Тама (3-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Рас айтқан секілді
Көремін сіздің сөзіңді.
Осы арада жүремін
Нарыңа мін де, желе бер,
Еліңе хабар бере бер.
Бес күннен кейін бұл қалса,
Мен барамын қалаға.
Іздеген жерге жеткесін,
Қалаға бармай, не етемін,
Жолықпай, қалай кетемін!
Бұл қалмақтың көрермін,
Шамам келсе, қаласын.
Өлмеймін десең, бейшара,
Тез еліңе хабар сал,—
Сөйледі де, өтеді,
Жағалап сонан кетеді.
Бір жағында дария—
Ағып жатқан суы бар,
Оның қалың нуы бар.
Жазық дөнді қарасаң,
Киік, құлан аңы бар.
Ол жазықты қараса,
Таутеке мен аңы бар,
Сексеуіл, жыңғыл нуы бар.
Батыр шығып кеткесін,
Шалың нарға мінеді,
Бір түрлі ақыл біледі.
Елге хабар беруге
Нарға мініп жүреді.
Желіп сорлы жөнелді,
Бір күн, бір түн бұл желіп,
Қаласына келеді.
Сәскеге күн толады,
Жеткен шағы болады.
Жабулы тұрған есігін,
Күн шыққасын, ашады.
Ішке кіріп алады,
Хан ордасына келеді,
Келе сонда сөйледі.
Жібермеді хандарға
Сыртта тұрған әскері:
—Кейін тұр, құрғыр сен,—деді,
Жібермейміз біз,—деді.
Түйе үстінде отырып,
Сонда шалыңыз сөйледі:
—Бағып едім түйе мал,
Түйеден келген мен бір шал.
Жасым жетіп меңдеген,
Келдім жаным өлмеген.
Жайдақ мініп мынау нар,
Тек өлмеген жаным бар.
Жас қана келді бір бала,
Астында қатқан аты бар,
Қолында қару заты бар.
«Барам,—деді,—қалмаққа,
Көрем,—деді,—қаласын,
Білемін,—деді,—шамасын»,
Өзі—ноғай баласы.
«Хабар бер елге сен,—деді,
Келдім іздеп мен»,—деді,
Естігесін бұл сөзді,
Ханға келдім хабарға,
Құлағына саларға.
—Рұқсат етсеңіз сіз,—деді,
Барар едім ханға мен,—деді.
Сонда рұқсат береді
Есікте тұрған қарауыл,
Бара бер деп хандарға,
Артық туған жандарға.
Сонда шалың кіреді,
Хан алдына келеді,
Келе сөйлей береді:
—Асыл туған, сұлтаным,
Байлауда бар ма тұлпарың!?
Түйе бағып жүргенде,
Қасыма келді бір бала,
Өзі қызық тамаша.
«Бес күннен соң барамын,
Іркілмей»,—деді қалаға,
Ие болатын секілді
Біздің жиған қараға.
Өтірік емес бұл сөзім,
Жадыңызға алыңыз,—
Деді де, шал жөнелді.
Ханыңыз сонда сасады,
Түсі кетіп, қашады.
Қасына әскер жинады,
Отырып, кеңес құрады:
—Келер деген жоқ едім
Қаңғырған ноғай баласы.
Ерлерім, мұнда келіңіз,
Қаңғырып келген ноғайдың
Кесіп басын алыңыз,
Елге хабар салыңыз,
Жинап әскер алыңыз.
Түйеші шалға барыңыз,
Содан сұрап алыңыз,
Кідірмей, соған барыңыз.
Жалғыз жүрген жан болса,
Басын кесіп алыңыз.
Әскері қалмай жиналды,
Қару-жарақ асынып,
Аттанып жауға шығады.
Таудың шықса басына,
Шаң қарасын көргесін,
Шыққан екен батыр да
Жазық жердің даласын,
Ен майданда көруге
Бұл қалмақтың шамасын.
«Тау майданда ұрыссам,
Атқа қорлық етер,—деп,
Егер қорқып ол кетсе,
Сай-салаға жасырынып,
Ұстатпай құрғыр кетер,—деп.—
Көрейін,—деп ойлады,—
Жердің жазық даласын».
Ен майданда көрінді
Бір адамның қарасы.
Жалғыз қара көргесін,
Заңғар қалмақ қуанды.
Шабуылды салады,
Бірінен-бірі бұл озып,
Жалғыздап кетіп барады.
Қалмақ қатты шапқасын,
Жазыққа қарай шегінді.
«Қашқан екен ноғай,—деп,
Жеткізген екен Құдай»,—деп,
Атқа қамшы басады.