Тама (4-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
«Мен бұрын ұстап алам»,—деп,
Бірінен-бірі асады.
Майданға шығып алғасын,
Қайрылып батыр тұрады,
Ат құйрығын өреді,
Жау келгенін көреді.
Жалғыздаған қалмақтың
Алды жетіп келеді,
Келе ақыра береді:
—Қаңғырған ноғай, сен,—деді,
Атыңды бізге бер,—деді.
Адыр да жоқ, бұдыр да жоқ,
Өлесің, ноғай, сен,—деді.
Осылай деп қалмағың
Ақыра келіп сөйледі.
Сонда батыр сөйледі,
Сөйлегенде, не деді:
—Атаңа нәлет, қалмағым,
Тие ме осал салмағым,
Жеңіл тимес бармағым!
Ат беретін мен емес,
Алуға келдім қалаңды,
Көруге келдім шамаңды,
Танырсың енді балаңды.
Аттың басын бұрады,
Айнала қарап тұрады,
Жасқанбайтын қалмақтың,
Келсе де жалғыз, жапырып,
Айтса да сөзді ақырып,
Айтқан сөзі қатты деп,
Қалмақтың сөзі батты деп,
Ілгері келген жалғызға
Қарсы шапты қанат деп,
Аяқта бар-ды болат деп,
Найзаны алды үйіріп,
Тоқталмады, кідіріп,
Әуелгі келген жалғыз-ды
Аспанда аққан жұлдыздай,
Ақ сүңгіні алады,
«Дәмең болса, келші»,—деп,
Батыр қарсы барады.
Іркілмей, бұл қалаға
Батыр барып қалады.
Салып қалды найзасын,
Қалмақ тапты пайдасын.
Жұтқыншақтан бұл салды,
Қақалып қалмақ бұл қалды,
Басқа жерге салмады,
Жұтқыншақтан салғасын,
Өтпей найза қалмады.
Қалмақ жаман қақалды,
Өлімге жақын тақалды.
Жасы үлкен неме екен,
Үйінде отырғанда үлкен ер екен,
Батыр сонда шындады,
Алдыңғы келген жалғызды
Жақсы қылып сыйлады.
Екі қалмақ қашады
Ханға хабар берерге:
—Ноғайдың көрдік баласын,
Қолында бар-ды найзасы,
Көп екен оның айласы.
Мұны естіп ханыңыз,
Тағы да әскер жинады,
Мың кісі бар шамасы.
—Енді қайрат етіңіз,
Жауға барып жетіңіз,
Өлтіріп оны келіңіз,—
Деп, әскерін жіберді.
Таманың мінген Қара аты
Аспанға қарғып ойнады.
Жан-жағына батыр қарайды,
«Етемін,—деп,—үлкен той,
Қай жағынан барам»,—деп,
Тұрып, ақыл ойлады.
Қалмаққа жақын барады,
Іркілмей қарап тұрады.
Сонда қалмақ сөйледі,
Сөйлегенде, не деді:
—Жолдассыз жүрген дарасың,
Жылқының міндің қарасын.
Кез келіп көп әскерге
Қалай өлмей қаласың!
Сөйлегеннен пайда жоқ
Құр тіліңмен тақылдап,
Әскер қалды жақындап,
Жасы жеткен мен—бабаң.
Қой емес, келген бұл адам,
Келе ме маған бұл шамаң?
Алмастан бар-ды қылышым,
Тарылушы еді ноғайдың
Маған келген тынысы.
Сен бір жүрген Ноғайға,
Келдің, байғұс, қолайға.
Жері бір жазық даласың,
Құтылып қалай қаласың?
Жақындап тұрған бұл әскер
Қылыш пен бар-ды найзасы.
Бәрінің қару алғаны
Бір ноғайдың пайдасы.
Алмас кеспей қоя ма?
Мынау жатқан залым жер
Төгілген қанға тоя ма!
Самсыған көп әскер
Бір ноғайды қоя ма!
Сонда бала сөйледі:
—Ноғай деген—мен,—деді,
«Құр кетпеймін» деп, мақтанба,
Шамалы болар қайратың.
Қыбырлаған жан көрдім,
Сендей неше шал көрдім.
Көк жебені қолға алсам,
Жоғаларсың, қалмақ, долдансам.
Кел берірек, тебініп,
Енді қашпа, шегініп.
Бастарың қалар домалап,
Қандарың қалар төгіліп.
Батырдың аты кідіріп,
Басқан жерде тұрмады,
Атқан оқтай зырлады.
«Жасың жеткен шалсың,—деп,
Былғап қылыш қалшы»,—деп,
«Шүу» дегенде, бұл салды
Ол қалмаққа найзасын.