Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қамбар батыр (6-бөлім)

Бармақ Мұқанбайұлы · 173 жол

Әйнектей көзі жалтылдап,
Жүрегі шошып тарсылдап,
Күймеге мініп түймелеп,
Атпен жүрді аршындап,
Не болып кетер жолым деп,
Қорқыңқырап қалшылдап,
Сырғытып келді күймемен
Қалмақ жатқан ордаға.
Сырттан жауап қылады,
Жымия күліп толғана:
– Мен сіздік болдым ғой,
Кешікті деп ойлама.

Тоқтатты Назым жүрегін,
Арыз айтып Мақтымға
Сұрап алды тілегін.
– Сыртыңыздан құмар боп
Бір көрсем деп жүр едім,
Сүйдім де сізді, хан, – дейді.
Сыртыңыздан білемін,
Қасына таман кел деді,
Жеңгесінің біреуін.
Мақтым көріп мас болды
Шыныдан аппақ иегін,
Қол алысып көрісіп
Ұстамақ болды білегін.

Назым айтты: – Мақтым хан,
Алдыңа келді жалғыз жан,
Құдай біреу, дін басқа,
Сен қалмақ, мен мұсылман.

Қай жаққа қашып кетемін,
Бұйрық болса басынан.
Сүйегі зат хан болсаң,
Кейін тұр, тақсыр, қасымнан.
Біздің елге келдіңіз,
Несібеңіз шашылған.

Құс төресі – бидайық,
Күндіз келмек күйеуге
Біздің заңда көп айып.
Бұл жерден, Мақтым, кеткен соң
Сіздің заңды қылайық,
Сайтан жолды ойламай,
Сабыр қылып тұрайық.
Хан жолымен іс қылу
Болар бізге ылайық.

Мұндай болар біздің жол –
Күйеу іштен, қыз тыстан
Ұстар еді білсең қол.
Кеткенше күйеу қыз келмес,
Осыған, тақсыр, разы бол.

Бұдан кейін әкеміз
Отыз күн ұдай той қылып,
Аз ғана емес, мол қылып.
Қызды күйеу шақырмас
Бері кел деп ой қылып.
Некесін қиып молдасы
Береді қызын жөн қылып.
Отыз күн тойы біткен соң,

Қыз күйеуді жаттырып,
Ұзатады атамыз
Алтын-күміс арттырып,
Өз заңыммен бұл жерде
Көңілімді көтер шат қылып.
Білгіш екен ақылың,
Сабырыңыз мол екен,
Қаладым сізді жақтырып.

Көңілі тасып бұл сөзге,
Мақтым жүрді керіліп,
Сыпай мырза боп қалды,
Айтатын сөзге ерініп,
Жүрегі кетті еліріп.
Разы боп қыздың сөзіне
Кетті көңілі беріліп,
Керіліп Мақтым сөйлейді
Көтеріліп желігіп:
– Назым, менің қатыным,
Қатынымның көрдің бе
Ұшан-теңіз ақылын.
Әдейі іздеп келгенде,
Осы болар сұрауың.
Бердім, қалқам, жарқыным,
Нәсіп етпес әр қызға
Мендей мырза батырын.
Жұрт айтқан соң ғашық ем,
Айтқанындай бар екен.
Жаңа толды тақымым,
Бердім тілек, жүре бер,
Күттім сабыр ақырын.

Назым қайтты күлімдеп,
Мақтым қалды дүрілдеп.
– Мүшел болар адамға
Жазым болып сүрінбек.
Орнына келді, – деп айтты
Арман менен мұңым, – деп,
Жұмыстың көрсе шынын кеп,
Кім болжаған бұл істі,
Кім байқайды бұрын деп.

Әзімбай бұны есітіп,
Той қылады қуанып,
Көңлі қалды жұбанып.
Ақыл ойлап қыз Назым
Үйінде отыр бұралып,
Ойын-сауық сырнаймен,
Мәжіліс болып құралып.
Бұлар тұрсын осылай,
Азғантай әңгіме Қамбардан
Бастап енді құралық.

Басында қалды байланып,
Жұмысы келіп орнына
Көңілі бітіп жайланып,
Отыз би барды Қамбарға
Ауылдан шыққан сайланып.
Тартуға барған жылқы алып,
Мың қаралы айдалып,
Қорқып қалған ноғайлы
Көңіліне бұрын қайғы алып.
Кеңшілікті таба алмай

Жүрген қулар сандалып,
Бұлардың ісі осылай,
Қамбар отыр олжа алып,
Ноғайлының ісіне
Дос-дұшпан отыр таң қалып.

Ат-айғырды жетелеп,
Келді билер төтелеп.
Ит жүгіртіп, құс салып,
Батыр Қамбар жүр еді
Шамбол көлде бопалап.
Тобырмен келді ноғайлы
Сөйлесе алмай жекелеп.

Сонда Қамбар ноғайлы елінің келген кісілерін кекетіп:
– Мырзалар, қай жаққа жылқы айдап барасыңдар, сатуға
әкеле жатқан мал болса, маған да біреуін сата кетіңдер, –
дейді. (Қамбар ноғайлы елінде болып жатқан уақиғаларын
тегіс біліп отырған еді).

Қамбардың айтқаны:
– Ақарал еді жерлерің,
Сәлем бердім, ерлерім,
Жылқы айдаған бегілерім,
Сыртта жүріп есіттім
Еліңе қалмақ келгенін.
Қайғылы болып қалды ма
Қатын-бала, елдерің?
Жөндеріңді айта тұр,
Жоқ еді бұрын көргенім,
Өзім тірі тұрғанда,

Далаға кетпес еңбегің.
Азырақ өкпем бар еді,
Аяғын келіп жөндедің.
Хабардар едім сыртыңнан,
Алшыораз деген сен бе едің?

Сонда бір би сөйледі:
– Рас айтасың, Қамбаржан,
Қорлық көріп біз қалдық
Қалмақтың өкім хандардан.
Уайым-қайғы көбейді
Кемпірменен шалдардан.
Қайрат кетті бұл күнде
Балуансынған жандардан.
Несін айта берейін,
Біледі сөзді аңғарған.
Ат-айғырды жетелеп,
Келдік сізге төтелеп,
Үміт қып батыр даңғардан.

Сонда Қамбар сөйледі:
– Сіздердің бәрің бек, – деді,
Қанша жылқы берсең де,
Дүние сізде көп, – деді.
Кедейліктің жөнінен
Ауылыңа түбір кеп пе еді?
Елдің бәрін шақырып,
Атың бізге жетпеді.
Алшыораз сонда сөйледі:
– Олай деме, Қамбаржан,
Жалған дүние айланар,

Әсет Найманбайұлы өлеңдері

Барлық 59 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері