Қамбар батыр (8-бөлім)
Бармақ Мұқанбайұлы · 154 жол
Бүгін-ертең қайталы.
Келіп едім күйеу боп
Ноғайлының халқына,
Кімдер ғашық болмаған
Қыз Назымның даңқына.
Апта-күн жатып кешігіп,
Қарай алмай артыма,
Ақылсыз шатпақ ел екен,
Жетпейсің бе парқыма.
Үлкен-кіші сөйлесіп
Жасы үлкен қартыңа.
Кешіктіру күйеуді
Қазағыңның салты ма?!
Асыл туған Алшыораз
Жауап қылды осындай,
Айтатұғын жер келсе
Сөйлеуші еді шошынбай.
– Қазақтың бәрін шақырдық
Той болсын деп осындай.
Қамбар деген ақын бар,
Шақыртып соны алыңыз
Қолыңыздың босында-ай.
Шақыртып мұнда ақынды алдырыңыз,
Келмесе үкім қылып жазғырыңыз.
Жұрт көрмеген көрсетіп жақсы ойын,
Халықты тамашаға қандырыңыз.
Мақтым хан айтқан сөзін қабыл көрді,
Қасына Келмембетті шақырды енді.
Екі қоржын, қос көзді жамбы беріп,
«Қамбар деген ақын бар, барғын», – деді.
– Тоқталмай Қамбар ақын келсін мұнда,
Халқына тамақ болар мынау ділдә.
Бастасын мына тойды сәніменен,
Деп айтты, – менен сәлем, – Мақтым мырза.
Айтады Келмембетке: –Шапшаң барғын,
Айналып кетпейсің бе, мұнда тұрма.
Қамбарды жақсы ақын деп ел айтады,
Тура келсе көрерміз біздің сынға.
Жылдам кеп Қамбар ақын ойын қылсын,
Алдымда қызмет қылып шайым құйсын.
Менмендігі болмасын көңілінде,
Есі болса сөзімді пайым қылсын.
Шақырғанға келмесе жалқауланып,
Сол себепті нәсіптен тайып жүрсін.
«Жалқау адам еріншек» жақсы болмас, –
Даңқында осылайша жайып жүрсін.
Біз де есітіп қалалық қызықтарын,
Жұртында көрінгені қалып жүрсін.
Осы сөзді тура айтқын барысымен,
Көзіне іліп бізді де танып жүрсін.
Адамды есіртеді қолда барлық,
Жоқшылық ұзатпайды жолы тарлық.
«Қамбар ақын кешікпей жылдам келсін» –
Осылай деп бұйырды етіп жарлық.
Күрсілдеп, ашуланып қылды паңдық,
Қамбарды дереу барып әкелмесең,
Көзіме көрінбестен кеткін қаңғып.
Келмембет анық «пысық» жігіт еді,
Ханның айтқан сөзін қорқып кетіп,
Атына мініп алып, кетті заңғып.
Кешікпей жүріп арада
Жылдамдатып барады,
Атқа қамшы салады,
Көз жіберіп жолына
Қараса мойны талады,
Атты бұтқа сабады.
Жылқы аралап жүргенде
Қамбарға келіп кез болды,
Ауылдан аулақ далада:
«Амансың ба, ақын?» –деп,
Елшінің берген сәлемі,
Мақтымның сөзін қалдырмай
Бәрін айтып қарады.
Қоржындағы жамбыны
Алдына төгіп салады,
Жамбыны ақын «нәсіп» деп,
Бәрін жиып алады.
«Екі күнде барам»,–деп
Ақынның берген хабары.
Есітіп алып сөздерін
Келмембет қайтып барады.
Нәсібі зор Қамбар ер:
– Жамбы берем сіздерге,
Жеңгелерім, бәрің кел.
Қаладан қашық біздің ел,
Сіздерге берген олжаны
Ынтымақ етіп түгел бөл.
Тілеулес болған, жеңгелер,
Тәуекел болды осы жол.
«Аман бол!» –деп бәрі де
Бата беріп, созды қол:
– Қайырлы сапар, болсын жол!
Қамбар айтты: – Жеңгелер,
Бәрің тегіс ырза бол!
Жамбыны алды бөлмелеп,
– Батыр қайным, өлме, –деп,
Бата қылды баршасы:
– Ісіңді Алла жөнде!–деп.
Жабдықтарын түзетіп
Талабы мықты өрмелеп,
Біріне-бірі сынатып
Тәртібін түзеп жөндемек.
Сайманын түгел дайындап
Жиып алған термелеп.
Аттарын тегіс суытып
Саяпкерге көр демек.
Қара қасқа тұлпарын
Қамбар бағып күттірген,
Саяпкерге бақтырып,
Асылдан жабу жаптырып,
Сұлы менен сүт берген,
Тұлпардың көңілін шат қылып.
Ащы терін шығарған,
Таң асырып шаптырып,
Тобыры қалмай артынан,
Талаптарын жақтырып,
Атағы шыққан ер еді,
Дұшпанын жеңген азамат,
Қаратпай бетке сап қылып.
Үйреткен жолдас-жобаға
Садақ тартып аттырып,
Жабдығын алды таптырып.
Түзетіп тобыр кедейді,
Састабын түзеп сап құрып.
Киімін түгел киюге
Шығарып алды аштырып.
Атына тегіс мінеді
Асықтырмай састырып,
Жігіттерін байқады
Әрі-бері бастырып.
Жүрмек болды жігіттер
Жанын Хаққа тапсырып.
Қатын-қалаш жылап тұр,
Екі көзін жас қылып.
Қамбар үйден шыға кеп
Аттың терін сүртіпті,
Соғысуға Мақтыммен
Қамбар батыр ынтықты.
Қару-жарақ асынып,
Мойнына ілді ер Қамбар
Атасынан қалған мылтықты.
Атасынан қалған бұл мылтық
Талайды жоқ қып құртыпты.
Сарамтал етті жұмысты,
Қамбар кететін болған соң, шешесі жылап тұрып, ба
ласына бата бергені:
– Хақ Жаппар-ай, Жаппар-Хақ,
Хандар мінген алтын тақ.
Жалғыз ұлым Қамбарға
Жау жерінде бергін бақ!
Атадан жастай жетім қап,
Қамбарым жетім құлыншақ!
Шүкір қылдым, Жаратқан,
Астына мінді арғымақ,