Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Еділ мен Жайық батыр (12-бөлім)

Аңыздық жырлар · 3 мин оқу

Талықсып тұрған Еділге
Жетіп келді қасына,
Қылыш шаппақ басына.
Көк арғымақ мініпті
Жаһанда жоқ астына.

Жетіп келді ер Жайық
Тебініп тұрған Дырауға:
—Боялған ба қартайып
Сақал, басың қырауға.
Тілім алсаң, қайт үйге,
Қаласың өлген жырауға.

Дырау сонда ақырды,
Ашуланып бақырды.
Ат үсті ағытып,
Келе найза салады,
Жан алқымға алады.
Батыр туған ер Жайық
Сонда бір сасып қалады.
Қолы қатты мүйіздей,
Ұстаған жері етіне
Темірдей кіріп барады.
Жайық батыр сасқанда,
Дыраудай кәрі батырдың
Алқымынан алады,
Дырау естен танады.
Анау-мынау дегенше,
Жайық айла табады.
Батырсынған Дыраудың
Қылышпен басын қағады.
Қалмақтар қашып барады,
Қазақтан келген көп қолдың
Көпшілігі жаралы.
Ауыр жара азаптан
Еділ де естен танады.

Жалпақ жатқан қалмақты
Қаласын қойды қандатып,
Көшесін қойды шаңдатып.
Кәрі шал, кемпір, жас бала
Бәрін қойды зарлатып.

Қалмақты шауып алады,
Қалмақтар қашып барады.
Екі жақта көп адам
Болып жатыр жаралы.
Қалмақтың қашқан қолдары
Көздеді сай-сағаны.
Еділ менен Жайықтың
Осы істеген ерлігі,
Өлмеген аман тірлігі
Қарамес ханға барады.
Маңайдағы халыққа
Шашылып түгел тарады.

Қарамес ханға ал сонда,
Екі қарғыс атады.
Елдегі үлкен адамдар
«Бермейміз,—деп,—батаны».
Елі толқып Қарамес,
Уайымға батады.
Еділ, Жайық дегенде,
Қарамес хандық елінің
Күннен-күнге көбейді
Жанжал-ұрыс шатағы.
Қарамес хан астыртын
Қалмаққа кісі салады.
«Еділ менен Жайықтан
Іргелі жатқан қалмақтар
Қашан кегін алады?
Еділ, Жайық бұзықтан
Кек алмақ болса қалмақтар,
Менен де көмек барады».

Бұл хабарды естіп,
Қалмақтар қатты қуанды.
Қолбасы қылып сайлады
Қалмақта батыр Қуаңды.
Деп ойлайды Қарамес:
«Еділ, Жайық кеп қалса,
Тұнығым менің суалды».

Қараместің ішінде
Жайықтан кейін шығып ед,
Батырдың аты Тоқтабай.
Он батырға бас болды,
«Шабамыз,—деп,—Жайыққа»
Тоқтабай батыр тоқтамай.
Жайыққа шабам деген соң,
Сірә да ешкім қалған жоқ,
Тоқтабайды боқтамай.
«Жалғыз кетем,—деді ол,—
Қасыма жолдас жоқтамай».

Тоқтабайдың қасына
Қарамес те ермекші.
Жайықпенен алысып,
Өз көзімен көрмекші.
Әлде өтірік айта ма?
Қалай оған сенбекші.

Жайыққа қарсы аттанды
Тоқтабай батыр, Қарамес.
Жүріп келед тоқтамай,
Ертеңінен қаракеш.
Бір жерлерге келгенде,
Қарамес: «Тік,—деп,—қосымды».
Қалмақтардың қолдары
Іздеп келіп қосылды.
Еділ менен Жайықтың
Жүрер жолы тосылды.

Хабарсыз келед қос батыр
Еділдің туған еліне.
Қылыш, найза, садағын
Түре тастап беліне.
Жалпақ қалмақ жайлаған,
Даланың шығып шөліне.
Сонда қатты сусаған
Аты дағы өзі де.
Сусыз құрғақ далада
Бір күн жүрді кеміне.

Әбден шөлдеп зарықты,
Аты да шөлдеп талықты.
Еділ, Жайық екеуі
Бір өзенге жолықты.
Бұларды болжап алыстан,
Қарамес хан бағыпты.
Тынығып жатқан жерінде
Хабарсыз жатқан батырға
Қарамес қанжар салыпты.
Ішегін батыр шуатып,
Сонда да ұрыс салыпты.
Бірнеше адам батырдан
Мезгілсіз ажал тауыпты.
Қылмаған батыр қауіпті,
Жайық кетті дүниеден.
Арасында көп жаудың
Жолдассыз Еділ қалыпты.

Жүре жүріп соғысып,
Қалмақтың қалың қолының
Талайларын қырады.
Тоқтабай батыр ентелеп,
Соғысып жүрген Еділдің
Алды-артынан ұрады.
Бір мезгілдер болғанда,
Қарсыласып қалады,
Тоқтабай естен танады.
Ашуменен ер Еділ
Басын кесіп алады.

Денесі қатты жаралы,
Әбден шаршап талады.
Бір өзекке келгенде,
Еділ сынды асыл ер
Аттан ұшып құлады.
Рақымсыз, зұлым Қарамес
Қалмақтың қолын көмекке ап,
Батырларды өлтіріп,
Айтқанын түгел келтіріп,
«Еділ, Жайық өлді»,—деп,
Қайта хабар қылады.
Бірнеше адам қайғырып,
Батырлардан айырылып,
Іштерінен тынады.

Екі ханның елдері
Еділ менен Жайықтың
Сүйегін келіп көмеді.
Үлкен-кіші, ақсақал,
Неше күндей қайғырып,
Ақыл-естен айырылып,
Тау мен тасты күңірентіп,
Көзден жасын төгеді.
Жиналған көптің қайғысы
Соққан желді бөгеді.

Еділ менен Жайықтың
Жамбасы жерге тигенде,
Жұрт қайғырып, күйгенде,
Жиналған елдің көз жасы
Тамшылап жерге тигенде,
Тамшыға тамшы қосылып,
Шын сүйген елдің көз жасы
Өзен болып ағады.
Күндіз-түні ай мен күн
Бұлар да күйіп, жанады.
Тұнжырап тұман басады
Неше күндей даланы.
Еділ, Жайық басына
Халықта бітті тұрғызып
Тастан күмбез моланы.
Екі батыр аттары—
Екі өзеннің аты боп,
Тарихта солай қалады.
Еділ, Жайық сулары
Осы күнде тыңдасаң,
«Халық сүйген батыр!» деп,
Еңіреп, боздап ағады.
Өсімдік пен тау-тастар,
«Жайық пен Еділ батыр!» деп,
Біріне бірі қосылып,
Көздің жасы жосылып,
Жоқтап дауыс қылады.
Еділ, Жайық қиссасы
Осылай тамам болады!

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз