Әсет пен Ырысжан айтысы (4-бөлім)
Әсет Найманбайұлы · 1867–1923 · 176 жол
Таппағанға жұмбағың қиын екен,
Күлкі жоқта қылатын ойын екен.
Жүзден аса күйкентай – онбасылар,
Қағып жеген тышқаны – тиын екен.
Хан – қара, би, болысты жұмбақ қылдың,
Жауабың сенің дағы сыйымды екен.
Ойда жоқ оңай сөзбен жеңем деген,
Ақын қыз шамасынша зейінді екен.
«Сөзімді сұрап әлі сөкпе, – дейді,
Әліңнен артық сөйлеп кетпе, – дейді.
Әлгі айтқан жұмбағымды азырқансаң,
Мен санын жеткізейін көпке», – дейді.
Ырысжан:
Қос әйнек шыны да емес, темір де емес,
Жан адам түзете алмас болса көмес.
Ашылып, жабылады пружинасыз,
Ол өзі – қымбат нәрсе, тегін де емес.
Ол үйдің екі тесік бір пешінде,
Кірпіші жоқ қалаған іргесінде.
Сырттан воздух тартады магнитпен,
Қаланған кірпіші жоқ іргесінде.
Өзіндей жөнді ақыннан сұрамап ем,
Әсаға, мұның жайын білесің бе?
Ол үйде машина бар неше бөлек,
Қозғалар градуспен әр дөңгелек.
Талай жан таң қаларлық сол машина,
Бір кезде сап-сасық боп қалады өліп.
Сол үйде майсыз лаулап жанады шам,
Әр түрлі машина бар қаларлық таң.
Шам сөнсе, барша тетік бұзылады,
Жаға алмас қайта өзіндей ешбір адам.
Түгендеп осы сөзді шеше алмасаң,
Түймемнен үш айналып кет садағам!
Әсет:
Түп-түзу оқтан өткір айтқан сөзін,
Осы көп сөз шешуі жалғыз өзің.
Қос әйнек шыны да емес, темір де емес,
Ашылған қан тамырдан екі көзің.
Әйел зат төмен етек руыңыз,
Мағлұм сөз табылса тұруыңыз.
Кірпіші жоқ қаланған екі тесік,
Ол – тыныс, дем тартатын мұрыныңыз.
Бұл сөзді сынамаққа сұрадыңыз,
Шешейін хасыл болса мұрадыңыз.
Сырттағы тамам сөзді еститұғын,
Екі үңгір түрмедегі құлағыңыз.
Адамның көре алмайсың ішін ашып,
Тәні перде болып тұр сыртын басып.
Машина – әртүрлі ішек, өкпе жүрек,
Көңілсіз көрер едің қарның сасық.
Пружинамен жаратқан пенде тәнін,
Себеп қып тіршіліктің татар дәмін,
Майсыз лаулап жамған шам кеудеңдегі-
Қан қуатпен қозғалған жалғыз жаның,
Жан кетсе, барша тетік бұзылады,
Әмірін басқа жаға алмас бір Алланың.
Бұл бір оңай жұмбақ қой көңілдегі,
Дұрыс па қыздан Әсет жеңілмегі?
Арғын, Найман алты арыс Уақ, Керей,
Сап жүйрікпін Сарыарқа өңірдегі.
Адамның бар денесін жұмбақ қылып,
Қалды ғой енді әкеңнің кеңірдегі.
Ырысжан:
Әсаға, сыртыңыздан көп естуші ем,
Халық жалған айтпаса неге естуші ем?
Бұтып-шатқан ақынның бірі ме деп,
Күнәңді бөле-жара жеп естуші ем.
Жұмбағымның айтайын үшіншісін,
Сөзіңді түгелдеп бер жетсе күшің.
Төрт сөз түгел болғанда түймем сіздік,
Жалғанда жауап сұрап түскен ісім.
Арықтап бір түйе өлді жетіп ажал,
Алты батпан бұлы бар безбенге сал.
Сүйегі жерде де емес, көкте де емес,
Білдің бе, мұның өзі қайда өлген мал?
Артылған мәртебеңіз талай жұрттан,
Көрген жоқ сізді сөгіп біреу сырттан.
Алты батпан көтерген алып малдың,
Санасаң әр батпаны жеті пұттан.
Жілігі жиырма төрт, топайы бес,
Шамалап өлшеп байқа ертелі-кеш.
Осыны найжағайдай жарқылдатып ,
Әсаға, бас-аяғын түгелдеп шеш!
Әсет:
Ырысжан, бұлбұл құссың жаннан аса,
Сөйтсе де бір сырың жоқ менен таса.
Менен өзге адам таба алмайды,
Мұны да бір күн, бір түн ойламаса.
Домбыра саған ерген бұлбұл екен,
Ырысжан қара сөзге қырғын екен.
Арықтап оттай алмай өлген түйең.
Ақылмен абайласам, бір жыл екен,
Ол түйе арық емес, семіз еді,
Халыққа түрлі нығмет жегізеді.
Жылды өлтіріп өтірік арықтатып,
Осынша жалған сөйлеу неңіз еді?
Болады осылайша сөздің жайы,
Ақынның жарамайды құр айғайы.
Түйеден алты батпан түскен майың,
Санаулы бір жылдағы жаздың айы.
Тамаша тапқан сөздің бар ма міні?
Болады осылайша сөздің шыны.
Әр батпаны жеті пұт деген сөзің,
Оралған бір жұманың жеті күні.
Жүрекке таппаған сөз жұда болар,
Бір үлкен жалған айтсаң, күнә болар.
Жілігі жиырма төрт деген сөзің,
Оралған алты айдағы жұма болар.
Жыл сүйегі жер менен көкте де жоқ,
Атын бар ғып жаратқан құда болар.
Белгілі маған сол мен оңқайыңыз,
Таба алмасам, өкпелеп томпайыңыз.
Бұл арадан намақұл болып жүрме,
Бес намаз бесеу деген топайыңыз,
Мен шаққанда топайды кемірерсіз,
Шетіне дастарқанның шоқайыңыз.
Ырысжан:
Бағыма бұлбұл Әсет болған ақын,
Кім сөгер орта жүздің қолқанатын.
Сөз көшесін қыдырған көрегенсің,
Жерің жоқ бір мүдіріп толғанатын.
Мәселе бір-ақ ауыз жұмбақ қалды,
Орын жоқ мұнан ары зорланатын.
Алты мың жан иесі хайуанаттар,
Олардың қандай адам қойған атын?
Хайуанат, набататпен, нажасатпен,
Әлемнің он сегіз мың білген затын.
Есім берген ұстаздан өзі үйренбей,
Ұнатқан оймен тауып үш қажатын.
Ол өзі қай есімді таққа мінді,
Ол адам қай фирқадан, қандай дінді?
Періштелер білмеген ғылым еді,
Ойменен дейді оны қайдан білді?
Он сегіз мың әлемге ат қойған кім,
Иесі кімге «Ат қой!» – деп әмір қылды?
Онан әрі сұрайтын жұмбағым жоқ,
Ашып бер, шамаң келсе, бұл мүшкілді.
Әсет:
Айтпассыз, ағат сөйлеп, білсек қата,
Ақын деп, қазақ маған берген бата.
Әлемді он сегіз мың үшке бөліп,
Ат қойған өз ойымен Адам ата.
Ол өзі «раһ-рап» деген таққа мінді,
Анық хақты таныған асыл дінді.
Бірі жарық, біреуі қараңғы деп,
Аспанға мәшһүр еткен ай мен күнді.
Құрт-құмырсқа, ұшқан құс, мал-хайуан,
Жан иесі адамзат, пері, жынды.
Көкте жұлдыз, ай мен күн, періште, аспан,
Жансыз нәрсе тау, ағаш, шөп пен құмды.
Қар, жаңбыр, қыс пене күз, жаз фасылы,
Оларға атап-атап, есім берді.
Айтыстық таңертеңнен күн болды кеш,
Жұмбағың түгелденді болса да бес.
Төрт сөзің түгелденсе, жол менікі,
Бер-дағы қос түймеңді,беліңді шеш!
Қыз сонда әдебінен аспай келді,
Аяғын титтей қия баспай келді.
Шетіне орамалдың жүзік түйіп,
Алдыма бір торғынды тастай берді.
Торғынға түйген екен алтын жүзік,
Майданда екі қыран қандай қызық!
Бозбала, айғай салып еркек жыныс,
Барады омыраулап үйді бұзып.
Қызыл үй мен келгенде сегіз қанат,
Туырлық, түк қалмады түндік, үзік.
Басында бүгежектеп отырсам да,
Бәйге алдым ақырында қамал бұзып.
Осындай Қарқаралыға барған жерім,
Серуенді қыз қыранмен салған жерім.
Түбінде ақындықпен жеңгенім жок,
Уәдемізше тоқталып қалған жерім.
Серт бойынша белгі боп екі түйме,
Алтын жүзік, бір торғын алған жерім.
Заты ұрғашы демесең, уа жігіттер,
Әйелдің көрдім сондай бағлан керін.