Тама (1-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Көгістен Тама туады,
Он жасына толады.
Жүгіріп асық ойнады,
Үйіне көп келмеді.
Асық ойнап ұтылса,
Төбелесіп, тартып алады.
Бала біткен қоймады,
Бәрін ұрып сабады.
Бір күндері болғанда,
Балалар кеңес құрады.
«Асығын біз бермелік,
Төбелесті бір салайық».
Тама барды далаға,
Асық ойнап балаға.
Балалар қарап тұрмады,
Қамалап алып, сабады,
Асығын тартып алады.
Асығын алдырып балаға,
Енді тұрмай далаға,
Жылап барды анаға.
Сонда анасы сұрады:
—Қарағым, неге жылайсың?
Бір кеткесін ойынға
Қайта үйге келмейсің.
—Шаршадым ана, мен-ді,—деп,
Асық ойнаман енді,—деп,
Ойға түсіп, бұл бала
Орнында жатып қалады.
Әкесінің жасында
Жауға мінген торы бар,
Ерліктің сонда қоры бар.
Ол баланың көңлінде
Бір түрлі ақыл-ойы бар.
«Айтсам, атты бермес,—деп,
Қару менен жарақты,
Киім менен кешекті
Менен жасырып қояр»,—деп,
Ойлайды сонда ақылды.
Әкесі менен анасы
Ұйықтап үйде жатқанда,
Күннің көзі батқанда,
Көтеріп басын алады,
Төңірекке қарады.
Үстіне киім киінді,
Отыруға қиын-ды.
«Киінбей енді, не етем,—деп,
Ер белгісін етем,—деп,
Ойлаған екен бір ақыл
Басқа жаққа кетем,—деп.
Күнде жеп таяқты
Балалардан, не етем»,—деп,
Үйден шығып жөнелді.
Байлаулы тұрған тұлпарды
Ерттеп мініп алады.
Шылбырға жібек байлады,
Жүрейін деп сапарға,
Кетуге бала сайлады.
Бар киімді кигесін,
Найзаны қолға алады,
Атқа мініп қалады,
Көлденең тартып есікке,
Бала сонда барады.
Ат дүбірі шыққасын,
Есіктен кемпір қарады.
Төсекте жоқ баласы,
Далаға шығып қараса,
Тұлпар мініп баласы
Келіп тұрған, қарашы.
Кейінірек тұр екен:
«Шешем ұстап алар»,—деп,
Ойлаған сұмдық айласы.
Сонда кемпір сөйледі,
Сөйлегенде, не деді:
—Сабыр қылшы, қарағым,
Бізді тастап далаға,
Қайда кетіп барасың
Жатырмысың, бейшара,
Жауға аттанып барады
Жалғыз туған балаңыз.
Басыңды, көтер жолдасым,
Балаңызды қараңыз.
Алып қару-жарағын,
Алыс жолға кетуге
Секілденген балаңыз.
Сонда әкесі сөйледі.
Сөйлегенде, не деді:
—Ақ сұңқар едік қу алған,
Ақтан пәрмен бұл болса,
Дария да тасынған суалған.
Сен дүнииеге келгесін,
Мен едім, балам, демалған.
Берейін батам мен енді,
Алла оңғарсын жолыңды!
«Ермегім деп жүр едім,
Өлгенімше мен,—деді,
Барасың жолға сен,—деді,
Шамаң келсе, тез келші,
Кетпесем өліп мен,—деді.
Атқа бір мініп алғасын,
Қайрылар ма ер жігіт,
Жолың болсын, қарағым!
Рүстем-Дастан ер еді,
Алланың шері—Аршылан,
Омардайын шаһид жар,
Тарықса, жәрдем бер,—деді.
Жеті ғайып, Қырық шілтен,
Перзентімді тапсырдым
Жақсыларға мен,—деді.
Құр ерліктен пайда жоқ,
Айла ойла сен,—деді,
«Айласыз ер тез өлер»
Деген бар-ды қашаннан.
Талай жауға мен бардым,
Жапанда жалғыз мен өзім
Қызылбас пен қалмақтан,
Ындыстан, барып, ел алдым.
Шамаң келсе, қарағым,
Дұшпаныңа көп тұрма,
Жауап айтып, жолығып.
Ер жігітке алыс жер,
Атқа мінсе, жақын-ды.
«Жақынмын» деп айтса да,
Жақын көрме кәпірді.
Кез келген жер тау болар,
Қалмақ пен ындыс жау болар.
Бұрын-соңды жерің-ді,
Тыңда менің кебімді.
Шамаң келсе, перзентім,
Жауға берме еліңді.