Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ер Бегіс (5-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 5 мин оқу

Сонда Бегіс сөйледі:
—Ай, жолдасым, жолдасым,
Жолымызды Алла оңдасын!
Іздегеніміз болды кез,
Қыбырлалық біз тез.
Қаласына баралық,
Барып, ойран салалық.
Қаласын шауып алалық,—
Деп, ерлер жөнеді.
Бұрынғыдан қаттырақ
Жүріп сондай, желеді.
Сол жүрумен отырып,
Екі күнде келеді.
Тобылғы қалмақ бас болып,
Жауына ыза-кегімен,
Ноғайменен қас болып,
Шыққан екен елінен,
Өзінің мекен жерінен,
Аттанған екен ол қалмақ,
Ноғайдағы ыза-кегінен.
Қарсы келді екеуі
Жиылған қалың қалмаққа.
Сонда Тобылғы хан сөйледі:
—Танымадым мен,—деді,
Жөніңді айтшы сен,—деді.
Түсің сары, көзің көк,
Одан басқа мінің жоқ,
Үстіңе киген темір көп.
Жөніңді маған айтшы,
Білейін сені мен,—деді.
Не болмаса, ермісің,
Кек алатын шермісің?
Сонда Бегіс сөйледі:
—Менің тегім—ноғайлы,
Менің атым—Бегіс,
Арғы атам—Қарадөң,
Бергі жағым—Жұбаныш,
Өзімнің әкем—Сүйініш,
Тұқымды едім теп-тегіс.
Қасымдағы—жолдасым,
Қалмақтың келдім қасына,
Жолымды Алла оңғарса.
Іздегенімді сұрасаң,
Хан Тірсектің баласы—
Тобылғы ханның елі еді,
Жүрген жөнім сол еді!

Сонда Тобылғы хан қалмаққа қарап сөйледі.

—Іздегенге—сұраған,
Келген екен жауымыз.
Қарап тұрмай, қалмақтар,
Қыздырыңдар майданды,
Іс қиынға айналды,—
Деп бір ханың сөйледі.
Сонда тұрып Ер Бегіс:
—Ай, қалмағым, қалмағым,
Тістелмесін бармағың,
Жеңіл емес салмағым,
Жекпе-жекке кел,—деді,
Қайратымды менің көр,—деді.
Сонда екі батыр
Жекпе-жекке соғысты.
Екі батыр соғысты,
Аттан салып, тоғысты.
Ақ найзасы жарқылдап,
Сонда ерлер қағысты,
Семсерменен шабысты.
Астындағы аттарын
Ерлер сонда сабады,
Шауып жүріп ерлерің,
Белден ұстап алады.
Олар белден ұстаса,
Аттар тоқтап қалады.
Жағаға қолды салады,
Ат үстінде екеуі
Жағаласып қалады.
Сонда тұрып Ер Бегіс
Қылышпен басқа салады.
Тиген соң қылыш басына,
Жығылып құлың қалады,
Иттің күші танады.
Артындағы мың кісі
Тұрып сонда жапырды,
Бегіс пенен жолдасы
Оларға қарап ақырды.
Ала құйын шаң болды,
Көрмегенге таң болды.
Сол бір уақыт болғанда,
Қасындағы жолдасы
Көрінбеді, апыр-ай,
Жүрегі мұздай болады,
Болса да жалғыз Ер Бегіс,
Қалмаққа ойын салады.
Қалмақты сонда шақырды,
Қалмақтан қайрат асырды.
Көрмеді әлі жолдасын,
Қорықты қатты жүрегі,
Кетті ердің реңі.
«Қасымдағы жолдастың
Біткен шығар дәм-тұзы»,—

деп ойлап, соғысқан жерге келсе, жолдасы аузынан қан кетіп, жүрегі тесіліп жатыр екен. Соны көрген батыр аттан құлап түсті. Қайта есін жиып алып, түрегеліп барып еді, әлгі кісі көзінің жасы бұршақтап отыр екен. Қасына барып, Бегіс сөйледі:

—Айналайын, Құдай-ай,
Қияметтік досымнан
Мені бүйтіп айырдың.
Жабығып қатты мен келсем,
Ақыл берер осылай,
Ақыл берер досымнан,
Құдай қосқан қосымнан
Айырып бүйтіп қойғаның.
Аңға қосқан сұңқарым,
Қанатын екі қайырдың.
Халық үшін өлгенің,
Шәйіт болып кетесің.
Кең сарайға жетесің,
Бұл дүниеден өтесің.
Аманатын Алланың
Көз алдымда бергенің.
Жарық дүние енді жоқ,
Отың жанған болды шоқ,
Не айтасың ата-анаңа,
Әйеліңе және де?
Сонда досы сөйледі:
—Ай, құрдасым, құрдасым,
Жүрген бірге қосылысып,
Арманда болып барамын.
Артымда менің, сұрасаң,
Кәрі атам мен анам бар.
Мен өткен соң дүниеден,
Сол атам менен анамды
Өзімдей қылып кім бағар,
Көңлін оның кім табар?!
Бағатұғын кісі жоқ,
Жұрттың онымен ісі жоқ.
Қурады оның сүйегі,
Қарға-құзғынға жем болар,
Тірі болсаң, барасың,
Атам, анам бар болса,
Қабатыңа аларсың,
Өзімдей қылып бағарсың.
Сүрегі бітіп, ол өлсе,
Барарсың оның қасына.
Және де сәлем айтарсың,
Бар болса менің алғаным,
Дүниенің білдім жалғанын.
Енді маған жарық жоқ,
Қараңғы көрге барғаным.
Ішінде оның бар болса,
Не болса да, баланы
Қолыңа сенің берсін ол,
Өзімдей сені көрсін ол,
Қамықпасын, қайғырып,
Барсын қайны халқына,
Бұрынғы түссін салтына.
Рұқсат оған мен бердім,
Жүре берсін дағдына,
Бұрынғы елдің салтына.
Өзімнен үлкен аға жоқ,
Не болмаса, іні жоқ,
Өттің бастан дүние боқ.
Бұрынғының бірі болармын,
Бұл дүние кімнен өткен жоқ!
Өлмей тағы кеткен жоқ,
Қатын менен баласын
Дүниеден көре алмай,
Қарға-құзғынға жем болып,
Қапыда кімдер кеткен жоқ,
Аман бол енді сен!—деді.
Қағып кірпік өлуге,
Қараңғы көрге жетуге,
Жан досынан айрылып,
Түзеді маңдай кетуге.
Досынан Бегіс айрылды,
Қолындағы баулы ақ сұңқар,
Ол сұңқардан айрылып,
Отырып қалды майрылып,
Қанаты қалды қайрылып.
Отырып сонда, мұңайды,
Мұңайса да, достысы
Өлген соң, қайтып тұрмайды.
Атын сонсоң мініп ап,
Қалмаққа қарай жөнеді,
Шаңы ұйтқып, желеді.
Қалмақтың салған қалаға,
Қамшысын басып Қараға
Сонда жетіп келеді.
Келсе адам тараған,
Кемпір менен жас бала—
Қалыпты, оны бөлеген.
Аяқ басып тұрары
Қашып-босып жөнеген.
Мыңдаған қой қалған,
Сиыр менен қалды түйесі,
Түйенің жоқ-ты иесі.
Айдауына жарамай
Қалыпты құлын, биесі.
Есіз жатқан малдары
Айдап алып жөнеді.
Бір жан жоқ қасында,
Айдағанын сұрасаң,
Қалмақтың қой мен түйесі,
Ер Бегіс болды иесі.
Жүруменен отырып,
Баяғы келді құдыққа,
Суарып малын алады,
Баяғы көрген тоғаймен
Қақ жарып өтіп барады.
Бір, екі, үш ай болғанда,
Елінің келді маңына,
Түсірді елдің жанына.
Керегін жұрт алады,
Тоғыз жүз мал қалады.
Баяғы өлген досының
Кемпір-шалы, әйелі—
Үшеуіне, оған барады.
Барып, әйел сөйледі:
—Ер Бегіс, Ер Бегіс,
Тұқымды едің теп-тегіс.
Алған қайда жарымыз?
Ажал жетіп, өлді ме?
Артында оның, сұрасаң,
Тігулі орда үй қалды,
Бүкірейіп белдері
Кемпір мен шал қалды,
Жиналған дәулет, мал қалды,
Жас он бесте қосылған,
Қынай белім шешілген,
Мендей болған жар қалды.
Және де қалды титтей баласы,
Алған жарым өлген соң,
Кім болар оның панасы?!—
Деп бір әйел егілді,
Көзінің жасы төгілді.

Сонда Ер Бегіс сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Қасымдағы жолдасым,
Ажалы жетіп, ол өлді,
Сен де айрылдың жарыңнан,
Мен де айрылдым ерімнен,
Қатар жүрген теңімнен.
Құтылған пенде бола ма
Алла салған өлімнен?!
Жолдасым сапар шегерде,
Тапсырып кеткен өлерде,
Мен айтайын кебінен,
Ата менен анасын,
Іште қалған баласын,
Жар жолдасын—сені де,
Тапсырып маған кеткен-ді.
Мен алармын қолыма,
Құдай жазса оңына.
Іште қалған нәресте
Дүниеге келген соң,
Оңын-солын білген соң,
Тұмсықтыға шоқытпай,
Қанаттыға қақтырмай,
Оны да әкеп қосармын
Ноғайлының тобына.
Егескен жерде ел алған,
Қыраннан тартып жем алған
Бегістейін батырдың
Ісі келген оңына.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз