Нәрік (3-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Соқиа шешесінің қолынан ұстап Меңді ару сөйлей бастады:
—Айналайын анамыз!
Мен едім жалғыз балаңыз,
Алла нашар жаратты,
Енді бар ма шарамыз?!
Тоғыз ай он күн көтердің,
«Алла маған берді деп,
Бір перзентті берсе деп,
Өмірі ұзақ болсын деп,
Көзімнің жасын көрді деп»,
Тар құрсағың кеңейттің,
Емшегің тастай жібіттің.
Бесікте жылап жатқанда
«Қарағымның қарны ашқан болар» деп,
Емшегінді иіттің.
Іші-баурың елжіреп,
Омырауынды ашқансың,
Ашылсын деп жүрегің,
Баурыңа басқансың.
Жібермен, шеше, мен,—деді,
Далаға кетпе сен,—деді,
Кеткенің емес жөн,—деді.
Нәрік дейтін қартыңа
Берермін жауап мен,—деді.
Қайғы етпеңіз, ата-ана,
Бұл кісіден сіз,—деді.
Сонда Меңді екеуінің қолынан ұстап үйге жақын келгенде, Нәрік те келіп қалды. Сонда Нәріктің айтқаны:
—Аздың болмайды екен көптігі,
Аштың болмайды екен тоқтығы.
Тоғайды тоқсан күн кездірген
Бір перзенттің жоқтығы.
Бесеу еді қатыным,
Жиырма бесте алды бар,
Он бес жаста арты бар,
Бесеуі де әйелден асқан
Нарқы бар.
Мекенімді сұрасаң,
Қазан деген қала еді.
Сексенге жасым келулі,
Мен Қазан шәрінің
Нәрік деген шалы едім.
Сүйемісің Ақменді,
Сүймеймісің, айт,—деді.
Үш күн жаттым қамалып,
Тезден жауап бер,—деді.
Сонда Меңді сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Мынау тұрған—бабамыз,
Қасымда тұрған—анамыз.
Қарап, өзің көр,—деді.
Екі қыз малың тең берсең,
Тиермін саған мен,—деді.
Төсегің таза салармын,
Көрпеңді таза жабармын.
Шөлдесең, сусын берермін,
Тоңсаң, отын жағармын.
Өлгенінше, сұлтаным,
Сүйегің таза бағармын.
Өлгеніңді көрермін,
Қолымнан қазып көмермін.
«Жолдасым алған өтті,—деп,
Бұйрық айтып кетті»,—деп,
Аманатын Алланың
Көз алдымда берермін.
Сонда Нәрік сөйледі:
—Асыл туған, Ақмеңді,
Үшеуіңе үш жорға ат,
Біздің елге баралық.
Елге барып алғасын,
Қасыңа жолдас берейін.
Ноғайлыны аралап
Өз көзіңмен көр,—деді.
Өзіңмен жасты бір қызды
Әкеңе алып бер,—деді.
Сол қызға берген малындай
Әкеңе тағы мал бер,—деді.
Әкең өз алдына үй болып бұл қонсын,
Тігулі тұрған үй болсын,
Мерекелі той болсын,—деді.
Сонда үшеуі үш жорғаға мінеді де, Нәрік, қырық биі—бәрі де Қазан шәріне аттанады. Қазанға барғасын, Меңдінің қасына көп қыздарды қосып қояды да:—Өзің жақсы көрген қызды әкеңе алып бер,—деді. Сонда Меңді тоқсан баулы ноғайды бір ай аралап жүріп:
«Әкемді жақсы бағар, деп.
Өзімдей жақсы қарар деп»,
Алып берді бір қызды.
Қызға берген малындай
Әкесіне тағы береді.
Әкесі жас қыз алғасын,
Көңілденіп, алданды.
Меңдіге неке қиюға
Нәрік сонда сайланды.
Меңдіні некелеп алғасын,
Жолдас болып қалғасын,
Бір-екі жыл болғасын,
Билері кеңес құрады.
Бұлардың діні бұзылып,
Оларды Құдай ұрады.
«Мынау Нәрік шал, деді,
Меңді арудай жан деді.
Қартайса да бұл Нәрік,
Қайраты әлі мол,—деді.
Бұл Нәрікті айламен
Жіберейік далаға,
Қалмақ салған қалаға.
Ол қалаға барғасын,
Нәрік екенін білгесін,
Өлтіреді Нәрікті,
Қайта айналып келмейді.
Ол Нәрікте жақын жоқ,
Ағайын тума тағы жоқ,
Бір жүрген жалғыз неме еді.