Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қамбар батыр (7-бөлім)

Бармақ Мұқанбайұлы · 175 жол

Кедейге де бақ қонса,
Алдына әрне айдалар.
Дін қылышын шапсаңыз,
Бір жаныңа пайда бар.
Тарту тартып кеп тұрмыз,
Қайтсек көңіл жайланар.
Білмегенді кешпесең,
Білгендігің қайда бар?!
Елдің іздеп келгені
Ақыл сенде, айла бар.

Билердің айтқан бұл сөзін
Құлаққа, батыр, алыңыз,
Сізден көмек болмаса,
Қалмақ болды ханымыз.
Қатынымызды алып кетсе де,
Ұрсуға жоқ боп әліміз,
Алдыңызға сәлемге
Жығыла келдік бәріміз.

Қалмаққа ойран салыңыз,
Жәрдем болса бабаңыз,
Сұлу туған қыз Назым
Болмай да қалмас жарыңыз.
Адасқанда айып жоқ,
Бұл жұмысқа наныңыз.

Сонда Қамбар сөйледі:
– Қонақ болып кетіңдер,
Қаз еті бар қақтаған,
Құланның етін сүр қылып,

Мейман үшін сақтаған.
Жүріңіздер ауылға,
Кедейім көрсін ақ табан.
Саяпкер жігіт менде бар
Айтқаныңдай мақтаған,
Кедей де болса бұларды
Әркім келіп жақтаған.
Көмегім менің осылар,
Сыртымнан дұшпан батпаған,
Ынтымағы кетпеген,
Жауды көрсе қаптаған.
Мақтанды деп айтарсың,
Бәрің өзің көрдіңдер,
Қалмағым бар ма шаппаған.
Тікіленсем шынымен
Қашып жолын таппаған.
Жеті күнде барайын,
Қалмады сөзің айтпаған.

Алшыораз сонда сөйлейді,
Разы болып сөзіне,
Көңілі тасты бәрінің
Жолыққан соң өзіне.
Татуласты айқасып
Келіп жұмыс кезіне.
Қош айтысып Қамбарға
Қайтпақ болды еліне.
Малды тастап жеріне,
Жылдамырақ кел деді,
Реті келсе жөніне.
Кетті Қамбар жылқы айдап,

Құсты тастап көліне.
Мың сан жылқы алдында
Келді ауылдың шеніне.
Ойланып Қамбар келеді,
Жан-жағындағы кедейге
Малды бөліп беруге.

Келген малды кедейлер
Бірдей бөліп алады,
Жарымай жүрген сорлының
Көңілі толып қалады.
– Қалайша келді мұнша мал,
Жөнін айтшы, – деп, – Қамбар,
Білмек үшін мән-жайын
Жігіттердің талабы.
Мына сөзге ер Қамбар
Толғана мойнын бұрады.
Жолдастарын жинап ап
Көлденең қарап тұрады.
«Ноғайлыдан келген тарту» деп
Батырдың берген жауабы.
– Мұның жайын айтайын,
Жолдас-жобам, құлақ сал,
Тыңдап мұны, ұғып ал,
Ноғайлының елінде,
Той қылып жұртты шақырған
Әзімбайдың баяғы
Сұлу Назым қызы бар,
Даңқы кеткен әр жерге
Есіткен жан қызығар.
Әр атаның ұлы бар,

Айтып тұрған сөзімнің
Кейінгі жақта түрі бар.
Қалмақ кепті алғалы,
Білмегенің біліп ал,
Шақырмаған тойына
Біздің елдің құны бар.
Сасып кепті қалмақтан,
Жәрдем тілеп біздерден,
Қарап тұрсаң, мырзалар,
Бізден басқа кімі бар?!
Назымды беріп отырған
Құда түскен сыры бар.

Аттарыңды суытқын,
Өткен істі ұмытқын,
Жұртым үшін туыппын,
Өзім үшін күйіппін.
Тезірек жүріп кетуге,
Баратын қалмай түрі бар.

Аттарыңды жаратқын,
Дайындалып қамданып,
Назым қызды алуға
Қалмақ кепті дегенге,
Отырмын қатты шамданып.
Азық-түлік дайында,
Жүрмеңіздер сандалып.
Жұрт үшін жүрдім намысқа,
Білдің бәрің аңғарып.
Осыны айтып ер Қамбар
Шамырқанды, шамданып.

Уәде қылды баршасы:
– Сіз бастасаң, біз дайын,
Жаным, сізден қалмалық,
Кедей едік, бай болып,
Арқаңызда толдық, – деп,
Қой орнына жылқыны
Қонаққа әкеліп сойдық, – деп,
Уәде қылды баршасы
Артында батыр болдық деп.

Қамбар жолдастарымен бармаққа уәде етіп, әзірлік жа
сап, дайындықты істей берді.

Отыз кісі риза боп
Аулына қарап барады,
Көңілденген бұл билер
Жүйріктей қызған табаны.
Жол үстінде бұларда
Ақылдасқан шамалы.
Әзімбайға келіп Алшыораз
Міне берген хабары:
– Ісіміз болды оңынан,
Жеті күннен соң ер Қамбар
Қалмақты келіп шабады.

Мақтым келіп жатқалы
Ноғайлының елінде,
Болған екен бір жұма,
Ұзаңқырап барады,
Жұмыс болды жылжыма.
«Жатамын ба мен мұнша,

Кетемін енді тезірек.
Той-тамаша қылды ма,
Қатуланды Мақтым хан,
Шаруаларың тынды ма?»

Назым қыз жоқ қасында,
Қабағы отыр түнеріп,
Алшыоразды шақырды
Жасауылын жіберіп.
Жылдам келсін деп айтты
Кешігіп қалмай кідіріп,
Жұмысы келмей орнына,
Ішінен отыр бүлініп.
Қандай жұмыс болды деп
Ұйықтамай көзі ілініп,
Жасауылдың сөзімен
Сыртта жүрген Алшыораз
Атпен келді бұрылып.
Отырды келіп қасына
Әңгіме-дүкен құрылып.

Сонда Мақтым сөйлейді:
– Жатамын ба, жүрем бе,
Тойларыңыз әлі жоқ,
Мәнісін бұның білдің бе?
Артымда талай жұмыс бар
Мені көзге ілдің бе,
Шабандап кеттің қалайша?
Осыны Мақтым айтады,
Ойланып басын шайқады,
Ұстап отыр сайтаны.
– Тезірек істі бітіргін,

Әсет Найманбайұлы өлеңдері

Барлық 60 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері