Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әсет пен Кәрібай айтысы (1-бөлім)

Әсет Найманбайұлы · 1867–1923 · 196 жол

Әуелі сиынайын патша құдай,
Шайтанның шариғаттан жолы былай.
Жерінде тоқты сойған, түнеме еткен,
Бұлбұлы Жолымбеттің мен Кәрібай.

Табылмас жігітке ақыл жан сасқанда,
Нағыздың сабыры жерде, кілті аспанда.
Бір кісі Қожағұлдан опат болып,
Бас қосқан орыс, қытай жиынында.

Жігітке оңай емес дүние қумақ,
Нарқы бар осы сөздің талай тармақ.

Ту алып, тұлпар мінген консул Қалдай,
Тар есік күндер болды екіталай.
Ие боп екі жұртты бөліп алды,
Сүлеймен, даулы болып, ер Жамалбай.
Шығысып екі ханнан алпыс шерік,
Құрысып патшалығын тартып керней.

Жүз кісі тәуекел деп түстік жолға,
Кейі аяң, кейі мінген толық жорға.
Бас қосып төрт үкірдай, елу болыс,
Ұстады екеумізді қолдан-қолға.
Найманның шарықтаған қыраны едім,
Байқаусыз түсе жаздадым жайған торға.
Алаштың әлі бетім бейне алмастай,
Құдайым, не сапардың артын оңда!

Мұрынның ақсақалы Бөкенші нар,
Билеуші Тілепалды, Жапабай бар.

Асылбек, Қыдырмолда, би Бексұлтан,
Омары Шерекеңнің өңшең дегдар.

Сөйледім тыңдаушының қалағанын,
Қалауға қасиет қой жарағаным.
Қырық сан, қырым топтан бәйге әпер деп,
Құрышпен Төлегетай тағаладым.
Әсетпен руы Арғын сөз сөйлестім,
Әр істің тыңдап едік даналарын.

Жаратқан арсы-гүрсі лаухыл ғалам,
Болмайды бұл сөз әлі түгел тамам.
Бал тамған бармағынан ер еді деп,
Келдім деп Сүлейменге бердім сәлем.

Сүлеймен Қабанбайдың баласы еді,
Сауыттың оқ тимеген жағасы еді.
Мыңнан жүйрік мінгізген жүкті бояқ,
Сол ердің жолдастығы рас еді.

Сүлеймен сәлемнен соң сөгіп кетті,
Көрмеді бұрынғыдай, сыртқа тепті.
«Ерім өліп, Ертісім бұзылғанда,
Кәрібай, көңіл айтпай, саған нетті?
Ақылын төре, қара жамап бер!» – деп,
Әкеліп бір домбыра жарлық етті.
Әкел деп бір домбыра қылды әмір,
Қоймады ән салмасқа Сүкем сабыр.

Ішімнен хаққа жылап тәуекел деп,
Жағынан күннің шығыс қылдым дауыл.
Ащы айғай кебір үйде тозаң болып,
Жиналып мың жарым қол болды кәміл.

« Бір Алла таразыңды тайғызба!» – деп,
Әмин деп қол көтерді аға, бауыр.

Артынан хан Қамбардың ер Ботабай,
Жүргізген ғаділдігін әр тарапқа.
Сүлеке, ашуды қой, түс сабырға,
Ісіңді бергеннен соң шариғатқа.
Бүкенші, Мамырбекпен және он би бар,
Мал кеспей тастамайды ысырапқа.

Бұл дүние, ойлап тұрсам, қапыл еді,
Құдайға құлшылықтар мақұл еді.
Сымпиып сұр жыландай Әсет келді,
Сөз жайлап осылайша жатыр еді.

Іләмпік іші-тысы құндыз бөрік,
Өзіне өзі келді сәулет беріп.
Жиылған Керей, Найман ғашықланды,
Жүйрігі екі арыстың душар келіп.

Мен реңді Әсетті Сүлеймен сөгіп кетті,
«Сен дағы ән сал жұрт шама!» – деп әмір етті.

О дағы әзір жауап бейбоз екен,
Қиқулап қоңыр қаздай сөйлеп кетті.

Ән салды буырқанып Әсет ақын,
Байқаған оқып-шоқып сөздің нарқын.
Төрт ұлын Төлегетайдың түгел айтты,
Жатқа да алған екен елдің шарқын.
Осындай екі жүйрік жарысқан соң,
Қалың ел басып кетті қара барқын.
Бір жазым сөзден оқыс бола ма деп,
Бойсырап көп толғанды біздің алқым.

Бір нәубет Әсет сөйлеп маған берді,
Сол сөзді Керей, Найман көзбен көрді.
Сөзінің басы мақтау, соңы кекеу,
Ішінен нығай мені сөз сөйледі.

– Сүлеке, сіз найманда мазалысыз,
Түседі жатты көрсе, ажарыңыз.
Ғайыптан қазына сөзді түгел жидым,
Жетсе де бүгін жаудан ажалымыз.

Тыңдады екі патша ел көзбен көріп,
Болмайды шіркін дүние жанға серік.
Әсет сонда домбырасын жұлып алды,
Әлгі ажал деген сөзді бөгде көріп.

Ән салды екінші Әсет шығанақтап,
Кәрібайды жамандады, өзін мақтап,
Аттың, құстың асылын өзі қылды,
Қарғаны кетейін деп жерге таптап.
Түк қоймай асты-үстімді айналдырды,
Ісмердің балғасындай мыс қып қақтап.

Енді ел білді Әсетпен айтыстарды,
Жанжал қып, жағаласып тартысарды.
Өзінен шерік кемге өлшеген соң,
Бұл сөзге қаракерей намыстанды.

Іздеді біреу шауып бір ағашты.
Минутта алып келді қу ағашты.
Ішімнен хаққа жылап, тәуекел деп,
Дауластым жүдетпен деп қарындасты.

Тыңдады сөкпей, соқпай қытай, орыс,
Жайсаң, Күршім, Лепсі ояз, Семей облыс.
«Кәрібай, қара басып отыр ма?» – деп,
Ақ Найман түртіп қалды Кәлім болыс.

Айтыс, – деді, – мына Әсетпен арыс салып,
Отырсың неге тойпаң шалыстанып?
Шабандамай, Арғынның керегін бер,
Сөзіңнің артық, кемін қарысталық.
Осындай хан, халайық дулаған соң,
Қайткенше екі жүйрік жарыспалық.

Әсет:
Мұсылман қайтарған жоқ тауанымды,
Дағды алған көрсетейін амалымды.
Кәлім түртіп, бар Найман шулай қалдың,
Көрсетші маған қойған зауалыңды!

Билеуші, сен отырма шағыстырып,
Менімен бір байқарсың жарыстырып.
Қаңтарда қалшылдадаған қарт бурамын,
Байқарсың жас тайлағыңды алыстырып.

Ілейін қыран құстай аш өкпеңнен,
Бар Найман, жер шұқырсың намыс қылып.

Қой болмас қорыққанмен кекесінің,
Бір зорлық көрсетейін сөз есімін.
Ербеңдеп иығыма шыға қалдың,
Үйреткен өзім тәлім текешегім.

Кәрібай:
Сонда мен ләбіз қылдым а құдайлап,
Шақырдым екі ұранды Боранбайлап.
Түйіліп бұл қашқынды бір ілейін,
Тас түлек ақиықша көзім жайнап.
Найманның екі жүзді наркескенімін,
Желкеңді қидырғалы жүрген қайрап.
Боқ-жының араласқан, бәкене құл,
Қаласың ат астында сорың қайнап.

Арғынның қаңғырғаны талай келген,
Біреуі осы Әсет қой көзің көрген.
Найманға кеп бүтіндеп кебенегін.
Таңлақсыз жалғыз жүйрік менмін деген.

Мың қойды өткіз судан серке болсаң,
Былпылдақ мың кісілік көрпе болсаң,
Қазы шайнап, қаз мойынды сұлу жайлап,
Өз еліңде жүрсең нетті ерке болсаң?

Жеңіпті өмірінше біздің Жанақ.
Не қарға, не ителгі ілінерсің,
Қаларсың сен де сондай жерге қарап.

Кәрібай:
Бұл сөзге куә емес пе Арғын, Найман,
Жеңілген сол Жанағың Нұрлыбайдан.
Бас қосса жеті болыс ер Тана бар,
Жеңілген Орынбайың Кеншімбайдан.
Алмаған сөзден бәйге бәдік мұндар,
Бейшара, бейнет қуып жүрсің қайдан?
Бір ауыз ән салғанға мақтанасың,
Жігітке абырой бермек іс құдайдан.

Әсет:
Алаштың жігін бөлген Сара бейбақ,
Біржаннан о да көрді талай зардап.
Не шабақ, не бір шортан ілінерсің,
Жазылды сенен қашан біздің қармақ?

Кәрібай:
Ол Сара бейбақ емес, анық саңлақ,
Бетіне бар Арғынның салған таңлақ.
Қаңғып келген Біржанды итше көріп,
Әлі сенен кеткен жоқ өткен зардап.
Сараның жауабының міні бар ма,
Айтпапты қарағайды талға жалғап.

Әсет:
Делбе ақын ұран салып ел мақтайды,
Үйірін байсалды айғыр ат жақтайды.
Қолыңды көрінгенге тарбайтасың,
Көтеріп иығына қу тақтайды.

Кәрібай:
Қай жігіт ат қинамас пайдасына,
Алланың ырыздығын аласына,
Бетіме қу тақтай деп қылдың салық,
Қолыңдағы әкеңнің найзасы ма?

Әсет:
Арғының алшаңдаймын еліменен,
Шыңғыстың ат жүздірдім көліменен.
Ей, Кәрібай, аужайыңды байқап сөйле,
Қой жолдас болмайтұғын бөріменен.

Кәрібай:
Найманның сөзін тыңда, сөз орайын,
Жаратқан шопанды артық, бар құдайым.
Шопанның қасиетін көрсетейін,
Құланның айғырындай қаңғыртайын.
Қасқыр болсаң, қанжығада көрісерсің,
Ит қосып тірсегіңді қидырайын.

Әсет Найманбайұлы өлеңдері

Барлық 59 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері