Қамбар батыр (4-бөлім)
Бармақ Мұқанбайұлы · 189 жол
Білмесең пасық сөккенді,
Көрерсің абыройын төккенді.
Ақырында байқарсың
Іскен менен кепкенді.
Сонда керек қыларсың,
Түбіңе қалмақ жеткенде,
Жанған отың өшкенде,
Басыңнан бағың көшкенде,
Нәсіп берген Жаратқан,
Ескермесең, ескерме.
Ақылы жоқ сасықбай
Көрерсің арттан жеткенде.
Қарамай Қамбар жөнелді,
Сонда Назым сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Рас айттың, жұртқа бас,
Ерінбеген ұйықтамас,
Қосылса сауап екі жас,
Батыр, сізге не қылдым
Көңілімді қылдың мұнша мас.
Не демейді дұшпан-дос,
Қайратың тиген кедейге
Сен бір жарық гауһар тас,
Тым болмаса, қалқам-ау,
Жақсы сөйлеп көңілді аш.
Сонда да Қамбар батырың
Қарамай кетіп барады.
Бұны көріп Назым қыз
Мұңайып көзден төкті жас.
Қарамай Қамбар жөнелді.
Назым үйге келеді,
Әзіл қылып тұрғанын
Ағалары көреді.
Ызаланып жиналып
Сырттан даттап сөгеді.
Әзімбайдың бес ұлы
Күрсілдеген неме еді.
Ашуланды Арыстанбек,
Балдарына бас тентек.
Қолына ұстап бір келтек,
Айқайлады жерді өртеп.
Ашуланды Қараман:
– Соғысуға Қамбармен
Артынан іздеп барамын,
Түбірге ойран саламын.
Жалғыз атты Қамбардың
Атымен өзін жарамын.
Осылай кегімді аламын,
Есебін сүйтіп табамын.
Түбірлерді құл қылып,
Сүйегін иттің шағамын.
Қараманның соңынан
Ашуланды Оймауыт,
Нар түйедей бойлауық.
Зіркілдейді Есқара,
Ашуы келіп масқара
Ойнай ма ол, шындай ма
Секілденген жас бала.
Жүгіріп келді Ақтабан,
Тентекті көрсе жақтаған,
Қамбардан асып қайраты,
Ызасы келіп қаптаған.
Озып жүрген елінде,
Ешкім тура жақпаған.
Өңкей тентек жиылып,
Шоқпарына сиынып,
Алшыоразға айтады
Мына сөзді баяндап,
Дірілдейді тұтығып
Тұралмайды аялдап:
– Қамбар келіп нағып жүр
Жүрегім келді қаяулап,
Атын тартып алғанда
Кететін еді жаяулап.
Алшыораз сөзі:
– Арбаңдаған бесеуің
Жиылып келдің елеңдеп,
Адырайып жүресің,
Сөйлемейсің төмендеп,
Дірілдейсің талқан боп
Бура құсап шөмеңдеп.
Әкем қылған уәде,
Назымдай жалғыз қызымды
Сүйгеніне берем деп.
Ауылда жүріп сандалма, –
Айтады сөзді шеберлеп.
Кет,– деді, – бәрің жөнеліп.
Қамбардай батыр табылмас,
Сол себептен сөгем, – деп.
Енді келсең қасыма,
Абыройыңды төгем, – деп.
Ақылсыз туған ағалар,
Ер қолынан мал тайса,
Өзен-суды жағалар.
Жақсы менен жаманды
Жаратқан бәрін Құдайым,
Жақсыны жаман табалар,
Ірі қылып сөйлесең,
Ғаріптің көңлі шамалар,
Қамбарға Құдай бақ берсе,
Әр жерден дәулет жамалар.
Алла бағын тайдырса,
Байдың көзі ағарар.
Қалмақтар келіп жай салған,
Сүйдім деген қала бар,
Мақтым деген ханы бар,
Оның ерлік дабысы
Қамбарменен барабар.
Олар да есітіп қалыпты
Әзімбайда бір сұлу
Назым деген бала бар.
Назымның атағы қалмақтың ханы Мақтымға жет
ті. Мақтым Назымның атағына ғашық болып, қалай алу
жағын қарастырды. Әуелі алдынан сұрап, беделімен
алайын, егер бермесе күшпен тартып алармын деп, елші
жіберуді мақұл көріп, өзінің тілмаш молдасы шалақазақ
Келмембетті шақырып айтқаны:
– Су атасы бұлаққа,
Жол атасы тұяққа.
Әзімбай деген бір байдың
Назым деген қызы бар,
Сөйлесіп маған әпер,– деп,
Қалмағын, – деді, – ұятқа.
Он жігіт ал қасыңа,
Дәулет құсым басымда.
Қорықпай сөйле тартынбай,
Нашарлық қылып жасыма.
Бірнеше күн жол жүріп,
Аз ғана емес, мол жүріп
Келіп қалды Келмембет
Әзімбайдың жұртына.
Жалғыз келді Келмембет,
Жолдасын қойып сыртына.
Мұны көріп бес тентек,
Нағып жүрген адам деп,
Шыға келді алдынан
Қаһарланып жұлқына.
Сөйлейін деп Келмембет
Жауап қылды ұмтыла.
Келмембеттің сонда айтқаны:
– Аманбысың, жарандар,
Өздеріңе белгілі
Сүйдім деген қала бар,
Сүйдім елдің патшасы –
Мақтым деген дана бар,
Әзімбайдың үйінде
Назым деген бала бар,
Айттырып келдім бұл қызды,
Қалай дейсің, ағалар?
Арғымақ ат бізде бар,
Алтынды кежім сізде бар,
Жаптыртқалы келгенім.
Ханды қабыл көрмесең,
Қыздарыңды бермесең,
Ноғайлының бәрінде
Шаптыртқалы келгенім.
Бұқара қылып бәріңді,
Қасқитқалы келгенмін,
Ерегіссең көзіңді
Бақшитқалы келгенмін.
Алмас кездік бізде бар,
Піскен қауын сізде бар,
Тілдіргелі келгенім.
Ханның айтқан жауабын
Білдіргелі келгенім,
Жақтырмасаң сөзімді,
Бүлдіргелі келгенім.
Құда болып сіздермен
Бір жүргелі келгенім.
Қылыш түспей білектен,
Аузы кетпей тілектен,
Үйде отырған Алшыоразға
Өтті сөзі сүйектен.
Алшыораз да ер еді
Талайларды жүдеткен.
Шыға келіп Алшыораз
Жағадан келіп алады,
Келмембетті білектен.
– Не дейсің маған, Келмембет,
Малайлықпен күні өткен.
Аударып алып атынан,
Тепті келіп жүректен.
Талып қалды Келмембет
Жігіттерге сүйеткен.
Құлағын кесті құнтитып,
Мұрнын кесті шұнтитып,
Сақал-мұртын күзеді,
Он жігітін өлтіріп,
Қалмақты мықтап түзеткен.