Қамбар батыр (3-бөлім)
Бармақ Мұқанбайұлы · 176 жол
Бұны естіп ер Қамбар
Қалғанына ыза боп,
Бір шатақты салмаққа
Ойланып батыр қамданды.
Қамданбақ түгіл арланды,
Жолдастарын жиып ап,
Бұлар айтты арманды.
Бес жүз үйге жетеді
Төңірегі ауданды,
Ескермеді адам деп
Қамбар батыр балуанды.
Бұл ісіне Әзімбайдың
Естіп Қамбар шамданды,
Жүгірмек болып өлген жөн
Мұнан құры қалғанды.
Мылтығын салып мойнына,
Қылышын байлап беліне,
Барайын деп еліне,
Тұйғын салмақ көліне,
Жүріп кетті Қамбар ер
Көрінбек болып Назымдай
Қатар өскен теңіне.
Келерсің деп жөніңе,
Көрсетермін көзіңе,
Нан пісіп тұрған деміңе.
Бір жігіт ерді қасына,
Атын ұстап еріне,
Әзімбайдың ауылының
Қасынан жүрді көріне,
Қаттырақ басып қарамай
Қиналған аттың теріне.
Жолықпады бір кісі
Еңгізбек еді көріне.
Мінгені жүйрік өкімді,
Сұлу Назым сүйкімді,
Алтын құмған қолында,
Қамбардың келер жолында
Дәретке шыққан секілді.
Жеңгесі жоқ қасында
Сөйлесе алмай өкінді.
Ғашық болып Қамбарға
Мазасын жаман кетірді.
Тұра тұр деп батырға
Жөнін айтып өтінді.
Қоғадай болған шашы бар,
Алтын түйме басы бар,
Ақ маңдайы жалтылдап,
Әйнектей көзі жалтылдап,
Қиғаш біткен қасы бар.
Назым сұлудың Қамбардың жолын тосып, Қамбар
келіп қалғанда айтқаны:
– Қарақасқа атты Қамбар-ай,
Қара атыңда жал бар-ай,
Біздің үйге түсе кет,
Көбікті саумал іше кет,
Қайнап тұрған шай бар-ай.
Батыр, саған сақтаған
Жарылмаған май бар-ай.
Қамбар батыр, келе кет,
Келіп мені көре кет,
Ақ төсімнің үстінде
Бір кісілік жай бар-ай.
Замандас Қамбар батырсың,
Қай жаққа бара жатырсың?
Көңлім қошы шатымсың.
Қарамай Қамбар жөнеді,
Назым үйге келеді,
Өкпелеп қалған тойына
Намысы бар ер еді,
Кедейлігі болмаса
Несі кімнен кем еді?
Назым қылды өкпені:
– Қамбар маған не үшін
Бір қайрылып кетпеді?
Мен ойласам Қамбарды
Ішсем тамақ өтпеді,
Бақайыңнан келмейді
Ноғайлының бектері.
Қаршығасы сен құстың,
Мен – бөдене кептері.
Көшкенде көшті билейді
Қомы сиған түйелі,
Көк орайға қонады
Саумал ішкен биелі.
Жібектен қылған киімді
Тапқан кісі киеді,
Менсінбей Қамбар кеткенге
Ішім оттай күйеді.
Қол ұстасып жолдас боп
Қандай адам жүреді?
Ақылы бар адамдар
Айтпай сырды біледі.
Сөйлесе алмай арманда,
Бір оңаша күн еді.
Не болды менің өзіме,
Күндей болған дүзіме,
Қанша зарлап айтсам да,
Елікпей кетті сөзіме.
Қисыны кетсе қашады,
Келсе жұмыс кезіне.
Айнамды алып қарайын,
Айнаға көзім салайын,
Кешке қайту жолында
Бір жолығып қалайын.
Батырдың көрдім талайын,
Әруағыңды бағайын,
Өзіңдей берен болмаса,
Назымды кімге шағайын.
Алты құлаш ақ өрмек
Ақ өткелге құрады,
Сол жерде Назым тұрады,
Ғашық боп көңлін бұрады.
Бір сөйлесіп қалсам деп
Қыз Назымның мұрады.
Он сегізде жасы бар,
Пісіп тұрған уағы.
Судың қуат ағындай,
Өзен-судың құрағы.
Қамбар мергендіктен қайтып, төрт құланды екі жағына
бөктеріп, бір түлкіні қамшы етіп қолына ұстап, жолда
өрмектің үстіне жетіп келеді. Құрулы тұрған өрмекті ат
тан түсіп жіберіп қылышпен кесіп өтіп жүре береді.
Аттан түсіп батыр кеп,
Өрмекті бөліп турады,
Мойнын қызға бұрмады.
Қанша зарлап тұрса да,
Ешбір назар қылмады.
Мың күн тұрған шөлмектің
Бір-ақ күн болар сынбағы.
Әр сөз айтса бақпады,
Назымның жаны тынбады.
Айбынды туған ер Қамбар
Сыртынан мас боп Назым қыз
Ішкендей арақ улады,
Арыстандай сүйегі
Түбірлердің буданы.
Көрді Назым батырды,
Өткіздім деп ғапылды.
Аң-таң болып Қамбарға,
Тағы да Назым шақырды.
– Мен сияқты, батыр-ау,
Табасың қайдан жақынды.
Бес жүз үйдің қамқоры,
Естуші едім атыңды,
Бекқожаның баласы,
Білуші ем арғы затыңды.
Жиырма беске келгенше
Алмапсың, мырза, қатынды.
Қара қасқа атты Қамбар-ай,
Қара атыңда жал бар-ай,
Қамбар десем қайтпайсың,
Бейәдеп өскен заңғар-ай.
Айтпасам да білмейсің,
Ашпағанды көрмейсің,
Некелі жұпты адал деп
Жол қылған жақсы жандар-ай.
Келмесең, батыр, қайтейін,
Мен сырымды айтайын,
Тағы біреу табылар,
Кедейде қалың сор бар-ай.
Сонда Қамбар батырдың Назымның сөзіне қарай,
атының басын бұрып тұрып айтқаны:
– Сен бір жүрген жек, – деді,
Ноғайлы бәрі бек, – деді,
Саған қалың беруге
Менің малым жоқ, – деді.
Сандалған сіздей мас пенен
Сөйлеспеймін көп, – деді.
Кедейліктің зарпынан
Тойыңа тобыр кеп пе еді?
Әзімбайдың үйінен
Ешбірі тамақ жеп пе еді?
Кедей деп бізді шақырмай,
Кедей заңғар депті енді.
Шақырмасаң тойыңа
Кедейден көрер тепкенді,