Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әсет пен Кемпірбай

Әсет Найманбайұлы · 1867–1923 · 103 жол

– Ассалаумағалейкум, нар Кемпірбай!
Науқасқа шипа берсін патша құдай,
Сырқат деп Сарыарқадан естіп келдім,
Жақсы ма, қандай боп тұр хал, Кемпірбай?
Аспанда айнала ұшқан сұңқар едің,
Кез болдың жайған торға бүгін мұндай.
Науқасың меңдеу тартты дегеннен соң,
Жыладым бәйіт айтып үш күн ұдай.
Даусымды танимысың, атым Әсет,
Мен келдім әдейі іздеп көңілің сұрай.
Апырай, жауап қатпай кеткенің бе,
Алашқа атың шыққан қыраным-ай!
Сәлем ал, басың көтер, кешуіңді айт,
Адамның бірі емессің әншейін жай.

Жеті күн жолаушылап келіп тұрмын,
Шырайлы көркем жүзің көріп тұрмын.
Бір көтер тым болмаса басыңызды,
Інілік сәлемімді беріп тұрмын!

Қосылып жүруші едік жасымызда,
Хал сұрап Әсет кеп тұр қасыңызға.
Бір ауыз тым болмаса сөзіңменен,
Көтерші бері таман басыңызды!
Сен кетсең, өзіңдей боп ұл туар ма-ай!
Қою сөз қояр ма екен бұлқына алмай?
Сырқат деп Сарыарқадан естігенде,
Үйімде үш күн жаттым тыншыға алмай.

Сонда Кемпірбайдың айтқаны:

Көңілді Әсет келді-ау көтергелі,
Қысады кеуде шіркін жөтелгелі.
Артыма бір-екі ауыз сөз тастайын,
Басымды жастықпенен көтер бері!
Өлсем де «Көк кептерге» бір басайын,
Қу тақтай қос ішекті әпер бері!
Аузыма өлерімде сөз салмасаң,
Қонғаның өлең шіркін, бекер ме еді? –
деп, төсектен басын көтереді. Одан ары өлеңін былай
жалғастырады:

Ал енді, шіркін көмей былпылдасын,
Сөзімді мен өлген соң кім тыңдасын?
Ішінде Арғын, Найман салдым айғай,
Қалайша шіркін көмей жыртылмасын?
Тірліктің тиянағын көру үшін,
Кім мендей боламын деп ұмтылмасын?
Суырған қынабынан наркескендей,
Қызыл тіл әр-әр жерде қылпылдасын.

Көңілді Әсет сұрай келгенінде,
Шаба алмай кәрі тарлан сылпылдасын.
Тыңдайтын келешегім – балалар бар,
Әйтеуір, артқы жағым құр тұрмасын.
Мойынға ғазірейіл салса құрық,
Білемін енді өзімдей ұл тумасын.

Боз шапса, боз озбай ма буырылдан?
Мен шапсам, жер танабы қуырылған.
Жай тастап құлашымды, жылдам алып,

Жабының күнде озушы ем тұғырынан.
Адаммен алтын жүзді душар болмақ,
Өзіңнің бойға біткен пиғылыңнан.
Сұрасаң хал-жайымды, Әсет жаным,
Жатырмын ұшайын деп тұғырымнан.
Тереңдеп сырдың суы қаптаса да,
Сонда да келмеуші еді жұлығымнан.
Әй, Әсет, осы аурудан өлем білем,
Науқасым меңдеу тартты бұрынғыдан.
Ұшсаң да қанат байлап аспанменен,
Ажалдың кім құтылар құрығынан?
Ер Дәуіт жеті жаста иектеген,
Қыдырдың суын ішіп құдығынан.
Келсе де тоқсан ақын торай бермей,
Мен дағы озып жүрдім Бұғылымнан.

Әсетжан, осы аурудан өлем білем,
Алланың аманатын берем білем.
Кеудемнен көк ала үйрек «хош»деп ұшты,
Сол, шіркін, кәрі жолдас өлең білем.

Кеудемде біраз тұрды қимай тоқтап,
Кете алмай бөтен жаққа айналсоқтап
«Серігім хош, аман бол, Кемпірбай!» – деп,
Жылады-ау, бұрынғы өткен күнді жоқтап.

Әсетжан, осы ауру қоймас білем,
Алланың өмірі екі болмас білем.
Қайғымен қапаланып ұшып кетті
Осы өлең Серкебайға қонбас білем.

Ә, құдай, иманымды сал аузыма!
Кәллимат кәмал, өзің кел аузыма!
Елімді қайтып келіп қайта көрмес
Жатырмын барайын деп көр аузына.

Құдайым бірнеше жыл берген өмір,
Бұл елдің бір шал өлсе несі кемір?
Қуанбас кемпір байғұс жалғыз жатып,
Баламның келін менен жері кеңір.

Келдің бе, ажал, шіркін, алайын деп,
Құрықты ала баулы салайын деп.
Тұра тұр асықпай-ақ, ажал шіркін,
Жатырмын өзім дағы барайын деп.

Беу өмір, еске түсіп жасымдағы,
Хал сұрап Әсетпісің қасымдағы?
Қарауытып қара көр келді білем,
Аласарт жастығымды басымдағы!

Сәлем де Арқадағы хан, қараға,
Қара Ертіс, Қарқаралы жандаралға.
Атығай, Қарауыл мен өрдегі Үйсін,
Қараөткел таныс едім екі араға.
Семейде топырағым қалар білем,
Дұға қыл Кемпірбайдай бейшараға!

Әсет Найманбайұлы өлеңдері

Барлық 60 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері