Қамбар батыр (10-бөлім)
Бармақ Мұқанбайұлы · 174 жол
Бұл сөзімнің жөні бар.
Батыр болсаң шабысып,
Найзаменен қағысып,
Ғашық болсаң Назымға,
Күшіңменен жеңіп ал. –
Деп айтты, – де, – ер Қамбар»
Енді бар, – деді, – Ақтабан!
Ақтабан барып Мақтымға
Ер Қамбардың сөздерін,
Турасынан қақсаған.
Бұны естіп Мақтым хан,
Ашуланды, арланды,
Шамырқанды, шамданды,
Айқай салды әскерге:
– Алып кел, – деп, – тарланды,
Алдап мені шақырған
Ноғайлының еліне
Қылайын енді ойранды.
Тобыңменен қырайын,
Енді салып жанжалды,
Көрмеген шығар Қамбарың
Мақтым батыр палуанды.
Құтырған екен ноғайлы,
Қандайын бүгін найзамды,
Шықсын Қамбар шапшаң, – деп,
Әзірленіп сайланды.
Барады сөзім төтеге,
Ер болса шықсын жекеге,
Күшім бүгін кетпесе,
Тиермін майдай шекеңе,
Қамбарды бүгін жоқ қылмай,
Мақтым тегін кете ме?
Тобыр менен ноғайлы
Ынтымағы бір болды,
Неғып кетер екен деп,
Екі жағы кеңесіп
Бір құпия сыр болды.
Жиналысып екі жақ
Орта ашық ду болды.
Жиылып батыр келгенше,
Майдан жерге екі ел
Жабырласып шу болды.
– Жеке, батыр, жеке, – деп
Қамбар батыр алдында,
Артында бес жүз әскері
Ортасында ту келді.
Қара қасқа тұлпары
Арандай аузын ашады,
Ілгері қарай басады,
Түрін көріп Қамбардың,
Мақтымның тұрған әскері
Таңырқап жаман сасады.
Әскерін тастап артына,
Жеке тұрған Мақтымға,
Іркілместен Қамбар ер
Қасына келіп Мақтымның:
– Тегіңді айт, кім болдың?–
Деген сөзді қатады.
Мақтым:
Толғанып мойнын бұрады,
Адырайып тұрады:
– Маған қарсы келгендей,
Кім едің? – деп сұрады.
Қамбар:
– Бекқожаның ұлымын,
Алланың сүйген құлымын.
Қамбар батыр мен едім,
Көрінбей ме түрімнен
Қарсы келіп тұруым.
Мақтым:
– Қамбар деген сен бе едің,
Екі күн өтті уәдеден,
Тәуір ме енді өлгенің?!
Майданға неге шақырдың,
Не қайратқа сенгенің?!
Менен бұрын майданды
Бар ма еді сірә көргенің?
Алайын ба басыңды,
Кешігіп неге келгенің?!
Сонда Қамбар сөйлейді:
– Мақтым деген сен болсаң,
Қамбар деген мен едім,
Екі күн уәде деп едім.
Егер сенің қолыңда,
Ажалым жетсе өлемін,
Сен сияқты бұл жерде,
Асылық сөз демейім.
Қайратым сенен пәс болса,
Желкеңнен шығар көмейің.
Айналғаным бұл болды:
Бір әдемі қырғауыл
Алдымнан шықты жорғалап,
Бір бүркіт шапты алдынан,
Тығылды маған қорғалап.
Және топтап қара құс
Жиылған екен қамалап.
Тағы жалғыз бидайық
Ұшып келді қасыма,
Қос қанатын сабалап.
Қырғауылды тастадым
Қай жеңгені ілсін деп.
Бүркіт те шапты күрсілдеп,
Сабыр қылып отырдым
Екеуіне бір сын деп.
Бір уақытта бүркіттің
Желкесін қиды бидайық,
Жерге түсті денесі
Аяқ-басы қылжайып.
Қара құстар жиылды
Бидайыққа қоңқайып,
Оның да қиды желкесін,
Әр жерде қалды тоңқайып.
Оның бәрін қырған соң,
Қасыма келіп тұрған соң,
Қырғауылды мен көрдім
Бидайыққа ылайық.
Мақтым:
– Қара бүркіт мен, – деді,
Бидайық құс сен, – деді,
Көтерілме көкиіп,
Бұл ісің болмас жөн, – деді.
Қырғауыл құс дегенің –
Назым қалам қас жарым,
Көп қара құс дегенің
Менің мынау әскерім.
Талайдың қанын шашқаным,
Сен болғанмен бидайық,
Келмейсің маған ылайық.
Осыны айтып Мақтым хан
Қамбарға қарай шабады,
Айқасып екі батырлар
Қылыш, найза салады.
Тозаңы аттың бұрқырап,
Айқайласып, салысып
Ұлы майдан қылады.
Қылышпенен салғанда
Мақтым ханның найзасы
Ортасынан сынады.
Найзасы Мақтым сынғанда,
Қамбар салды найзаны.
Найзамен Қамбар салғанда,
Мақтым ханның атының
Табаны жерден тайғаны,
Қоя салып найзаны,
Қылышты қолға алғаны.
Желкеден қылыш шапқанда
Басы кетті домалап,
Аты шауып жөнелді,
Аударылып қалады
Қалмақтың Мақтым палуаны.
Сүйегіне ат қойды
Қалмақтың жолдас қалғаны.
Қазақ та шауып жабылды,
Келмей қалды дәрмені.
Тобырлар шапты айқайлап
«Бекқожа» деп ұран шақырып,
Талқандады қалмақты
Бет алған жерін жапырып.
Майдан іші қан болды,
Шошынған адам көп болды,
Садақ, мылтық атылып.
Қалмақ қашты жеңіліп,
Жүректің оты басылып,
Қашқанын қуып ұстады
Көңілі тасып ашылып.
Бірін қоймай қырады
Көрінгенін басынып.
Олжалаған көп болды,
Аттарын ұрлап жасырып.
Басшылыққа алмаққа
Келмембетті шақырып,
Алшыоразды ертіп қасына,
Сүйдінге қарай жөнелді,
Батыр Қамбар тасынып.