Қамбар батыр (1-бөлім)
Бармақ Мұқанбайұлы · 177 жол
Бұрынғы өткен заманда,
Ескілікті адамда
Әзімбай атты бай болды
Нашарлар келген саламға
Бұл секілді адамды
Нашарлар іздеп табар ма?!
Жатар екен осы бай
Ақ теңіз деген аралда.
Жан-жағына хат жазып
Жіберді кісі шабарға.
Үш жүзді тегіс шақырды
Ақылдаспақ адамға.
Алты ұғлы бар арландай,
Жалғыз қызы ардақты
Жақсы порым бағар ма?!
«Таңдауыңа бердім, – деп,
Жалғыз қыз осы балама.
Малым көп, бәрің билесең,
Малымды айдап көріме
Өліп кетсем сала ма.
Ерік бердім қызыма,
Үлкен-кіші, жанаға.
Не дейсің мына сөзімді,
Кеп отырмын араңа».
Әзімбай жаяуға ат, жалаңашқа киім болатын жомарт
адам еді. Жалғыз қызын мал үшін қызығып тең емес ада
мына беруге қарсы еді. Әзімбай бай «қызым кімді сүйсе,
соған барсын, мал алмаймын» деуші еді.
Әзімбай деген бай болған,
Төрт түлігі сай болған,
Жегендері жал-жая,
Ішкендері шай болған.
Қызығын көріп дәулеттің,
Жалғанда көңілі жай болған.
Бұл секілді жоқ па үлкен бай
Ниеті түзу бар болған.
Жақсы етіп үйді салдырып,
Үйінде жақсы шам болған.
Дастарханын көргендер
Ішіп-жеп, тойып таң болған.
Алты ұлы бар еді,
Алтауы бірдей бөрі еді,
Күрсілдеген неме еді,
Нашардың ақын жеп еді.
Ең кенжесі Алшыораз
Тәуірсымақ деп еді.
Бес ағасы бес тентек,
Әрбірінде бір келтек.
Бірінің аты – Арыстанбек,
Құдай ұрған ду тентек.
Бірінің аты – Қараман,
Бойын өрге балаған.
Тентектігі болғаннан
Жуымайды әр адам.
Мінезі жаман неме еді,
Өсек айтқан жаламен.
Бірінің аты – Оймауыт,
Нар түйедей бойлауық.
Арамға жақын неме еді,
Жаман жұмыс ойлауық.
Бірінің аты – Есқара,
Бұ да тентек масқара.
Батырсынып өзінше
Сөйлейді екен қасара.
Кішісі – тентек Ақтабан,
Ешбір адам жақпаған.
Күң-күң етіп әркімді,
Көрінгенді боқтаған.
Бұ да бір мылжың оттаған,
Дәулеті бар деп сыйлайды,
Бұл секілді жоқ па адам?!
Ең кенжесі – Алшыораз,
Секілденген шын қораз.
Жаман менен жақсының
Арасын жігіт білетін,
Қатарымен жүретін.
Таланты бар неме еді,
Жайдарысынып күлетін,
Құлаққа сөзді ілетін.
Жігіттіктің дәуірін
Өткізбейтін мүнетін,
Тәуірлеп киім киетін,
Жаратып жылқы мінетін,
Сұлу іздеп сүйетін.
Адамшылық ойлаған,
Халыққа бөлген ниетін,
Көпшіл жігіт мырза еді.
Алты ұлының ішінде
Назым деген жалғыз қыз,
Нұр секілді пішіні,
Адам тоймас түсіне.
Өз табында, қатарда
Елден озған сұлу еді,
Пар келмеген өзіне
Пішін менен ісіне.
Назым сұлу ер жетті,
Күйеуге бермей күні өтті.
Әкесі оның Әзімбай
Тоты құстай түлетті.
Жорғадан басқа мінбеді,
Торқадан басқа кимеді.
Табаны жерге тимеді,
Маңдайы күнге күймеді.
Білімі қыздың бар еді,
Сабақ оқып білгені.
Секілденген қырғауыл
Сілеусінде жүргені.
Ат кекілін термекке,
Адамдарын көрмекке,
Елдің бәрі қимылдап,
Табылды бір іс өрмекке.
Аққудай мойны құрықтай
Назым сұлу ер жетті.
Елдің бәрін шақырып
Порымдарын жөндетті.
Ешкім қалмай келсін деп,
Әзімбай кәрия сөйлепті.
Әзімбайда сөз мынау:
– Ноғайда сәлде бек, – деді,
Назым, тұр мұнда кеп, – деді,
Назым қыздың алдынан
Бәрің тегіс өт, – деді.
Қызым сүйсе біріңді,
Мал алмай берем тек, – деді.
Елдің бәрі таласты
Алдынан шулап өткелі.
Не мырзалар қылтылдап,
Маңызданып бектері.
Тәртіп қылды бір адам,
Сарамжалды ептеді.
Белі кеткен бүкшиіп,
Көзі кеткен түкшиіп.
Таяғы бар қолында
Қарттар келді түксиіп.
Таяқтарын таянып,
Сақалы аққа боялып,
Қалмаймыз деп аянып,
Көкірегі кірілдеп,
Көзінің алды іріңдеп,
Буындары дірілдеп,
«Көтере гөр, пірім», – деп,
Қақыранып қояды
Қызға қарап күлімдеп.
«Атаңыздың жолы осы,
Осы қыз болды мұңым», – деп,
«Өтірік емес, шыным», – деп.
«Айналайын,Құдай-ай,
Көтере гөр», – деп күбірлеп.
Қарамады бұларға,
Сүйгенімен қосылмай
Назымның көңлі тынар ма?!
Жиылды молда, қожалар,
Сүйегі асыл тазалар.
Сәлделерін қиғаштап,
Назымға қарай бой тастап,
Жан-жағын қарап байқастап,
Аяңдайды жай тастап,
Көрініп жүр ойқастап,
Ақ шапаны көлкілдеп,
Сақал-мұрты желпілдеп,
Тәсбиғы бар қолында,
Әулие болып селкілдеп,
Жеңіл сініп елпілдеп,
Бұлар да жүрді еркіндеп.
«Секілді екен нұр қызы,
Тілегімді берсін», – деп,
«Тисең маған, теңсің», – деп,
«Секілді жұпар исің», – деп.
«Ішің мені білсін», – деп.
«Баяғы қожаң мен едім,
Танымай қойма кімсің?!» – деп.
«Сенің аман жүргенің,
Назымжан, менің ырысым», – деп.
«Қылқиған жаман қожа», – деп,
«Керегі жоқ, құрысын», – деп,
Елдің бәрі айтып тұр:
«Назымға да бір сын», – деп.