Қарасай, Қази (2-бөлім)
Қарасай-Қази · Қашаған Күржіманұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Және дұғай сәлем айт!
Аламанды бастап, меңгерген,
Ерлердің бәрін тең көрген,
Дұшпанның бәрін кем көрген,
Көк сүңгісін алға өңгерген,
Талай жерден жол көрген,
Садағын сала байлаған,
Астана жұртын айналған,
Қылжуырдай қисайған,
Қалмақты қырса, тыншайған,
Ар алған талай қамалдан,
Мұсылманның батпай жатқан жауынан
Оза шауып, талай жол алған.
«Аттанды»,— деп есітіп,
Қорыққаннан, ерлерім,
Кетпей тұр аузым тобамнан,
Кетпей тұр қолым жағамнан,
Сәлем хат осы жеткен соң,
«Аламанды бастап келер», деп,
Дәмелі болып мен тұрмын
Қарт Нәрік сынды ағамнан.
Және дұғай сәлем айт!
Қалмақтың алған елдерін,
Елін жаман бүлдіріп,
Тартып алған жерлерін,
Тартып алып, меңгерген
Дария, шалқар көлдерін,
Біздің елге қарай бағыттап,
Менің келді жансызым.
«Аттанды»,—деп айтып тұр,—
Есіктегі күң менен,
Құл болмаса қойдағы,
Қалмақтардан бұл күнде
Бізге қарай бағыттап,
Аттанды,—деп айтып тұр,—
Қыбырлап жатқан аймағы».
Мына сөзді естіп,
Есіме түсті қайдағы.
Бұ да келсін, батырым—
Қыдырбайдың ұлы ер Қобылан
Туа бастан ер болған.
Ерлігінің белгісі—
Қолына талай ел қонған,
Оза шауып, олжа алған,
Жасанған жауға қол салған.
Айдарлысын құл еткен,
Тұлымдысын күң еткен,
Алдына айдап мал салған,
«Қайратың қандай хансың», деп,
Иә, бір қыбырлаған жансың», деп,
Сәтемір хан мен Сәтті хан—
Екі бірдей ақ сұлтан,
Екеуіне де хабар, жар салған.
Алмасын шапса, кеседі,
Жау көрсе, көңлі өседі.
Қайратын көзім көрген жоқ,
Қыдырбайдың ұлы Ер Қобылан,
Атын айтып әркімдер,
Мұны да «Қобылан, Қобылан» деседі.
Және дұғай сәлем айт!
Алтын сарай ішіне
Ерлердің бәрін жидырған,
Садақтың оғын құйдырған,
Мылтық пенен зеңбірек,
Мұның да оғын жидырған.
Атасы өткен Бүркіт хан,
Билеген елі бес мың сан.
Қаумасынан кетпеген
Бас көтерген мұсылман.
Дұшпанға қарсы шыққанда,
Оқ дәрісін арттырған,
Арбаға пұттап тарттырған.
Жөнелер кезде той етіп,
Ат бәйгісін шаптырған.
Бір параға нар беріп,
Бір параға ат беріп,
Бір параға сарпай жаптырған.
Байтақ малды сойдырған,
Астана жұртын тойдырған,
Аламанның сыртына
Күзетші, сақшы қойдырған.
Қара көңіл жаманды
Сағатқа қоймай, жойдырған.
Шариғаттан басқаны
Құлағына алмаған.
Өз көзімен көрмесе,
Айтқан сөзге нанбаған.
Руза мен бес намаз
Біреуін қаза салмаған.
Уәде, қаулы етіссін,
Уәделерін бекітсін,
Сәлем хат осы жеткен соң,
Бүркіттің ұлы ер Әділ—
Бұ да қалмай жаудан, жетіссін.
Және дұғай сәлем айт!
Күндік жерден оқ атқан,
Атқан оғын алты қырдан асырып,
Ерте тұрып, кеш жатқан,
Күндіз жүріп, түн қатқан,
Қабағына қарыс сүйемге
Жақын мұз қатқан,
Айдаһармен, аюмен
Қойындаса келіп бір жатқан.
Айдаһардың ішкен су
Қордасынан келіп дәм татқан.
Астында мінген тұлпары—
Қабан құлақ қараша ат
Дұшпанға қарсы шапқанда
Қаршыға құстай парлаған.
Айдаһардың жүрегіне
Қолдарын салып барлаған,
Дулығалы бастарды көп кескен,
Дұшпанды көрсе, өштескен,
«Менің жебедей жауһар қияғым—
Өлді,—деп тұр ғой,—Орағым».
Орағымнан қалған қарағым—
Айналайын, Қарасай,
Аламаннан, қалқам, қалмай кел,
Қабыл болсын талабың!