Нәрік (8-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
деп жылап отырғанда, Нәрік пен Ақмеңді атқа мінгесіп келіп қалады. Сонда көп кідірмейді, Телшора сегіз қанат үйді тез жығып, нарға артып, бәрі бірге елге қайтамыз деп кетеді. Сол кезде Меңді ару буаз екен, ішінде баласы бар екен. Жолдажүріп бара жатып Ақмеңді толғатады. Толғатқанда сары қызыл тұлпардан түсіп, жаяу жүреді. Жүріп келе жатқанда, сонда сары қызыл тұлпардың иығына таянғанда, тұлпардың тізесі бүгіліп, жығылады. Сонда сол жердегі тауға «Айғырбүгілді» деген ат қойып кеткен екен дейді. Сонан жүріп-жүріп, бір суы жоқ шөлге келеді. Меңді ару енді жүре алмайды. Сонда Нәрік айтады Телшораға:—Сен осы жерде жеңешеңді тудырып кел. Мен ілгері кете берейін, тағы да адасып бір жаудың үстіне түсіп қалармын. Сендер, қара тұлпардың басқан тұяғының орны, ошақтың орнындай болып ойылып қалады, сол ізбен тауып келерсіңдер,—дейді. Сол жерде Меңді толғатып, Шора деген ұл туады. Сонда беті-қолын жуайын десе, су болмайды. Төңірегіне қарап тұрса, Шора жер тебініп жылап жатыр екен шалқасынан түсіп. Сонда Шораның екі өкшесінің тебінген жерінен екі бұлақ ағып жатыр екен. Сол судан Меңді ару беті-қолын жуып, тазаланып алады. Сол жер бұрын Шөлтау деп аталатын еді, соңынан Егізбұлақ атанып қалды.
Меңді ару Егізбұлақ тауынан көшті, сосын қара тұлпардың ізімен жүре береді.
Жекенді көлдің жағасына,
Қоғалы көлдің сағасына,
Екі көлдің келіп түсті арасына.
Сонда Нәрік қара тұлпарды арқандап тастап, ұйықтап жатты.
Сонда Ноғайлының елі еді,
Күншығыс жақтың жері еді.
Сонда Меңді ару Егізбұлақ тауын жағалап келе жатқанда байлаулы, оттап жүрген тұлпарды көреді. Сонда:—Бар, атаңнансүйінші сұра, сұрағанда, мал сұрама, азат сұра»,—деді Телшораға. Сонда Телшора ұйықтап жатқан Нәріктің қасына келіп сөйлей бастады:
—Халық ұстаған ханымыз,
Кеудедегі шыбын жанымыз,
Көтеріңіз басыңды,
Тумаң келді қасыңа.
Ақ жарылып, күн туды!
Жеңешем менің ұл туды!
Інімнің аты—ер Шора,
Менің атым—Телшора.
Көрінді көштің қарасы,
Келе жатыр қолында
Жеңешемнің баласы.
Көтерің басты сіз,—деді,
Хабарға келдік біз,—деді.
Сонда Нәрік басын көтеріп, сөйлей бастады. Атты Телшора ерледі. Нәрік атына мініп, көшке қарай жөнелді.
Нәрік мініп қара атқа
Көшке қарап жөнелді.
Қасындағы Телшора
Бұ да артынан ереді.
Көшке жақын келгенде,
Құндақтан шешіп баланы
Менді ару қолға алады.
Жақындап көшке келгесін,
Нәрік хан сонда сөйледі.
Сөйлегенде не деді:
—Асыл туған Ақмеңді,
Көлікті болсын көшіңіз,
Қайырлы болсын, алғаным,
Қасында тұрған есіңіз.
Бұрын біреу еді,
Болған ба екеу басыңыз.
Сонда Меңді ару сөйледі:
—Халық ұстаған ханымыз,
Артық туған жанымыз,
Алла берді тілегің.
Тірі болса Шоражан,
Дұшпаның кегін ала алмас,
Ешкім қорлық бере алмас.
Мынау—Шора балаңыз,
Назар салып қараңыз.
Құндақтан шешіп, қолға алдым,
Назарын оның көрсін деп.
Қара тұлпар атымен
Нәрік сонда тебінді,
Аттан үркіп қоңыр нар,
Кейінірек шегінді.
Телшора құл жетелеп
Нарды жақын келтірді.
Берейін деп баланы
Нәрікке Меңді ұсынды.