Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қамбар батыр (2-бөлім)

Бармақ Мұқанбайұлы · 189 жол

Қиғаштап басып бұттарын,
Іреңдетіп сырттарын,
Жоғары таман таңқитып,
Тастаған түріп мұрттарын.
Неғылар екен құтбаным,
Қарамай қойды қыз Назым,
Бұларды көргін құртқанын.

Болыс пен датқа, би келді
Ат құйрығын түйініп,
Аламыз деп сүйініп,
Тәуірлеп киім киініп,
Назым қыздың алдынан
Өтпек болды жиылып.
Өзінен басқа кісі жоқ,
Тұр ғой дейді бұйырып,
Назым қыз мұны жек көрді
Қасы-көзі қиылып.

Бұлар тағы жақпады,
Бұларға Назым бақпады.
Бұлар озып кеткенде
Жас жігіттер қаптады.

Келе жатыр мырзалар,
Қоңыр қаздай ырғалар.

Бәйшешектей түрленген,
Опасы жоқ дүниеден
Ойланшы, ерлер, кім қалар?!
Жете алмаған арманда
Ішінен қатты мұңланар.

Бедеу атын мінісіп,
Қатарын түзеп жүрісіп,
Қалжыңдасып күлісіп,
Ат үстінен бұраңдап,
Бірін-бірі ілісіп,
Жігіттік жолын білісіп,
Қолтықтарын көтеріп,
Ат үстінде шіреніп,
Құйрығынан тіреніп.
Қыздың жайын білейік,
Қалжыңдап сөйлеп тиелік,
Бұйырса мұны сүйейік.

Мырзалар тағы жақпады,
Бұларға Назым бақпады.
Өзбек келіп қаптады,
Кеудесінде жүні көп,
Омырауын атқаны,
Өмірі бөрік кимеген
Тақияшаң бастары,
Кілең айғыр мінгені
Үш жерден тартқан тартпаны.
Қызға қарап қиғаштап,
Олар да өлең айтқаны.

Назым бұны парықтады,
Келгенін бұлар анықтады.
Бұлар да көзге ілінбей
Санаусыз боп қалып қалды.

Қызыл шапан жауырында,
Белбеулері сауырында
Бар еді мырза аулында,
Маған келсең тоясың
Әңгелек пенен қауынға.

Моншақпен атын тұлдаған,
Өзбектер де өтті қатарлап,
Бұны да көңіл қылмаған.
Қайсыбірін айтайын
Мұнан да пайда қылмаған.
Біреуі де жақпады
Сорлы екен деп қураған.
Жігіттер де боп жатыр
Өкпелеп қатты тулаған,
Басында талас көп болды
Біріне-бірі қимаған,
Жаман қыз деп ойлады,
Атадан жақсы тумаған,
Шалдарда да көп болды
Көзін қысып ымдаған.

Мұнысын айтсам бола ма,
Бұған көңілің тола ма?!
Жек көрсең деп жолама.

Бұлар тағы өтеді,
Жақтырмай бәрін кетеді,
Кедейлер келіп жетеді,
«Бізде шұбап өтелі,
Нәсіп болса, Назымжан,
Бұйырса алып кетелі».
Жоқшылыққа өкпелеп
Бүйірден қайтып нетелі.
Мәлім болған халыққа
Таңлау берген екені.

Сүйтіп ақыл салады,
Аты шабан байғұстар
Аулақта атын сабады.
Назым қыздың алдынан
Қойқаңдап өтіп барады,
Жан-жағына қарады.
Бұл секілді сұлу қыз
Іздесе қайдан табады?!

Қатқан тоны қаудырлап,
Ілгері аты бауырлап,
Құйысқан мен жүгені
Шегелері саудырлап,
Қарамаса қыз Назым
Қалады көңілі ауырлап,
Жиылды сонда ақсақтар,
Бір бөлек болып арт жағы
Жоғары басы қақшақтар,
Соқырлар да келеді,
Оның да көзі бақшақтар.

Бәрі тегіс өтіпті,
Жақтырмай Назым кетіпті,
Киініп келген көбісі
Жұмысы келмей орынға,
Қарыздар қылып орынға,
Тимей қойды біріне,
Өзін мұнша бекітті.

Сонда Назым ешкімді жиылған адамдардан сүймеген
соң, әкесі Әзімбай ашуланып: «Осынша көптен бір тең
адамы табылмай ма? Қызым ақымақ, адам кәдірін білмей
ді» деп, қызына қарай айтқаны:

– Мұсылманның бәрін жидырдым,
Тамаша ойын қылдырдым.
Осынша көптен тең таппай,
Ақылсыздық білдірдің.
Бұл Ақарал қалаға
Көрсін деп бәрін шақырдым
Сіз сияқты балаға.
Өтіп кеткен күніне
Ішің толар сәнаға.
Бәрі тегіс жиылды
Үлкен-кіші, жанаға.
Атасы бөлек халықтан
Ноғай менен өзбек,
Түрікпен де кірді араға.
Тойға келді сап басқа,
Көзің түсті әр жасқа,
Ақылсыз болып туыпсың
Бір ерді таңдап таппасқа.

Сонда Назым әкесіне қарай айтқаны:

Құйрық-жалым күзеліп,
Базарға түстім байталдай.
Еркін аузым бармайды
Сізге жауап айтарға.
Бәрін тегіс біз көрдік,
Қалған жігіт байқалмай.

Мырзалар келді бұралып,
Әр жерден басы құралып,
Осы келген мырзаның
Бәрін де байқап сынадық.
Әйел де болсам, жан ата,
Ешбіреуін бойыма
Көре алмадым ылайық.

Ішінде ешбір батыр жоқ
Шауып шығар төбеге.
Ешқайсысы, жан ата
Ылайық емес денеме.
Тіліңізді алмадым,
Назарымды салмадым
Нәсілі жоқ немеге.

Мұсылман аз, қалмақ қау,
Бір күні келер қалмақ жау.
Жаман болса барғаным,
Екі ноқта өріліп
Қалмай ма басым пәлеге.

Сонда әкесі қайталап айтқаны:

Айқайлап кәрия ақырды,
Ашуланып бақырды.
«Келмеген тойға кім бар?» – деп,
Шақырушыны шақырды.
– Қалдырма деп біреуді
Айтып едім ақылды.

Шақырушының жауабы:
– Алпыс үйлі Арғын бар,
Жетпіс үйлі жебір бар,
Тоқсан үйлі тобыр бар,
Тама, қыпшақ, қоңырат бар.
Бесжүз үйге толады,
Бекқожаның баласы
Қамбардың елі болады,
Қалмаққа барып жылқы әкеп
Бес жүз үйге сояды,
Кедейлері тояды,
Талай қалмақ ұрысқан
Абыройын жояды,
Батырларын өлтіріп,
Найзасын қанға бояды.
Шақырдым барша жандарды,
Шақырмадым бұл тойға
Кедейдің ұлы Қамбарды.
Шақырушының бұл сөзін
Отырған адам аңғарды.

Әсет Найманбайұлы өлеңдері

Барлық 60 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері