Нәрік (5-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
—Құдіреті артық болғасын,
Он бес жасқа толғанда,
Дұшпанға кегі бермеген,
Беліңе буған алмасты
Суырып жауға сермедің.
Көк жебемен атқанда,
Алдында тұрған тау мен тас
Шағыл құмдай көрмедің.
Жақсы мен жаман көп көрген
Артық асыл ер,—деді.
Атым әйел болғасын,
Не білем, тақсыр, мен?!—деді.
Әйелдің анық білгені—
Қазан менен шайнегі.
Атқа мініп жүрмеді,
Аралап нәрсе көрмеді.
Шашы ұзын болса да,
Әйел деген шіркіннің
Ақылы жүдә кем,—деді.
Қандай ақыл айтайын,
Тақсыр, енді мен?—деді.
Менің тапқан ақылым:
Дидарласып әуелі,
Ол қалмақты көрелік.
Жадыңызға саламын,
Дидарласып көрмесең.
Ол қалмаққа жақын барыңыз,
«Ноғайдан қашқан қашқынмын,
Қорғалай келдім мен» деші.
Бір кеңірек оңаша
Тоғайыңды бер деші.
Сұрағаным—кең тоғай,
Арттан келеді көп Ноғай.
Қашып едік елден көп Ноғай».
Бір-екі күн демалып,
Мұнан да қашып кетерміз,—
деп Меңді ару Нәрікке ақыл айтты. Нәрік хан сонда ойлады. «Мені ғой бұл Өгіз хан көрген жоқ, тек қана атымды есітетін еді. Өзімді танымайды» деп Өгіз ханға барады. Сонда Өгізханға барып алдындағы адамына айтқаны:
—Мен—бір Ноғай елінен
Қашып келген шал,—деді.
Қорғалаймын мен,—деді,
Бір кеңірек тоғай бер,—деді.
Артымнан Ноғай келеді,
О бір бөлек ел,—деді.
Сонда Өгіз хан сөйледі:
—Кең тоғайға қонсын,—деп,
Сол жерде Ноғай болсын,—деп.
Сонда Нәрік хан кең тоғайға барып, қона кетті, Сегіз қанат Орданы тігіп, шұғадан үйді жаптырды.
Алтын зерден бауды тақтырды,
Тоғыз нарға жібектен желі тарттырды,
Алтыннан қазық қақтырды,
Күмістен тоқпақ алдырды,
Қалмақтың қой баққан қойшысы,
Сиыр баққан сиыршысы,
Жылқы баққан жылқышысы,
Түйе баққан түйешісі,
Бірі қалмай жиналып
Нәрік ханның үйін көреді.
Малшылар келіп қараса,
Көкірегі күрілдеп,
Екі көзі іріңдеп,
Буыны кетіп дірілдеп,
Бір шал отыр сырылдап.
Төңірегіне қараса,
Енді үйінде құл отыр,
Адам көргісіз сұм отыр.
Ол құлдың сақалының ағы бар,
Үлкендігі тағы бар.
Үйінде отыр бір әйел,
Ай десе, аузы бар,
Күн десе, көзі бар,
Балдай тәтті сөзі бар.
Тек атасы әйел демесең,
Онан адам өтпеген,
Сұлулығына жан жетпеген.
Қалмақтың малшылары
Бір көргесін, сол үйден
Қайтып кетпеген.
Сонда малшылар Өгіз ханға барып хабар берген. «Кешегі келген Ноғай қызық екен, оның әйелі сізге лайық екен, өздері бұзық екен,—деді.
Ол әйелдің жолдасы
Көкірегі күрілдеп,
Екі көзі іріңдеп
Отырған бір шал екен.
Және оның құлы бар,
Адам көргісіз сұмы бар.
Жүк артып келген тоғыз нары бар,
Үйінде дүниенің бәрі бар.
Тоғыз нарды байлайтын
Жібектен тартқан желі бар.
Алтын екен қазығы,
Күміс екен тоқпағы,
Сол секілді жаман шалдың
Қайдан сондай малды тапқаны.
Сол секілді арудың
Лайықты емес қасына
Жаман шалдың жатқаны,—
деп малшылар Өгіз ханға хабар береді. Сонда Өгіз хан:—Ол қарт мұнда келсін, бар, шақырыңыз,—деді. Нәрік хан қара тұлпарымен келеді. Сонда Өгіз хан:—Менің айтатын сөзім бар,—деді.
—Тоғыз айда жететін
Менің бір қас жауым бар,
Ажалың жетсе, өлесің,
Жетпесе, қайтып келесің,
Тоғыз айлық жол,—деді.
Алты мың әскер берейін
Сол шәрге жетесің,
Барып қайрат етесің.
Он сегіз айда оралып
Қайтып елге келесің,—деді.