Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай, Қази (5-бөлім)

Қарасай-Қази · Қашаған Күржіманұлы нұсқасы · 2 мин оқу

«Ардақты ағам Қарасай!
Менен үлкен сен едің,
Сенен кіші мен едім.
Атам Орақ өлгелі
Қайғы мен уайым жеп едім.
Атам тірі тұрғанда,
Қай қазақтан кем едім?
Жамандарға көп едім,
Жақсыларға еп едім.
Атқа тұрман саласың,
Жалғыз тайға саудалап,
Мені сатып, барасың.
Мен қарғасам, тай өлер,
Ит пен құсқа жем болып,
Бір жапан түзде қаласың.
Жүретін едім сағынып,
Жалғыз тайға сатқандай
Күнәлі болдым, не қылып?
Күнәсіз болсам, Қареке,
Сенің өлгенің жақсы, қағынып.
Мырзаға көңілімді бермеген
Сұмырай басым, қайтейін,
Бір алжыған қақбасқа
Қаламын ба бағынып?
Алманың мойным сабындай,
Менен ару бар ма еді
Мүниям жатқан табыңда-ай,
Ашпаған екен бағымды-ай?!
Бір жаратқан Аллаға
Мендей жетім не қылды-ай?!
Маңдайым күндей балқыған,
Ажарым нұрдай шалқыған,
Қастарым қама құндыздай,
Көздерім Шолпан жұлдыздай.
Қасиетіме қарасам,
Атқа таққан андыздай.
Жылатып шалға берер ме
Мендей сұлу жалғызды - ай?
Шал аузына қор қылма
Жауқазындай етімді,
Күн көрмеген бетімді.
Менің ағам сен болсаң,
Жаман көрдім ниетіңді.
Көп өтініш етемін,
Тілімді алсаң, ағажан,
Жылатпа мендей жетімді.

Сонда Қарасай қарындасынан жеңіліп, тумаластық еске түсіп: «Қарағым, сені жылатып кеткенше, жаяу кетейін»,—деп, аттан секіріп түсіп, бес қаруы белінде, жаяу жүгіріп кетеді. Ел тоқтатуға қорқады. Шешесі мүгедек, үлкен кісі ғой, қоштасып, үйде қалған екен, соған халық хабар берді. «Бір себеп болып, балаң жаяу кетті, ол жауға да, ауылға да жете алмайды, далада қалады»,—деп хабарлайды. Сонда кемпір тұра жүгіргенде, ұйықтап жатқан баласы Қазидың басына сүрініп жылады.

Сонда Қазидың басын ұстап отырып айтқаны:

«Басыңды көтер бермен, Қазижан,
Атады бізге, не қып, таң?!
Жаңа келіп отырмын,
Аузымнан кетіп қара қан.
Жаяу кетті жалғызым,
Болмады айла етерге,
Алған атын бермеді.
Айтсам, сөзім өтер ме,
Соңынан қуып жетерге?!
Есіктің алды қос терек,
Біреуі бар да, бірі жоқ.
Бір желіде—қос тұлпар,
Біреуі бар да, бірі жоқ.
Бір ұяда отырған
Бір лашын, бір сұңқар,
Біреуі бар да, бірі жоқ.
Бір айдаһар, бір жылан,
Оның да біреуі бар да, бірі жоқ.
Ойлап-ойлап, қарасам,
Айым жатыр, күнім жоқ.
Көкірегім толған шер,
Енді болдым қара жер.
Жаңағы кеткен қарғама
Бабай түкті шашты Әзиз,
Сыртынан қолдап, көмек бер».

Сонда ұйқыдан оянып, Қази ағасын сұрап, кетіп қалғанын естіп, тұра жүгіріп келе жатып айтқаны:

Мына сөзді естіп,
Ұйқыдан Қази тұрады.
«Қарекем қайда кеткен?»,—деп
Анасынан сұрады.
Сұрады да, жылады,
Жылады да, жүгірді.
Жүгіре-жүгіре келеді,
Бұ да жаннан түңілді.
Сөйтіп жүріп, сөйлейді:
«Қолымнан кетті көмегім,
Белімнен кеттің демеуім,
Алланың берген медеуім.
Жалаң аяқ, жалаң бас
Жүгіре-жүгіре келемін,
Әлдеқашан көремін?
Көре алмай қалсам осыдан,
Қайғы менен қан жұтып,
Қайғырып мен де өлемін.
Ішіп-жеуге нәрім жоқ,
Бір Жаратқан Алладан
Болмаса менің қорегім.
Айрылып қалдым мен жалғыз,
Алла қылды, амал жоқ.
Енді байқап қарасам,
Қарасай—ағам маған жоқ.
Еңіреп қалған Қази саған жоқ.
Айбары едің елімнің,
Елімде сендей адам жоқ.
Халқымның кетті қаласы,
Айдаһардың кетті баласы.
Бастыратұғын болмады
Табандарымның жарасы.
Жасаған Жаббар Құдай-ай,
Бұл күндері болғанда,
Аңдып жүрген дұшпанның
Қанатын болды табасы».

Тағы оқыңыз