Қарасай, Қази (6-бөлім)
Қарасай-Қази · Қашаған Күржіманұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Қази жылап келе жатқанда алдыңғы кеткен Қарасай шаршап-шалдығып, енді жүруге әлі келмей, табаны тесіліп, маңдайы кесіліп, бар киімін шешініп, екі аяғын көсіліп, майдан далада, тау шатқалды салада есі кетіп еңіреп, аузын ашып отыр екен. Үстіне Қази келіп, екеуі жарлылықты, жоқтықты айтып отыра береді.
Сонда қарындасы—Қибат ауылда отырып, әр түрлі ойға кетеді. Қосайдың Тарланын алып келген күні түс көріп, бұл кеткенде, Қарасайдың жауды жеңе алмайтынын біледі. Қази да жаңа түс көріп жатқанда, шешесі оятып жіберген екен. Қибат ойлап-ойлап: «Атты апарып берейін, көнсе, екеуін, көнбесе біреуін алып қайтайын»,—деп Тарланға мініп, арттарынан қуып жетіп, Қарасайға сөйлеуге қорқып, Қазиға айтқаны екен:
—Кел, Қазижан, елге қайтайық,
Ағамен қош-қош айтайық.
Қареке, кетіп барасың,
Көрерміз бе енді біз жарық?
Біздер шулап жылаймыз
Құс ұшпастың құба шөлінде.
Орақ, Мамай хан болған
Он сан Ноғай елінде.
Жолдасыңды жауға тастасаң,
Халыққа қайта көрінбе.
Ұйқыда жатып түс көріп,
Бір ғаламат іс көріп,
Ат бермей қалдым сынарға.
Атам—Орақ, Мамайдың
Сүйегі тұтам асылды-ай.
Келген жері бар ма еді,
Барса, жауын қашырмай?!
Сол атаның орнын алдырма,
Етіңе қажау салдырма.
Буыршын мен бесті атан,
Құладын құсқа да шалдырма!
Айналайын Қазижан,
Еділ қайда, ел қайда?!
Болып тұр ма, қарағым,
Сенің де көкірегіңе жел пайда?
Қайсыбірің мінерсің
Айналдырған бір тайға?!
Ойлап-ойлап қарашы,
Орынсыз қалып, шұнайма!
Сонда Қазидың айтқаны:
—Апырмау, қалай сөйлейсің?
Мен артыма, апа, қараман,
Семірген атам жарадан.
Көкемді жалғыз жіберіп,
Мұнда не қып қаламын?!
Ауырып өлсе бір жерде,
Сүйегі қалмай ма далада?!
Атадан жетім қалдырды
Құдіреті күшті Жасаған.
Жер тебіренткен Орақты
Сұм қара жер асаған.
Көкемді жалғыз жіберіп,
Мені қара баса ма?!
Мұнда қалып, мен енді
Не бұйымға асамын?!
Шыққанмын жаяу елімнен,
Қоштасқанмын шығарда
Асу асқар беліммен,
Мамыр үйрек, қаз бен қу,
Шағалалы шалқар көліммен.
Мен, саулық баста тұрғанда
Қорқа алмаспын қалмақ ерінен.
Ажал нәубет келген күн
Қай пенде қашып құтылған
Алланың қазған көрінен?!
Апеке-ау, қалай сөйлейсің,
Мен де бір белгілі туған перімін,
Мен көкемнен тіпті қала алман?!
Мен бойына біткенде
Жеріген Анам арамнан.
Көкемді жалғыз жіберіп,
Мен кең қонысқа қарай
Тіпті бара алман.
Және мен құладын құсқа көз салып,
Қанжығама қаранғам.
Не қылып шыдап тұрармын,
Жіберіп тұлпар қарамнан?!
Ноғайлының ерлері
Түсімде торға оралған,
Торға қалды оралып.
Келер жылы болғанда,
Екі құс барды соңынан,
Шалқұйрықтарын таранып.
Торға қарай құстар түйілді,
Қанаттарын қомдап, шүйілді.
«Неге жаздым торды?»—деп,
Тордың иесі күйінді.
Осы сапар қайт, аға,
Сұраймын сізден бұйымды.
Тыңдамасаң айтқанды,
Шығарарсың жаудан шиіңді.
Сонда Қарасайдың берген жауабы:
—Азып тұрған кілең боқ шіркін,
Мұндай сөзді сөйлемей,
Апаңменен елге қайт.
Қазижан мен Қибатым,
Жер тепкілеп ырғиды
Байлаулы тұрған Ғиратым.
Алла берсе тілекті,
Шығарармын жаудың биратын.
Қазам жетсе, өлермін,
Қазасыз болсам, келермін,
Бітпеген болса ажал ширатым.
Және айтамын сіздерге:
Ажал жетсе, өлермін.
Атам—Орақ, ер Мамай
Бүлдірмеген жаудың нелерін?!
Бөрі тиген қойдайын
Ортасынан бөлермін.
Мен—бір қайнаған қара бұлтпын,
Желге қарап өрлеген.
Жаудан қорқып тұрар ма,
Асыл болса ер деген?!
Атам—Орақ, ер Мамай
Қасарған жауға: «Кел!»,—деген.
Мен—бір жез бұйдалы нар тайлақ,
Сүйретіп жез бұйдасын,
Желге қарай өрлеген.
Және мен—жез шынжырлы құнан піл,
Сүйкенермін барып қалаға,
Тәңірім берсе тілекті
Сонда біздей жетім балаға!
Сен апакеңмен елге қайт,
Алды-артыңа қарамай.
Мұнша жерге келгенсін,
Кеткенімді халық білген соң,
Енді елге қайта жүгіріп,
Мен бір доп ойнауға шыққан бала ма?!
Айналайын інім-ай,
Қызғалдақтай қызыл гүлім-ай,
Енді ауылға мен қайтсам,
Ұят болмай ма мұным-ай?!
Алып келермін Қосайдың
Тоғыз сусар қара тоны мен
Тоғыз күң мен тоғыз құлын-ай.
Ұйтқыған жүрек басылмас,
Бір тайпа елге ұрынбай.
Сендер айтқан түстерді
Мен де көргем бұрында-ай.
Бірақ атам—Орақ, ер Мамай
Талай түскен тіркеуге,
Мұнан да келген аман-сау,
Мұрындығы жырылмай.
Сен апаңмен елге қайт,
Мен кетейін енді бұрылмай.