Нәрік (12-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Сонда Ханжан биік бір төбенің басына шығып, мұңайып, таң белгісі болғанша сонда отырады екен.
Күншығыс жағы Қазанның
Биік жатқан тау еді.
Күннің көзі шыққанда,
Таудан біреу құлады,
Қызыл-жасыл ту байлап.
Ақырғанда, аузынан
Бейне жалын шарпиды.
Астында мінген қара ат бар,
Ұшқан құстан кем емес,
Ол жылқыға тең емес.
Аузынан шыққан отты көргесін,
Айғай даусын естіп,
Қалмақ жаман сасады.
Ұрысуға шара жоқ,
Жалбаңдап қалмақ қашады.
Қашқан жауды көргесін,
Қазанның қырық батыры—
Бұл да шыға шабады.
Үш мың кісі қалмақтан
Бір мыңдай қырылды.
Ерлі жүрген мәстек ат
Қалаға келіп толады.
Ноғайлының аш-арық
Ерлі жүрген әзір ат
Ие болып тұрады.
Қалмақ қашып кеткесін,
Қырық батыр келді қалаға.
Әрқайсысы айтады:
—Жау қашырдым мен,—деді,
Қызыңды мағап бер,—деді.
Қырық кісінің қырқына
Қызын тұрды бере алмай,
Көзіменен куғанын
Әділше хан көре алмай.
Бір кісі жіберді білуге,
Ханжаннан барып сұра деп,
«Жауды қашырған кім екен?»
Сонда Ханжан сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Атама барсаң, сәлем де:
Күншығыстан келді бір адам,
Қызыл шекпен үстінде,
Ақ найзасы қолында,
Жаудың жүрген жолында.
Сол кісі келіп қашырды,
Ақырғанда, аузынан
Қызыл-жасыл от жайнап.
Күншығыстың бетінде,
Көп кісінің шетінде,
Жапанда жалғыз әлі тұр
Ақ найзаға сүйеніп.
Барып атам көрсін,—деп,
Жолығып, жауап берсін,—деп.
Сонда Әділше хан жиналды,
Астына жегіп арбасын,
Арбаға жегіп жорғасын,
Келіп сонда Әділше,
Ер Шорадан сұрады:
—Кімсің жүрген сен?—деді.—
Жылқының мұндай қарасын
Бұрын-сонды көрмедім,
Бұл Ноғайдың ішінде
Бұндай бала шамасы.
Атыңды айт, сен бала,
Танымай тұрмын, бері қара.
Шетте тұрып сен,—деді,
Қайрылып, жауап бер,—деді.
Танымағасын, сұраймын
Сенен, бала, мен,—деді.
Жиналып тұрған көп Ноғай,
Шетте тұрған Ер Шора
Жалғыз өзі мұңайып,
Бір ауыз сөз сөйледі:
—Жаратқан Алла өзімді,
Әділше сұлтан, тындаңыз,
Менің айтқан сөзімді.
Ноғайлы байтақ ел еді,
Танымадың біреуің,
Екенмін жалғыз мен,—деді.
Ағайын, халық бар болса,
Бармас па едім үйіне-ай,
Көрмес пе едім күйін-ай,
Жалғыздыққа не шара,
Алла болсын бұл пана!
Сұрасаңыз атымды,
Нәріктің ұлы мен Шора.
«Қазанды кәпір алар деп,
Айдап, жолға салар деп,
Әкем тұрған алтын тақ
Жау қолында қалар» деп,
Шықтым жолға мен,—деді.
Сонда Әділше
Қара жорға атымен
Берендіктеп, белдіктеп,
Шұғаменен терліктеп,
Мақпалдан терлік салады.
Маржан, жақұт тағынды-ай,
Өлшеусіз зер мен мақпалдан
Үстіне сонда жамылды.
Жетіп келіп Шораға,
Сонда Ханжан сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Асыл туған төресің,
Атаңның тұрған жеріне
Өзің іздеп келесің.
Атамның тұрған алтын тақ
Мекен қылып тұрыңыз,
Осы шәрде болыңыз.
Байтақ Ноғай болса да,
Біреуі жоқ қолайлы,
Алуға құмар Ноғайлы.
Алтын таққа қонсаңыз,
Өлгенше сізге мені,—деді,
Жұпты қылып алсаңыз,
Сүйегім қатар тең,—деді,
Мынау тұрған атам-ды,
Атам тұрсын қасыңда,
Ноғайдың тұр басында.
Сонда Шора сойледі:
—Ақылсыз болма сен,—деді;
Ықтиярсыз ол атамнан
Алмаймын жолдас мен,—деді.—
Әр шәр алған жерімнен
Ала берсем бір қызды,
Жер жүзіне сыя ма?
Бола ма оның мақұл-ды,
Ол болмайды ақыл-ды.