Нәрік (11-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Жануар қара тұлпардың
Күйі түскен бабынан.
Ақ сүңгіні қолға алып,
Жөнелді ол сабынан.
Шора осал бола ма,
Мендінің шыққан қабынан
Артық туған ер еді!
Шаршасын ба жануар,
Күні-түні желеді!
Қызыл шекпен үстінде,
Дөңгеленіп келеді.
Өгіз ханның баласы Меңді хан деген болған. Оның қасында қырық кісі жолдасы болған. «Нәріктен Шора туды, сол Қазанға барады» деген сөз болды. «Шораны өлтіріп, кегімді алам» деп, Меңді хан қырық кісімен Шораның жолында тосып жатқан.
Қасында қарғылы тазы бар,
Қолында қара бүркіт бар,
Астында қара тұлпары бар,
Қырық кісі жолдасы бар.
Таң белгісі болғанда,
Қара тазы ұлыған,
Бүркіті шаңқылдаған,
Қара тұлпары кісінеген.
Сонда Меңді хан тұрып:—Шораның басына көрін,—деді. Күннің көзі шығып келе жатқанда, шаң шығарып Шора келе жатыр екен. Оны Меңді хан көріп: «Осы шаң шығарып келе жатқан кім екен? Білейін»,—деп, қара тұлпарға мініп, қасындағы тазысы мен бүркітін жолдастарына тастай беріп, жүре берді Шораның алдынан. Шораға жақын келгесін:—Сен кімсің?—деп сұрады. Сонда Шораның Меңдіге айтқаны:
—Асылымды сұрасаң,
Асылым артық Арғынмын.
Көгімді менің сұрасаң,
Көк нарлы Танамын.
Өз атымды сұрасаң,
Нәрік ұлы Шорамын.
Барарымды сұрасаң,
Мен Қазанға барамын.
Мен Қазанға барғанша,
Қан жаумасын, қар жаусын.
Мен Қазанға барғасын,
Қар жаумаса, қан жаусын.
Сонда Меңді хан сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Атамның аты—Өгіз хан,
Он кісі мен өлтірген
Ол әкемді Нәрік хан.
Алуға сенен кегімді,
Тыңда, Шора, кебімді,
Беремін саған өлімді.
Алуға тұрмын басыңды,
Қырық нөкерім қасымда.
«Өлмеймін» деп ойлама,
Енді өлесің сен,—деді,
Аламын кегім мен,—деді,
Жолыңда тосып жатқаным,
Атамын, Ноғай, мен,—деді.
Атқан оғым өтеді,
Сен түгіл тау-тастарды
Қақ айырып кетеді.
Сонда Ер Шора сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Ата бер, қалмақ, сен,—деді,
Елден шыққан ер жігіт
Өлімнен қорқып тая ма!
Қолыңнан келсе, ат, қалмақ,
Ата бер енді, аяма.
Меңді хан қолын салады,
Атайын деп қорамса
Ер қасынан алады,
Меңді хан тартып қалады.
Сыртында тұрған шекпенге
Пышақ сырты батпады,
Атқан оғы өтпеді.
Қара басып, қалмақтың
Еш қайраты жетпеді.
Бір емес, қалмақ үш атты,
Үш оқты қабат босатты,
Үш оғы бірдей өтпеді,
Қолының күші жетпеді.
Сонда Шора сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Заңғар қалмақ сен,—деді,
Жолдасыңа барып айт,
Енді өлтірем мен,—деді.
Мынау тұрған шәріңе,
Қатының мен балаңа
Арызың болса, айт,—деді,
Солай қарап қайт,—деді.
Тұрды қалмақ долданып,
Ол да өзінше кісімсіп, бұлданып.
Сонда Шора қозғалды,
Қу жебені қолға алды,
Тартып қалды жебені.
Қалмақтан өтіп оқ кетіп,
Бір төбеге жетеді.
Ол төбенің босады
Оқ тиген көбесі.
Алдында ханын алғасын,
Артындағы қырығы
Тырағайлап қашады,
Дүниеге көзін салмады,
Еш нәрсені алмады.
Қумады оның бірін де,
Көрген соң түрін де.
Үш мың кісі бұл қалмақ
Жатқан екен Қазанды қамап.
Ханжан қызды бұл алмақ,
—Ханжан қызыңды бер,—деді,
Егер қызың бермесең,
Шабам елің мен,—деді.
Әділшедей хандарға
Қалмақ сөйтіп сөйледі.
Сонда Әділше ханыңыз
Ноғайға хабар салады.
Ноғайдың қырық ерлерін
Бәрін жинап алады.
«Осы жауды кім қашырса,
Қызымды соған беремін».
Ол қалмаққа ешбірі
Соғыс сала алмады.
Қырық батыры болса да,
Ол жауға қарсы бармады.