Әсет пен Бақтыбай
Әсет Найманбайұлы · 1867–1923 · 76 жол
Ақын Әсет, ұраным қарашордан,
Тұқымы өскен Арғыннан шықтым молдан.
Жеті жыл Қараөткелде оқып едім,
Бұл өлең адастырды орта жолдан.
Ғылымнан махрұм қалдым өлең дарып,
Өмірді өлең үшін етіп сарып.
Желіккен жел сөзбенен қайран өмір,
Өмірді зая қылған мен бір ғаріп.
Байжігіт, Тума, Тоқпақ, Байсиықты,
Үш-төрт жыл қоныс қылдым іздеп барып.
Секілді Семей, Омбы бәрі таныс,
Адамзат қайда бармас дәм аударып.
Көрінер сөз үлгісі порымында,
Аузымның ағаты жоқ қиюында.
Шақыртып Дулат болыс алып барды,
Садырда Жақанбайдың жиынына.
Жүз жылқы, тоғыз құндыз – бас бәйгесі,
Торт болыс қауымының ұйымында.
Тарқатты сол жиында татулықпен,
Ел екен аласы жоқ пиғылында.
Жаратқан Арғын, Найман арыс қылып,
Арасын өскен елдің алыс қылып.
Садырдың бұл жиыны болды ұран
Ұлы жүз, Орта жүзді таныстырып.
Садырдың Мұқаншыда аса қосы,
Қазақтың ас мұра ғой бір пормысы.
Баласы Үйсін атам Жалайырдан,
Келіпті Жәлменді атты бір болысы.
Бақтыбай ақыны бар, Үйсін асқан,
Қапалға, Басқан, Сарқан лебізін шашқан.
Әкепті өз Матайым Төлек атай,
Сонысын ақынсынып ұялмастан.
Айтыстым амал бар ма Бақтыбаймен,
Көңілін көпшіліктің қия алмастан.
Қозатын айғай шықса қу делебем,
Тоқтатып өзімді өзім тыя алмастан.
Аға баласы деп, жұрт айтысты бастауды Бақтыбайға
ұйғарысады.
Бақтыбай:
Уа,менің атым Бақтыбай,
Домбырамды қақтым-ай.
Сөз нақысын таптым-ай,
Үйсін, Найман бас қосты.
Тыңлатайын жақсыма-ай,
Туралы тұлпар дуда озар.
Өлеңнен оқты аттым-ай,
Ағын судай ақтым-ай.
Қатарын малдай бақтым-ай,
Арғыннан келген ақын кім.
Зікір салған бақсыдай?
Әсет:
Бақтыбай, тең болмайсың меніменен,
Қатынның дауыс айтқан сөзіменен.
Кісідей ақсақ басқан оралаңдап,
Шырмалып отырам ба сеніменен?
Аузыма анық тартсам, кірмес пе едің,
Лебіндей айдаһардың деміменен.
Әй, сорлы, салындыға ораласың,
Ағынды иірімнің жылымымен.
Үзінді шұқанақтың шалшық суы,
Тең болып па арқыраған дария көлмен?
Қайнасам асхананың қазанындай,
Сорпамның жоғаларсың көбігімен.
Бақтыбай:
Ақынмын мен Бақтыбай Үйсіндегі атақты,
Кім теңер менімен арғы жатақты?
Айталық әдеппенен сыпайласып,
Қоспалық бұл айтысқа көп шатақты!
Қанша жүйрік болсаң да,
Тарта сөйле тіліңді!
Ұлы жүз тең туыпты орта жүзбен,
Кездестік екеуміз екі жүзден.
Арқадан сен келіпсің Жетісуға,
Арғына не себепті күдер үздің?
Қанша жүйрік болсаң да,
Тарта сөйле тіліңді!