Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тама (2-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Қалмақ деген—қатты жау,
Жіберме оған кегіңді.
Асылың артық ер,—деді,
Тапсырдым Аққа мен,—деді,
Саламат бол, сен!,—деді.
Азық-түлік қолға алып,
Жүре берді қозғалып.
Жүрген жердің арасы
Төрт айлық жол деп ойлады,
Осы екен деп шамасы.
Сол кеткеннен көп жүрді,
Қисапсыз жолда мол жүрді.
Таудан тауға асады,
Жазыққа аяқ басады.
Орғыл-орғыл құмдарға,
Жаһан жоқ сөзін тыңдарға.
Жол шамасын білмеді,
Қатты жүріп шыңдарға,
Тауды жүрді жағалап,
Арасын көрді аралап.
Төрт айға күні толғанда,
Қалмақтың көрді қарасын,
Атаның сөзін ойлады,
Білейін деп сол жаудың
Азды-көпті шамасын.
Бар ма екен онда әскер деп,
Қалай екен қаласы.
Білейін деп ойлады,
Ол қалмақтың шамасын,
Мықты салған қаласын.
Жабылып жатқан бұл көрді
Қалмақтың баққан түйесін.
Түйенің келді ішіне,
Баққан малдың қасына.
Нармая мен нар екен,
Ішінде бір шал бар екен.
Шалға таман келеді,
Келіп, сәлем береді:
—Жасың үлкен бабасың,
Біз—бір жүрген жолаушы,
Сізге келдім қыдырып,
Тұра қалдым кідіріп.
Сіздің қайда ел?—деді,
Ел көрмеген пақырмыз—
Қаңғырып жүрген біз,—деді.
Менің жоқ-ты азығым,
Ашып тұр менің қарыным,
Жақын жерде ел бар ма?
Аш-арыққа беретін
Осы жерде мал бар ма?
Сонда шалың сөйледі:
—Жақын жерде ел де жоқ,
Қашығырақ ел,—деді.
Елге барсаң, тоясың,
Сұрағанды қоясың,
Біз—қалмақ деген ел,—деді.
Берік еді қаламыз,
Салынған мықты қашаннан,
Мекендеп жатқан ел едік
Біздер түгіл бұрыннан.
Балам, жөніңді сен айтшы,
Келе жатсың қай жақтан?
Емессің қалмақ сен,—деді,
Жеріміз жазық, дөң,—деді.
Араласып сен барма
Біздің елге, бейшара.
Аралап барсаң елдерді,
«Кімсің?» деп, сені қыстайды,
Жібермейді, ұстайды.
Ұстағасын, байлайды,
Кете алмай, сорың қайнайды.
Біздің патша—ханымыз
Алты қатар ор қазған
Қарғып жылқы өтпестей,
Ішіне оның тор жайған,
Түскен шығып кетпейді.
Ар жағын қойды жебелеп,
Қозғалмастай бекітіп,
Жебесін қойды шегелеп,
Қаласы биік, орлаған,
Төңірегін сүйтіп зорлаған.
Оры биік, қалың-ды,
Осындай қайрат жасаған
Ханымыз мықты, залым-ды.
Дарбазасы темір-ді,
Күні-түні бағулы,
Күннің көзі батқасын,
Бекітіп есік, жабулы.
Ханнан бұйрық бұл болса,
Күннің көзі шыққасын,
Есікті ашып қояды.
Жас баласың сен,—деді,
Ішінде көп әскері,
Бір мың кісі қол,—деді.
Бағулы тұрған әскері
Онан көп емес сол,—деді.
Күн сәскеге толғанда,
Өзі шығып басына,
Бір кісі ертіп қасына,
Қарауылға шығады.
Тілімді алсаң, жас бала,
Сен бармағын қалаға.
«Қарным ашты менің» деп,
Қалма, балам, бәлеге.
Қара бауыр қалмағым,
Тістерсің сен бармағың.
Тілеуші емес сен,—деді,
Талайды көрдім, мен,—деді.
Қорқып тұрмын бір түрлі,
Түрің басқа сен,—деді,
Шал осылай сөйледі.
Тама сонда айтады:
—Бұрын туған қарасам,
Ата, сіздің түріңіз.
Жақсы-жаман көп көрдің,
Олай деп айтпа сөзіңіз.
Бекіткен болса беліңіз,
Шамалы жерде бар болса,
Хабарлаңыз еліңіз.
Мен—ноғайлы деген,—деді,
Іздегенім сұрасаң,
Қалмақ деген ел еді.
Тұр едім сұрап еліңді,
Тыңдамаймын айтқан кебіңді.
Егер жалған сөйлесең,
Өлтіремін өзіңді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз