Нәрік (7-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Жұрт жатқан мезгілде, түннің іші болғанда, Өгіз хан он кісімен жетіп келді Ақ меңдінің қасына. Сонда қасындағы келген он кісінің біреуі Меңдіге сөйледі:
—Мынау тұрған—Өгіз хан,
Өгіз ханға көзің сал,
Өгіз хан сізді сыйлайды,
Жаман шалға қимайды.
Өгіз ханға бас қоссаң,
Бір сарайда жатарсың,
Бал, миуа, тәтті тағам татарсың.
Ойын менен күлкіге,
Бар қызыққа батарсың.
Осы тұрған Төрехан
Қызметінді етеді,
Құлың болып кетеді.
Сіз секілді аруға
Қызмет етпей, не етеді?!
Өгіз ханға бас қоссаң,
Ойын менен күлкіден
Білмессің таңның атқанын.
Ойын-күлкі, қызықты
Көруменен жатқаның.
Өзіңнің түскен сарайың
Ішіне кіріп жатарсың.
Жаман шал кетті далаға,
Қайтып келмейді қалаға,
Енді ол сізден садаға.
Өгізхандай хандарда
Неше түрлі қызық бар.
Қызығын мұның көріңіз,
Кешікпей, жауап беріңіз,
Дін аштым енді мен,—деді,
Жауап айтың сен,—деді.
Сонда Меңді ару тұрып сөйледі.
Сөйлегенде не деді:
—Арғы атамды сұрасаң,
Қарадөң сынды қарт еді,
Дұшпанға кегін бермеген.
Ақ сүңгісін қолға алып,
Жарағын жауға сермеген.
Онан туған Жұбаныш
Жасы үлкен болғанда,
Жұбанып көрген бала еді.
Онан туған Сүйініш
Сүйініп көрген бала еді,
«Тілегім қабыл келген» деп,
Онан туған Бегіс деп,
«Құдайым берді тегіс деп,
Бергені болды келіс» деп.
Бегістен туған Тама еді,
Келе жатқан қашаннан
Ақ сүйек өңкей хан еді
Таманың ұлы Тана еді.
Оның ұлы—қарт Нәрік
Келе жатқан хан еді.
Қашаннан келе жатқан тұқымды,
Шынжырлы туған хан еді.
Оңғарылып жел шықса,
Естілер ме екен дауысым
Нәріктейін ханыма?
Атаңа нәлет, қалмағым,
Саған көңіл бермеймін,
Онан жақсы өлгенім,
Өлім болсын көргенім.
Сендей құлға барғанша,
Көнбеймін саған мен,—деді.
Білгеніңді етші деп,
Осылай деп Ақмеңді
Өгіз ханға сөйледі.
Нәрік әскерді қоя беріп, өзі кейін қайтып, «Өгіз хан Меңдіге не айтар екен?» деп үйдің сыртынан келіп тұр екен. Сонда Нәрік ханның қара тұлпарының шылбыры қырық құлаш еді. Атынан түсіп алып, атын қаңтарып, өзі шылбырының шетінен ұстай келіп Меңдінің айтқанын тындап тұрған екен. Сонда алмасын суырып алып, үйге кіріп келеді. Алмаспен он қалмақтың басын шауып тастады. Сонда Меңді ару үйден жүгіріп шығып, екеуі бір атқа мінгесіп елге қарай жөнелді. Сонда қазықтың басында Телшора құл жылап отыр екен. Сонда жылап отырып айтқаны:
«Айналайын, жеңешем
Қолына қалмақ алғасын,
Дін мұсылман халықтың
Болмады-ау ешбіреуі.
Дүниеде бітіп қалмағай
Жатырсың қызың басында-ай,
Жеңешемнің срогы.
Жамандатқыр тоғыз нар,
Жеңешем бар ма қасыңды-ай?
Құдіреті күшті Құдайым,
Көрмедің көздің жасын-ай.
Оңғарылып жел шығып,
Естір ме екен құлағы
Нәріктейін ханымыз,
Тоқсан баулы Ноғайдан
Артық туған жанымыз!
Есітер ме екен даусымды
Жеңешемнің құлағы!
Тым болмаса Нәріктің
Қалмады-ау артында тұяғы.
Жеңешем қайда мұңайды,
Мұңлы қылған—Құдай-ды.
Көрмедім-ау дүниеде,
Тым болмаса Құдай-ай,
Жеңешемнің моласын.
«Шешем қайда?» дейтұғын,
Тым болмаса, қалмады-ау
Бір сәби де баласы.
Алланың ісі осындай
Өзі болғай панасы.
Жанымды еттім садаға
Жеңешемнің жолына.
Естілсе даусым бұл барып
Нәріктейін ханыма.
Нәрік сұлтан бір келсе,
Кірер еді-ау сәніміз.
Айрылғасын Нәріктен,
Болар ма біздің мәніміз!»—