Қамбар батыр (5-бөлім)
Бармақ Мұқанбайұлы · 181 жол
Алшыораз он қалмақты өлтіріп, Келмембеттің құлақ-
мұрнын кесіп, «бар, елдің ханына сәлем, Назымнан
дәметпесін, кет» деп Келмембетті қайтарды.
Ер Келмембет қайтады,
Беті-басын уалап,
Маса, шыбын келеді
Соңынан қалмай қуалап,
Амалы жоқ бейшара
Көзінің жасы домалап.
Арада неше қоныпты,
Өзінен-өзі торықты,
Сөйлеймін деп сандалып
Шерменде мұндай болыпты.
Құлақ пенен мұрны жоқ
Мақтымға келіп жолықты.
Мақтым хан көріп шошып, жолдастарың қайда
деп Келмембетке қарай сөйлегені:
– Келдің бе, Келмембетім, бөрі болып,
Басында жүруші едің сері болып,
Құлақ пенен мұрын жоқ жолдасыңмен,
Тіріден әрі, өлімнен бері болып.
Өздеріңнен болды ма осы жұмыс,
Болмаса жабылды ма елі болып?
Келмембет пұшықтың берген жауабы:
– Менде бір бұл жалғанға үлгі болдым,
Кей жерде бөрі, жортатын түлкі болдым.
Бөрің де құрсын, түлкің де құрсын,
Айрылып құлақ-мұрнымнан күлкі болдым.
Құлақ пенен қарашы мұрынымды,
Кіржиген анық сорлы кірпі болдым.
Сөзімді айтқаннан-ақ жақтырмады,
Қарсы алып айтқаныма тақ тұрмады.
Әзімбайдың құрысын балалары
Мылтықпен он жігітті атқылады.
Өзім жалғыз бұл жаққа қайтарғаны,
Жігітім қаза тауып жатты бәрі.
Мақтым хан Әзімбайдың бұл ісіне қатты ашуланып;
«Жиырма жігіт қасыңа қоса тағы бар, ер кезегі үшке
шейін деген, егерде енді қош алмай тағы да өлтірсе, онда
елін барып шауып алам, аттан, Келмембет», – деді.
Жиырма жігіт жөнелді жолдас алып,
Келмембет қапаланған көңілі жарық.
Келмембет Әзімбайға Мақтым ханның хабарын
айтқаны:
– Амалым жоқ, кеп тұрмын бұйрықпенен,
Байлаулы қызметте мен бір ғаріп.
Азар болса қоярсың мені өлтіріп,
Қалмақ келіп шаппасын мазаңды алып.
Қызыңды беремісің, бермеймісің?
Айт деген ханның сөзі хабар салып.
Ноғайлы елінің жақсылары кеңесіп, «бір қыз үшін елі-
жұртымыз қырыламыз ба, Мақтым ханға Назымды бе
рейік» деп тоқтам етіп, «құда боламыз, ханың келсін»,–
деп Келмембетті разы қылып кейін қайтарады.
Келмембет пұшық қайтады,
Ноғайлының сәлемін
Мақтым ханға айтады.
Келіп қалған жүйеге
Сөз мәнісін байқады.
Басында қазақ тасса да
Басылған екен сайтаны,
Екі жүз жігіт жиып ап
Керней-сырнай тартады.
Күйеу болып барам деп
Құмары жаңа тарқады.
Дүрсілдейді жүрегі
Көрсем деп Назым қалқаны.
Бармаққа енді жиналып,
Мақтым хан мінді арбаға,
Парды жегіп жорғаға.
Екі жүз жігіт қасында,
Бұлар келіп түседі
Ақарал деген ордаға.
Шақырды тегіс жақсысын,
– Жаманшылық ойлама,
Жұмысым бар артымда
Тезірек алып қайтамын,
Некесін қисын Назымның, –
Деп айтады Мақтым хан, –
Жібер кісі молдаға.
Аттарын жайып далаға,
Тиісе жатты қалаға.
– Келтірсін, – деп, – Назымды,
Жеңгесіне хабар ет,
Күйеудің көңлін таба ма,
Барып кел, – деп бұйырды
Бір жасауыл балаға.
Мұны естіп қыз Назым
Көңілі қалды налада.
Қамбарға жаман өкпелеп
Қамығып келіп жылайды:
– Хабарсыз Қамбар қала ма?!
Жеңеше, тезірек айт хабар,
Жіберсін кісі Қамбарға,
Айтқын барып ағама.
Несібеме жазбаған,
Қалмақ Мақтым шынымен
Мені енді ала ма,
Колтығына сала ма,
Елі-жұртым қайда жүр,
Обалыма қала ма?!
Ақылдасып бұл жерге
Үлкен-кіші жиналды,
Қыздың зары тыңдалды.
Қайтеміз деп бұл істі
Кеңінен шешіп ойланды.
– Бүгін мұны қалдырсақ,
Қамбар мұны есітсе,
Салар бізге думанды.
Мақтымнан да жаман іс қылар,
Салар елге ойранды.
Қазақта Қамбар ер еді,
Жауға лайық бөрі еді,
Қамбардың ата-бабасы
Бекқожа батыр дер еді.
Мақұл көрді көпшілік
Шікіліктеп жылқыдан
Қамбарға тарту берелік,
Халықтың батыр көмегі,
Нашарға тиген себебі,
Өкпесі бар басында
Ел екен бізді демеді.
Жығылмаққа алдынан,
Мың жылқыны алға айдап,
Отыз кісі жақсыдан
Қамбарға қарай жөнелді.
Мұны есітіп қыз Назым
Қайғы тарап бойынан
Күлімсіреп келеді.
Үйде жатып Мақтым хан
Екінші хабар салады,
Жеңгелерін шақыртып
Күйеудің қылған хабары.
Не қыларын біле алмай
Тарылып отыр танабы.
Назымды көру мақсатым
Қазіргі жігіт талабы.
Қасында бар мұның да
Ақылдасар адамы.
Қыз Назымды көргенше
Іші оттай жанады.
Қызды барып әпкел деп,
Жеңгесіне ақшиып
Зәресін жаман алады.
Қыз келгенше қасына
Ашылмай отыр қабағы.
Ғашықтық өртеп жүрегін
Батпайды ішкен тамағы.
Қолына тисе осы қыз
Не қылмақ еді арамы /күлкі/.
Қыз бикешке жүгіріп
Жеңгесі келді асығып,
Бетінен қанын қашырып:
– Айналайын, қыз бикеш,
Айтамын саған жасырып,
«Бикешіңді әпкел» деп
Зәремді алып Мақтым хан
Мазамды алды асығып.
Аюдай қара күржиген,
Таңқы мұрын, бұжыр бет,
Көргенде көңілім суыды,
Жүрегім қалды басылып.
Садаға кетсін Қамбардан,
Болса да айтам асылық.
Арбаңдаған неме екен,
Қисық көзі ақиып.
Айналайын, қыз бикеш,
Әзіріне көнейік,
Қамбар да келер тезірек,
Болып қалар жақсылық.
Жеңгесіне айтады:
– Дұрыс екен жауабың,
Түк көрмеген боламын,
Күймелі арба жегіңдер,
Соған мініп барамын,
Қайтқан жоқ еді талабым.
Жеңгесіне ер деді,
Есебін өзім табармын.
Қамбар келіп болғанша,
Ақылыммен айлалап
Қалмақты алдап қарармын.