Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Нәрік (2-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

—Хан қалпағың басыңда,
Қырық нөкерің қасыңда,
Қара сақал ақ болып,
Өлетұғын шақ болып,
Әлі дүниеден тоймаған,
Қартайсаң да дүниені ойлаған.
Жолдасың жатыр дем алып,
Жетелеп атың оттатып,
Қара сақал ақ болып,
Өлетұғын шақ болып,
Ат жетелеп жүргенде,
Әзірейіл келсе тап болып,
Онда не қыласыз сіз?—деді.—
Қойды бағып жүрсек те,
Дем алып жүрміз ғой біз,—деді.
Сонда Нәрік сөйледі.
Сөйлегенде, не деді:
—Хан қалпағым басымда,
Нөкерім бар қасымда,
Қазан деген қала еді,
Ол Қазанның шәрінде
Нәрік деген хан едім.
«Бір жақсы әйел алам» деп,
Шығып едім далаға,
Тоқсан баулы ноғайдан
Бір қыз іздеп таппадым.
Сол ноғайдан қолайлы
Оны да қылған Құдай-ды,
Бұл жерден шығып кетемін.
Тірі болсам, екі күнде
Елге барып жетемін.
Сонда қойшы сөйледі:
—Халық ұстаған ханымыз,
Сөзіме құлақ салыңыз,
Анау көрінген екі көлдің арасы,
Арасында көрінбес
Еш нәрсенің қарасы.
Соған көзіңіз салыңыз,
Ол Асылнұр деген ноғай еді,
Өзі сексендегі шал еді,
Кемпірі жетпісте бар еді,
Адал, өзінде қара жоқ,
Меңді деген қызы бар,
Он сегізде жасы бар.
Меңдіні көрген адам қасынан кете алмайды,
Ешбір адам баласы оған жете алмайды.
Ол қыз болғанда, қызық,—деді,
Жаратқан адамнан бұзық,—деді.
Ол жерге шығып жалғыз отырғаны:
«Ер жеткесін балама
Ноғайлы көзін салар деп,
Ықтиярсыз тартып алар» деп.
Өзі артық туған ер еді,
Бұрын-соңды төре еді.
Бір күндері болғанда,
Жасы сексенге жеткесін,
Буыны босап жүр еді.
Меңдіні көрген адам кетпейді,
Онан адам баласы өтпейді.
Айтып болдық біз,—деді,
Жақсы әйел алатын болсаңыз,
Қасынан көріп кет,—деді.

Сонда Нәрік қасындағы билеріне:—Тұр,—деді. Өзі де сары қызыл тұлпарға мініп алып билерін ертіп алып сол шалдың үйіне қарай жүре берді.

Асылнұр алты ағашты қаққан екен,
Сол жерді мекен етіп жатқан екен.
Жетіп келіп Нәрік:
—Болармын қонақ мен,—деді,
Рұқсат берсеңіз сіз,—деді.

Сонда Асылнұр шал:—Түсе беріңіз,—деп, бүкшеңдеп үйге қарай жүре берді. Меңді үйінен көрініп шықпады. Үйге кіріп бұлар бара алмады. Олар қонақасын кем қылмай беріп тұра берді. Сонда Нәрік хан қырық биіне айтты:—Біз келгелі үш күн болды. Үйде жата береміз бе? Қызды көріңдер,—деді. Сонда Әліби жүгіріп келіп үйдің тесігінен қарап, қызды көріп, кейін кетті. Сонда қыздың әкесі Әлібидің қарағанын көріп қалып, үйден бір жаққа шығып кетті, шешесі екінші жаққа шығып кетті. «Бұларды қонақ екен» десем, жау екен, жабығымнан қол салды» деп, ашуланды. Сонда үйдегі Меңді ару да үйден шығып, әкесіне қарай жүре берді. Келіп әкесінің қолынан ұстап сөйлей бастады:

—Айналайын бабамыз,
Ақылға қамал данамыз!
Алла нашар жаратқан
Біз бір жалғыз балаңыз.
Жібермен, әке, мен,—деді,
Өлтіресің сен,—деді.
Өлгеніңді, әке, көрермін,
Қолымнан қазып көмермін.
Бір шыбындай жаныңыз
Алладан келген аманат.
Аманатын Алланың
Көз алдымда берермін.
Егер біреу сізге қас болса,
Кескілесіп өлермін
Кетпе, әке, далаға.
Қайтпай ма екен әкесі
Біздей жылаған балаға?
Кемпір де кетіп барады,
Түсі оның бұзылып,
Көзінің жасы төгіліп,
Мезгіл-мезгіл жығылып,
Әкесін қолынан жетелеп,
Шешесіне келеді.
Шешесінің қолынан
Тағы ұстап алады.
Бұрын қорлық көрмеген
Кемпір менен шал еді.
Атасы әйел болса да,
Меңді ару жалғыз бала еді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз