Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Нәрік (13-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Қашырып жауды қайтқаным
Болар деді мақұл-ды.
Сол жауапты айтқанда,
Қасында қырық батыры кеңесті.
«Құдай бізге берген екен,
Әлібиді өлтірген
Мына қашқын келген екен.
Бұл Шораны өлтіріп,
Ханжанды өзіміз алайық,
Қатынды болып қалайық»,—деп.
Сонда Шора сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Байтақ жатқан ел,—деді,
Бөлек жатқан Ноғайдан
Ұрысуға кел,—деді.
Мені өлтірсең, Ноғайлы,
Кегің қайтар, ер,—деді.
Ақырып сонда сөйледі,
Аузынан Ер Шораның
Қызыл-жасыл от жанды.
Сонда қырқы сасады,
Тырағайлап қашады.
Қырқы қашып кеткесін,
Ханжанға Шора жауап қатады:
—Хан боламын Қазанға,
Атам кеткен жер еді.
Атамнан болса рұқсат,
Алармын, Ханжан, сені,—деді.
Кешікпей енді кетемін
Меңді ханның еліне,
Оған бір қайрат етемін.
Меңді ханның елін алармын,
Айдап, жауға салармын,
Еліме сөйтіп барармын,
Атамнан болса бір жауап,
Кешікпей келіп алармын.
Қайта берің сен,—деді,
Орнында тұрсын Әділше.
Ешкім қолын сала алмас,
Аударып тағын ала алмас.
Атама жәбір бұл берген
Өгіз хан қалмақ ол еді.
Қазаннан Шора қайтқанда,
Баяғы көрген Құлыншақ,
«Шора Қазанға кетті» дегесін,
«Мен де артынан барайын,
Қалмаққа барып соғыс салайын»,—дейді.

Сонда Шора мен Құлыншақтың кездесіп, қосылған жері еді. Сонда Құлыншақ Шораға сөз бастайды:

—Асыл туған Шорамыз,
Артық туған төреміз,
Қазанға таман баралық,
Барып қайрат етелік.
Онда жатқан қалмақтың
Көрелік қандай салмағын.
Ол Қазанда Әділше,
Кеткесін Нәрік, хан еді,
Көп Ноғайды билеген
Ақылы асқан жан еді.
Қырық батыры: «Жау келсе,
Алармыз» деген жан еді.
Әрқайсысы үйде отырғанда
Бәрі төреге тең еді.
Қырық сондай батыры
Не қылды екен қалмаққа
Барып жатқан деп еді.
Сонда Шора сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Асыл туған ағамыз,
Ақылға қамал данамыз,
Асыл туған ағасың.
Қалмақтың көрдім баласын,
Қазанның көрдім қаласын,
Ол Қазанда мен көрдім
Қырық батырдың шамасын.
Жауды көрсе, сасқандай,
Қалмақты көрсе, қашқандай.
Қалмаққа салдым ойынды-ай,
Қалмақтың еттім тойында-ай.
Жатқан екен ол қалмақ
Үш айдан бері қамалап,
Оның бәрі қалды қырылып.
Әділшенің ерлері
Жасаған екен амалды.
Қалмақ қашып кеткесін,
«Аламыз,—деп,—Ханжанды»,
Қырық батыры ойлады.
«Әлібиді өлтірген
Қашқын мұнда келді деп,
Бізге олжа берді» деп.
Ерлер сасып қалған соң,
Мұнда қайтып келе ме!
Меңді ханның еліне,
Бекітіп салған көліне,
Белгілі Ноғай жеріне,
Қай сапарға жүрсең де,
Батыр, енді өзің біл.
Менің жүріп келгенім
Мынау Меңді хан елі еді.
Жүрдім «Тура жетем» деп,
Барып, қайрат етем деп.
Жолға тастап қалмақты,
Қалай алмай кетем деп!
Екі батыр ер еді
Мендіхандай қалмақтың
Еліне жақын келеді.
Қалмаққа жақын келгесін,
Емес қой болат құрама,
Шабыспай батыр тұра ма?!
Жақындап қалмақ келіпті,
«Ноғай келеді» дегесін,
Бекіткен екен қаласын,
Жинаған екен ерлерін,
Неше мықты баласын.
Қалмақтан қалды үлкен қол,
Енді болды бұған жол,
Мың кісі әскер жиналды.
Екі батыр «Алла!» деп сыйынды,
Жеңсіз берен киінді.
Мың кісімен соғысты,
Бірнеше күн тоғысты.
Неше күндей ұрысып,
Қалмақтың алып қаласын,
Екі батыр ер болып,
Танытты-ау оның баласын.
Бір жеті күн болғанда,
Көндірді қатын-баласын,
Мықтысын жинап, қарасын.
Құлыншақтай ерді алып,
Шұбыртып алып жинады
Бүтін қалмақ баласын.
Ол қалмақты алғасын,
Шора елге қайтады,
Елге келіп көреді
Ата менен анасын.
Нәрік сонда сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Асыл туған Шорасың,
Көрдің бе Қазан қаласын?
Көрдіңіз бе қалмақтың
Қамалап жатқан шамасын?
Қарсы барып, шаптың ба
Өгіз хандай қалмақтың
Меңді хандай баласын?
Жолығып оған кеттің бе?
Заңғарға қайрат еттің бе?
Қазанда жатқан қалмақты
Аударып па едің жерінен?
Сонда Шора сөйледі:
—Айналайын атамыз,
Ақылға қамал данамыз,
Астана жұртты меңгерген
Асылы артық панамыз!
Кеткен екен қалмаққа,
Енді болмас қаламыз,
Жылаған екен баламыз.
Қалмақты жерден асырдым,
Бәрін қуып қашырдым.
«Қалмасын,—деп,—біреуі»,
Кетірдім жаудың реңін,
Бітірдім ол заңғардың срогын.
Ол Қазанның маңына
Қоймадым ешбіреуін.
Онан қайттым мен,—деді,
Меңді хан деген қалмақтан
Алдым шауып ел,—деді.
Құлыншақтай батырға
Барып кеттім мен,—деді,
Қара Ноғай елінен
Қалың бердім мен,—деді.
Осылай деп Ер Шора
Нәрік ханға сөйледі.
Құлыншақтан алған Таспакер
Жер астында байланған,
Арқанда тұрып ойнаған.

Ер Шора қалың бергесін, Қара Ноғайға барып қалыңдық ойнап жүрген екен.

Тағы оқыңыз