Нәрік (9-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Нәрік аттан түседі,
Ерін алып тастады.
Ол қара аттың үстіне
Баланы сонда мінгізді.
Омырауын ашады,
Жүрегіне Нәрік хан
Ер Шораны басады.
Қайтадан атты ерледі,
Алдына алып баланы,
Атқа мініп алғасын,
Нәрік хан елге жөнеді.
Баяғы тұрған жеріне,
Іркілмейді, келеді.
Екі көлдің арасы
Бұл жерге қонып қалады.
Сол жерде мекен етіп
Бірнеше жыл болады.
Шора үш жасқа келгенде,
Сарық қойы бар еді,
Ол қойлардың қорасы
Болатын еді далада.
Бір күндері қой жайылмай кетіп қалғасын, Нәрік:—Мына тұлпарға мініп, қойды қайырып кел,—деп Шораны жұмсайды.
Жалаң аяқ, жалаң бас
Бала жүдә жалаңаш.
Ноқталап мініп, қара тұлпармен қойға қарай жүре берді. Қойға барғанда, қойдың ар жағында бір көп қара көрді. Қараны көргесін, «Үйге барып, әкеме айтайын, бұл жерде бұрын қара жоқ. Бұл не екен» деп, атының басын бұрады да және ойлап тұрып, «Қара көрдім» деп, үйге барып, хабар еткенше, не болады, өзім барып білейін»,—деп, жалаң аяқ, жалаң бас, ноқталап мініп, кетеді. Көрінген қараға жақындап барғанда, көрінген қарадан бір қара шығып, Шораға таман келе береді. Сонда екеуі бір-біріне жақындап келгесін, ол қара Шораға сөйлей бастайды:
—Жарқыным, жас баласың,
Ноқталап мініп қараны,
Өзің қайда барасың?
Артыңда екі бөлек қараң бар,
Неге келер шамаң бар?
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Өзің тырдай жалаңаш.
—Мен—Ноғай деген ел,—деді,
Үш жыл болып барады
Елден шығып кеткелі.
Өзім атым—Құлыншақ,
Ноғайлының ері едім
Қалмақтың шаптым қаласын.
Келе жатырмын шұбыртып
Ит қалмақтың баласын.
Келе жатқан көп жесір—
Сол қалмақтың қарасы.
Аты-жөнің білейін,
Жөніңді айтшы, сен, бала,
Мен білейін шамасын.
Сонда Шора сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Отырған жерім сұрасаң,
Жекенді көлдің жағасы,
Қоғалы көлдің сағасы,
Мен Нәріктің баласы.
Артымдағы көрінген
Екі қара дегенің—
Жайылып жатқан көп сарық,
Сол сарық қойдың қорасы.
Ар жағында көрінген—
Меңдіге тіккен ақ орда,
Ол орданың қарасы.
Сонда Құлыншақ сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Асыл туған баласың,
Бала да болсаң, төресің,
Берейін сауға мен,—деді.
Артыңдағы көп қара,
Әкеңе барып мақтаншы:
«Сауға алдым!» деп, сен,—деді.
Сонда Шора сөйледі:
—Дүниеге көзім салман,—деп,
Керек емес сауғаға
Сенің құл-құтаныңды алман,—деп.
Қасыма менің ер,—деді,
Сауға алатын мен болсам,
Беретін болсаң сен сауға,
Сұрайтыным ол емес,
Астыңдағы кер тұлпар
Сұрағаным сол,—деді.
Құлыншақ сонда сөйлейді,
Сөйлегенде не деді:
—Сұрама, Шора, сен,—деді,
Бермеймін тұлпар мен,—деді.
Осыменен бір туған,
Ата-енесі бір еді,
Тірі болса қатыным,
Жақсы қылып баққан-ды,
Берермін соны мен,—деді.
Сонда Шора үйіне келеді. Барған жерінде қара көргенін айтпады. Құлыншақ еліне барады. Еліне барса, қатыны тірі екен, торы құлынды баққан екен, дөненге жасы толған екен. Сонда Құлыншақ бір құлына айтты:—Мына дөненді жетелеп, Шораға апарып тапсыр,—деді. Күн батарда Нәрік төбенің басына шығып отыр еді, бір құл келіп:—Нәрік ханның ордасы қайсы?—деп сұрады.