Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қамбар батыр (9-бөлім)

Бармақ Мұқанбайұлы · 201 жол

Әруақтар, сенен тілеймін
Қамбар үшін зар жылап!

Сүрінсе қолдан алып жүр,
Адаспас жолға салып жүр.
Жаман емес талабы,
Тәуекелдеп барып жүр.

Жас көдек балам ержетті,
Бекқожа батыр келбетті.
Аман қылып ел-жұртын
Абиыр бергей нәубетті.
Орната көр, ғайып ерен,
Қызыр түнеп дәулетті.

Ат үстінде ер Қамбар
Анасының сөзіне
Жүрегі кетті елжіреп.
– Не болса да көреміз
Соғыс майдан жерінде,
Ноғайлының елінде.
Бір жақсы түс көріп ем,
Жолбарыспен алысып
Өлтіріп едім бір күні,
Жүрмеген дұшпан шеніме,
Талғардың шықтым басына,
Байлап қылыш беліме.
Дұшпанға бой бермейім,
Жүрсе де ол сенімде.
Жар болса бабам әруағы,
Енгізермін көріне.

«Тәуекел түбі – жел қайық,
Мінесің де өтесің;
Уайым түбі – тұңғиық,
Түсесің де кетесің».
Талабым алда ілгері,
Жау түбіне жетемін.
Өлсем басым сүйейтін
Жолдас-жоба ертемін.

Қара қасқа тұлпарын
Беренменен белдіктеп,
Жонаменен желдіктеп,
Мақпалменен терліктеп,
Жібектен айыл салады,
Байлап қамшы алады.
Күн тимеген бауырдан,
Жел тимеген сауырдан
Қара қасқа тұлпарды
Қамшыменен салады.
Атымен «шу!» деп кеткенде
Тау жаңғырып қалады.
Айбынына қарасаң
Тіктеп көзің талады.
Бес жүз жігіт жолдаспен
Алды-артына қарады.
Қылыштарын асынып,
Байлаулы жанда садағы,
Жолдастары арынды
Артынан қалмай барады.
Түгелдеп алған қолында
Құрал-сайман жарағы.

Ойпаң жерден орғытып,
Жарлау жерден сырғытып,
Арынын аттың баса алмай
Келе жатыр сорғытып,
Ат үстінде алысып,
Бірін-бірі қағытып,
«Жай жүр» деп Қамбар бұйырды,
Желіңкіреп сырғытып,
Аттары суып жараған
Келе жатыр жылжытып.
Алабыртқан жігіт көп
Құрыстап жауырыны жын бітіп.

Көбік шығып сауырдан,
Тер тамшылап бауырдан.
Қарауылдап Назым қыз
Шыққан екен ауылдан.
Амандасты Қамбарға,
Жақсы көзбен қарайды
Тәрізденіп сағынған.
Аққудай мойны созылып,
Қайысқандай қабырғаң,
Екеуі де сымбатты
Қалай сәйкес табылған?!
«Аман ба – деп, – анаңыз» [сұрады]
Жері жоқ сөзден жаңылған,
Батырға қолын қусырып
Мінезі майда жібектен.
Жалт етіп көрсең жаныңнан.
Қайырылып Қамбар сөйледі,

Мойнын бұрып Назымға:
– Тоқтамас көңлім әзілге,
Кетпесін тілеу жазымға,
Жаманға жүрмес базына,
Лайық туған кісі едің,
Замананың сазына.
Жауға кетіп барамын
Соғысуға қалмақпен,
Тілеуіңді бұзба, – деп,
Амандасты қызға кеп, –
Аман-есен жүрмісің,
Қу қалмақты мырза деп
Бет алып кетіп барамын, –
Деп айтады ер Қамбар,
Жолыма менің тұрма, – деп.
Мен сенікі түбінде,
Тілеуіңді бұрма, – деп,
Қош айтысып жөнелді.
Алам деп сені кеп жатқан
Мақтым қалмақ шын ба?–деп.

Қыздан әрі өткенде,
Ордаға таман жеткенде,
Ысқырады аспанға
Садағын тартып шерткенде,
Алдынан шығып Келмембет
«Осынша жұртты күттіріп»
Кейіп келіп сөккенде,
Батырдың аты осқырып,
Жолдастары қасында

Келмембетке ақырды,
Шығарып есін састырып.
– Ханыңа барып хабар қыл,
Жолдас қылған жақтырып,
Тез барғын, – деп жекіріп
Алдынан жіберді шаптырып.

Мақтымға барды Келмембет,
Пұшық мұрны қасқиып:
– Батыр деп Қамбарды есіттім,
Ақын емен, батырмын,
Сәлем айт, – деп жіберді,
Маған мұны тапсырып.
Мұны естіп Мақтым хан:
– Қазағыңды мақтайсың,
Көрінбе, – деп, – көзіме.
Ашу қысып еліріп,
Қуып шықты ордадан
Келмембетті басқа ұрып.

Келмембет сонда сөйледі:
– Хан емессің, қабансың,
Тамам ханнан жамансың.
Жақсылықты білмеген
Адамзаттан надансың.
Бет-аузыма қарашы,
Мендей көзің ағарсын.
Жолдасыңды сабайсың,
Жақсылық қайдан табасың?!
Хан емессің, қасқырсың,

Қара албасты басқырсың.
Көк есектей тепкілеп
Қамбар сені басқа ұрсын.
Абиырыңды кетіріп,
Өзіңді ұстап өлтіріп,
Жаныңды жаһаннам жіберіп,
Тиісті жерге тапсырсын.
Құлақ-мұрның кестіріп,
Абиырыңды мендей аштырсын.

Келмембет шықты сілкініп,
Қорықпай сөйлеп іркіліп.
Қамбар келді күркіреп,
Елдің бәрі жүгіріп
Алдынан шықты дүркіреп.
Қамбарға келіп Келмембет,
Өксіп сонда жылады:
– Тегі жаман ит қалмақ,
Соқты деп мені сілкілеп,
Осындай итке тілмаш боп
Болдым жұртқа күлкі, – деп.

Камбар: – Жарайды, Келмембет, екі жүзді қарабет
адам болмасаң, сенің зарыңды, теңдігіңді алып берермін,
асықпа, сабыр ет,– деді. Қамбардың жолдастары ауылды
қоршап тойға келген кісідей түсіп жатты.

Ордаға түсіп Қамбар ер,
Отырған соң жайланып,
Ақтабанды шақырды,

Осылай істеп ақылды.
– Ақын деп бізді шақыртқан
Мақтым ханға хабар ет,
Көрсін мендей батырды,
«Шайымды құйып берсін», – деп,
Тапты қайдан қатынды?
Ноғайлының еліне
Мұнша неге басынды?!
Ақтабан, тезірек барғын, – деп,
Қамбар қылды ашуды:
– Барып айтқын, Ақтабан,
«Келдің, қалмақ, алыстан,
Сені сөзбен тоқтатқан –
Алшыораз біздің данышпан.
«Қоян өлер қамыстан,
Ер өледі намыстан»,
Сізді іздеп келіпті
Бекқожаның баласы
Батыр Қамбар дабыспен.
Онан да басқа жерлерде
Көп жүйрікпен жарысқан.
Әнжімен де соғысып,
Оның да ақылын тауысқам.
Екі күнде барам деп,
Айламенен аңдысқам.
Әркімнің ата-тегі бар,
Ел ішінде бегі бар,
Батырды «ақын» деп айтқан
Жүрегімде кегі бар.
Қарамайсың өзіңе,

Әсет Найманбайұлы өлеңдері

Барлық 60 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері