Тама (5-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Қалмақтың болды пайдасы,
Аз емес еді айласы.
Қанса да қанға тоймады
Қылышы мен найзасы.
Қорамсаға қол салды,
Қозы жауырын оқ алды,
Жұмсады батыр болатты,
Қарамады көбіне,
Тоқталмады қалмақтың
Жасаған айла-ебіне.
Біреу емес, бірнеше
Адамнан оқ өтеді.
Суырып алып қылышын,
Қалмақтың алды басын-ай.
Келген қырғын тоқтатпай,
Қысқартты олардың да жасын-ай,
Қалмаққа түсті жасындай.
Бір күн, бір түн соғысты,
Қалмақпен қатты тоғысты.
Түн ортасы болғанда,
Шегініп қалмақ, тарады.
Ай қараңғы, күн бұлт,
Алды-артына бытырап,
Қалмақтар қашып барады.
Ағарып атқан таң болды,
Таң бозарып атқанда
Жердің жүзі көрінбей
Белгілі аппақ шаң болды.
Көп әскерді жіберіп,
«Тағы да әскер жиям» деп,
Үйде қалған хан болды.
Бұқарасы қаптады,
Екі мың әскер жинады.
Жалғыздап қашқан қалмақтың
Қарасын ноғай қоймады.
Астындағы тұлпары
Қашқанға қуып жетеді.
Ұшқан құстай болады,
Жер басқанды қоймайды.
Ұшқан құстай болмай ма!
Ұшпа биік тау келсе,
Басынан ырғып асқандай,
Түбі терең сай келсе,
Онан да қарғып асқандай,
Енді ханың сасады,
Түсі кетіп, қашады,
Көп емес еді ақылы,
Ханға жауап айтады
Сол күндерде қатыны:
—Отырма, ханым, сен,—деді,
Бар темірді ки,—деді.
Темірден қару өте ме!
Бір адамның баласы
Үш мың кісі әскерге
Жалғыз қайрат ете ме!
Сіздің мінген Боз шұбар
Аяғы төртеу жете ме?
Сонда ханың қарады,
Ол бір сөзге мақтанып,
Атқа мініп алады.
Темірден киім киеді,
Жинаған екен ол көптен
Бұйым менен темірді.
Мініп алғасын Шұбарды,
Қалада тұрған әскердің
Бәрін айдап шығады.
Тұр екен қашып, қорғалап,
Хан шыққасын ақырып,
Бәрі де жүрді жапырып,
Екі мың кісі артынан
Бір мың кісі әскермен
Бұ да қуып жетеді.
Жақындап жетіп келгесін,
—Кідірің, әскер, сен,—деді,
Барайын оған мен,—деді.
Маған ешкім болмас тең,—деді,
Қорқып жүрсіз-ау, қалмақ, сіз,—деді.
Хан бір келді шұбармен,
«Мен ақырсам, ноғайдың,
Қорқып, жаны шығар»,—деп.
—Қаңғырған жалғыз, сен,—деді,
Дәмең болса, кел,—деді.
Астана жұртты билеген
Патша едім мен,—деді.
Маған болатын ба еді
Осы ноғай тең?—деді.
Сонда батыр сөйледі:
—Жасқанатын мен бе едім?!
Сұрама байтақ елімді,
Тыңда менің кебімді,
Мен Ноғай деген ел едім,
Елден шыққан ер едім.
Асыл туған төре едім,
Азулы туған бөрі едім.
«Ындыс пенен қалмақты
Талқандармын»,—деп едім.
Іздеп сенің мен келдім,
Заңғар қалмақ, қалаңды.
Жібересің сен өзің
Бөлек-бөлек адамды.
Әлі білмей жүрмісің,
Қалмақ, байғұс, шамаңды,
Билеген қалмақ сен едің,
Сен баяғыдан артық ер ме едің,
Тұрамыз ба сөз сөйлеп,
Болсаң артық ер!—деді.
Қапы қалма, хабарла,
Қайратың болса тең,—деді.
Астында мінген Қара атты,
Шабайын деп жөндеді.
«Шүу» деп атқа, тебінді,
Жалмауыздай емінді.
Суырып алып, «Алмас деп,
Шапсам, кеспей қалмас деп»,
Ақ алмасты қолға алды.
Қарсыласты екеуі
Бір-біріне алмаспен.
Батыр киген дулыға,
Үстінде бар-ды шарайна—
Екі темір қос қабат,
Екеуінен өтпеді,
Етіне ешбір жетпеді.
Алдында тұрған қалмақты
Бір таяқтай көрмеді.
Басы түсті домалап,
Хан жығылды омалып,
Қалмақ шапты қамалап.
Қалып жатыр бастары
Бұл қалмақтың жұмалап.
Хан жығылып қалғасын,
Даусы күндей күркіреп,
Қалмақтар қашты дүркіреп.
Қалмаққа алмас сермеді,
Шеніне қалмақ келмеді.
Жасқанатын ер ме еді?!
Төбесі шоқты қалмақтың
Талайы кетті тереңге.
Үйдегілері торықты,
Талайы оның қорықты,
Арылмайтын тұманға
Қалмақ халқы жолықты.
Ағарып таң атқанша
Қалаға қашты қалғаны.
Артынан қуып жетеді,
Оны да шауып, қырады.
Қалмақтың қалды қаласы,
Шұбырды қатын-баласы.
Айдағасын, көп халық
Бола ма оған шамасы.
Жері қашық сол еді,
Айдаған қалмақ қор еді,
Қорлығының мәнісі
Саны жоқ, байтақ көп еді.
Айдағасын, жер алыс,
Қалмаққа болды бір шабыс.
Батыр жүрді жағалап,
Ақошан мен Қанжыға
Ноғайлының елі еді,
Елдің шеткі жері еді.
Ел шетіне келгесін,
Ноғайға хабар салады.
«Алыңыз,—деп,—олжаны»,
Жан-жаққа батыр қарады.
Асыл туған ер еді,
Артық туған төре еді,
Қызықсын ба олжаға,
Ноғайға бөліп береді.
Алдынан шықты анасы,
Келгесін елге баласы.
Алдынан келді атасы,
Келген соң жалғыз баласы,
Мерекелеп той қылды.
Тама батырдың соғысып,
Қалмақты алған жері осы болды.