Нәрік (6-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Сонда Нәрік хан:
—Барайын енді мен,—деді,
Әскеріңді бер,—деді.
Алты мың кісі әскермен
Өгізге жегіп арбасын,
Мәстекке шегіп шанасын,
Шұбыртты қалмақ баласын.
Сонда Нәрік: «Менің алыс жерге кеткенімді Меңді ару білмей қалар. Барып, айтып кетейін» деп үйіне келгенде, ару алдынан шығып келді. Сонда Нәрік Меңді аруға сөйлей бастайды:
—Өгіз хандай қалмаққа
Барып едім мен,—деді.
«Алты мың кісі әскерге
Бас бол енді сен,—деді.
Баратын жолдың шамасы
Тоғыз айлық жол,—деді.
Тоғыз айда барасың,
Тоғыз айда келесің.
Ажалың жетсе, өлесің,
Ажалың егер жетпесе,
Үйге қайтып келесің».
Өгізге жектім арбасын,
Мәстекке жектім шанасын,
Шұбырттым қалмақ баласын.
Сол сапарға кеттім деп.
«Бармасам, қорықты» деп ойлар,
«Барамын» деп мен айттым,
Кетемін енді мен,—деді.
Он сегіз айға дейін
Кідіріп тұр сен,—деді.
Сонда тұрып Ақ Меңді
Қасына келді Нәріктің.
Тізесіне басын сүйеп,
Жылап тұрып сөйледі:
—Артық туған сұлтаның
Хандар мінбес қара атқа
Арба жегіп болар ма?!
Ақ сұңқардың баласын
Қарға өлтіріп болар ма?!
Біз секілді бейбақты
Бұл орданың ішінде
Өгіз хан зұлым қоя ма?!
Енді менің өлгенім,
Өлім болсын көргенім.
Енді болар осы арты,
Сұлтаным, сені көргенім,
Сорлы болдым мен,—деді.
Бұл дүниеде көру жоқ,
Мақшар күні көрелік.
«Алланың мөрі» деуші еді,
Оң қолыңды берші,—деп,
Менді ару тұрып егілді.
Сонда тұрып Нәрік хан
Атының басын бұрады.
—Қош-аман бол енді!—деп,
Аттанып жүріп кетеді.
Сонда Нәріктің қарасы үзілгесін-ақ екі құл келіп, Меңдіні шақырады. «Сізді Өгіз хан келсін деп айтты»,—дейді. Сонда Меңді:—Бармаймын,—деді. Сонда екі құл аттан түсіп, Меңдіні айдап алып кетеді. Сонда Телшора құл Мендінің артқы етегіне жабысып айрылмайды. Сонда екеуін бірдей қалмақ сүйреп алып кете береді. Сонда Телшораның айтқаны:
—Айналайын, жеңеше,
Енді кетсең, келмейсің,
Біз секілді тумаңды
Қайрылып енді көрмейсің.
Атаңа нәлет қалмақ-ай,
Ұстамашы қолын-ай.
Сен секілді залымды
«Көрем» деген жоқ еді-ай
Жеңешемнің ойында-ай.
Айналайын, жеңеше,
Сенің үшін бұл жаным
Болсын енді садаға.
Қайта айналып көретін
Күн болар ма, жеңеше?!
Енді қашан келесің
Елде қалған қараға,
Тігулі тұрған ордаға.
Жеңеше, енді өлгенің,
Тым болмаса үстіңе
Топырақ салып көмбедім,
Өлген жеріңді көрмедім.
Атам Нәрік сұлтанды
Ноғайға қойдың хан қылып.
Жеңешемді көруге
Халықты қойдың зар қылып.
Атаңа нәлет ит қалмақ,
Жеңешемді қор қылып,
Хан ордасын қалдырдың
Бұл күндерде тұл қылып.
Бір күндері болғанда,
Қалмаққа қойдың
Мен сорлыны құл қылып.
Оңғарылып жел шығып,
Естілер ме екен дауысым
Нәріктейін ханыма,
Кеудедегі жаныма.
Хан ордасы тұл қалды,
Ішінде көп құл қалды.
Жамандатқыр тоғыз нар
Иесіз болып бұл қалды.
Сонда Меңді аруды құлдар алып барып, Өгіз ханның бір жақсы сарайына кіргізді. Кіл жібек пен не түрлі тамақтың бәрін әкеліп қойды. Жақсы төсектің неше түрлісін төсеп тастады.
Күннің көзі батпады,
Қисайып Ақ Меңді жатпады.
Неше түрлі тамақтың
Біреуін де татпады.