақтың қаласын,
Жұрттың көрдім қаласын.
Аруағыңды қарасам,
Қаптаған қара борасын.
Сенен де батыр болар ма,
Жұрттың жүрегін жарасың,
Жұртқа уайым саласың.
Қазулы жатқан орлары
Ат зарпынан жол болар.
Беріктік соққан тас қала
Ерлерімнің зарпынан,
Ақырса, кесек, күл болар.
Қалмақтың қызы күң болар,
Солқылдаған мырзасы
Табанға түсіп, құл болар.
Ат жарағы, аламан
Біздерге қара, пұл болар.
Жұрттың зейінін құлатпа,
Жұртты босқа жылатпа,
Қаларсың, қайтсаң, ұятқа.
Қалаға қарсы біз барып,
Өлгендерін өлтіріп,
Қалғандарын бір қосып,
Кәлимаға тілін келтірсек,
Жетпейміз бе мұратқа?!
Сіз айтқан сөз де ып-рас:
Қаласының басында
Жаюлы тұрған торы бар,
Айнала қазған оры бар.
Айтпай кеттің сен жаңа,
Айдын шалқар соры бар.
Қалаға қарсы барғанда,
Қатындар қалар, ер барар.
Соған барған аламан
Қарық олжаға мол болар.
Батыр екеуі екі түрлі хабар айтқаннан кейін жұрт: «Қалаға апаратын жол болса, қаланы қалай да аламыз»,—дейді. Батырлар Тама мен Тарғынның бастауымен, қолдарына шамшырақтарын алып, Орақтың жолымен қала жаққа шығады. Батырлар байқап қараса, Тама батырдың айтқанының бәрі рас болды. Бұл уақыттарда қалмақтар жауды көріп, соғыс дабылын қағып, дайын тұрған мергендер ата бастайды. Қамалға кіруге ешқандай мүмкіншілік болмайды. Сондықтан атақты батырлар аттарын жеңілдеп, қалаға штурм жасайды. Сонда қаланың ішіне бару үшін тұлпарларын әуелі сорға, сосын орға, сосын торға, сосын қалаға секірту арқылы жететін болады. Сөйтіп, қалаға бір кіріп, бір шығып жүргенде, ту алып жүрген Әділ жоқ болып шығады. Және әскер көп қырғынға ұшырайды. Сонда Қарасай қалаға тоғыз кіріп, Әділден еш дерек таба алмай (екеуі өмірлік бірін-бірі жауға тастамасқа серт етіп, дос болған екен), жауға ұстатпай жүрген Әділдің Ақтабан тұлпарын алып шығады. Бұл сапарда батырлар қаланы ала алмайды. Бірақ батырлардың елге тигізген пайдасы: егер бірекі күн кешіккенде, Күзбан хан жорыққа жүріп кетеді екен. Батырлар жорыққа дайындағандарының үстінен шығады. Сонда Күзбан: «Біз Ноғайлы елін нашар ел ғой» деп жүрсек, олардың да мынадай батырлары бар екен»,—деп, батырлардан қорқып, енді шабуға шықпай қалады. «Бұл батырлар тағы да қайтып келер»,—деп, дайындығын күшейте береді. Қарасай қалған әскерімен елге қайтады. Қарасайдың еш затпен ісі болмай, өзінен-өзі қамығып, Әділдің Ақтабанын жетегіне алып, әскердің ел шетін ала отырып жүре береді. Әскерлер бірнеше күннен кейін елге жақындайды, бірақ мұны Қарасай байқамайды.
Елде Әділдің шешесі төбеге шығып күнде баласын қарайды екен. Бір күні қарап тұрса, төбеден құлап келе жатқан көп әскерді, әскердің ел жақ бетінде Әділдің Ақтабанын жетелеп келе жатқан Қарасайды көріп, әскердің санының бұрынғыдан азайып қалғанын біліп, баласына бір сойқанның болғанын біледі. Сонда кемпір: «Көрініп барып сұрасам, айтпас. Не де болса, тосын сұрап, састырып, айттырайын»,—деп әскердің жолына жасырынып, Қарасай тұсына келе берген мезгілде атының тізгінін ұстап, баласын сұрағаны екен: