Әріпжанмен жұмбақтасу
Әсет Найманбайұлы · 1867–1923 · 46 жол
Әсет:
Дүниеде бір нәрсе бар көрінбейтін,
Қарасы көрінбестен дүрілдейтін.
Адамды арқаға ұрып, желкеге ұрып,
Соғады денесі жоқ білінбейтін.
Ұшады төмен қарап топ бөдене,
Кейде толы, кейде орта бір тегене.
Лай менен тұнықтың ортасынан,
Бір аққу шыға келді, ол немене?
Әріпжан:
Бұл әлем алуан түсті, түрлі емес пе,
Көз жетпес мың құбылған сырлы емес пе.
Айтқаныңыз тұтқиыл ойластырып,
Көрінбестен соғатын жел емес пе?!
Топ бөдене топталған үркер болар,
Басында орта, ай он төртте толық болар.
Лай менен тұнықтан шыққан аққу,
Таң жаршысы кәдімгі шолпан болар.
Әсет:
Әріпжан, шабыттысың сайып қыран,
Шештің бұл жұмбағымды баспай бұраң.
Тапсырдым дамыта бер өлең сөзді,
Өтейік бұл өлеңге болмай алаң.
Ақын, бұл ой пернесін баса алатын,
Әншейін құрғақ сөзді болмай жалаң.
Шабыт ал сайда тұрып тау басынан,
Ақиық, темір қанат болсаң қыран.
Келсеңде Бақтиярдай дар түбіне,
Жолықпан тайсалмай өт баспай бұраң.
Барлығың өз қолына табыстадым,
Десең де мейлі жомарт, мейлі сыған.
Үмітім ел есінде жүрсем болды,
Өткен деп кеше арадан бұл бір думан.
Бақтиярдай көгені байымады-ау,
Қосақталар қалғаны сіздің қолдан.
Желді әлемнен бұлт болып көшер болсам,
Кетпесін бұл қисалар болып тұман!
Әріпжан:
Ақынның жаны басқа тілі бірге,
Тілі бірдің меніңше нілі бірге.
Тілдестің белгісі сол емес пе,
Толғаған Бақтиярдай жыры бірге.
Балақ таудан бау тағып сіз ұшырған,
Құсыңыз қағып түсер келді күйге.
Қасқыр алар, түлкі алар түлегінде,
Қоян алса оны көрмейді соны жүлде.