Сайрам аңызы (1-бөлім)
Аңыздық жырлар · 3 мин оқу
Жатқандай тауға күміс теңге болып,
Аспанның айнасындай дөңгеленіп.
Көл жатыр ойы толқып, бойы балқып,
Толқыны түйдек-түйдек тербеле өріп.
Қарайды жамылып ай қарағайды,
Қызығып осы маңға сергек елік.
Аққу-қаз көлдің жүзген бетін сызып,
Қалғандай қалың құсқа көл бөленіп.
Осы бір шалқар айдын бар денесін,
Тастапты бар денесін кеңге керіп.
Шақырып жер мен көкті аңызына,
Алыстан тұрад мөлдір көл көгеріп.
Толқындар тулап жатса шапшып көкке,
Толқиды көлді көрген ел бөгеліп.
Қиялдап бұл сұлудың ішкі сырын,
Жағада қарап тұрмын мен де келіп.
Талайдың қайғы торлап, тайған бағы,
Қолдары жете алмады, тал қармады.
Таралған ел аузында аңыздардан
Айтайын бір хикая Сайрам жайлы.
Аңызын ел шертеді ертедегі,
Оны айтсам, жаным кекпен өртенеді.
Оқиға бес жүз жылдың алды-артында
Мысал қып сан айтылған ертегі еді.
Біраз ел мекендепті бұдан бұрын,
Жарлыға бақыт, шіркін, келіп қырын.
Ағытып толқытады жүрек күйін,
Алдыма алып келіп өмір сырын.
Сол елде бір бай болған Теміртек деп,
Шен алған атасынан би мен бек боп.
Жылаған зардабынан ата-бала,
Әмірін жүргізген ол баса көктеп.
Бар еді атарманы, шабарманы,
Құр кетпес бұлардың да қадалғаны.
Малдыға бар, малсызға қараң заман,
Не керек оған елдің жан арманы.
Бай екен Теміртектің пейілі тар,
Бұл өзі бір балаға болыпты зар.
Тәңірге ертелі-кеш қол жаяды,
Әйтеуір бере ме деп үміті бар.
—Ен байлық бәрін бердің, Тәңір, маған,
Разымын бергеніңе, құлдық саған!
Телміріп, тепеңдеймін бала тілеп,
Кетпес,—деп,—жұратты боп ризықты адам.
Көрем бе бір шыр еткен бұл жалғанда,
Дем бітіп өлсем бір күн мен арманда.
Артымда бір мирасқор ұрпағым жоқ,
Кім ие болады осы дүние-малға?!
Күркедей кішігірім басын буған,
Денесі үйелмендей ет боп туған.
Май мұрын, қара сұр бет, суық қабақ,
Көзі нақ жаралғандай өлі судан.
Таянып жағын отыр уәйім жеп,
«Бір перзент бермейсің бе, Құдайым!»—деп.
Тайғара жылмаң қағып сөз бастады,
Көңілін күйеуінің бұрайын деп.
Тайғара айтты:—Үмітсіз шайтан ба сен,—
Бойымда қуаныш бар айтпаймын мен.
Көп зарлап періштемді шошытпашы,
Белгілі ойлағаның білемін мен.
Тоқал алам деуден бай жасқанады,
Тайқиып Тайғараның қас-қабағы.
О дағы бір ноянның қызы екен,
Естісе Теміртекті бас салады.
Қарыны оның тағы кебежедей,
Көзіңе көрінеді әлде недей.
Таңқы мұрын, қара сұр адам екен,
Мықыны төңкерілген тегенедей.
Секілді зимияндықпен бірге туған,
Өзіне жақпағанға тұзақ құрған.
Адамның екі аяқты аласы екен,
Жасынан жамандықтың жолын қуған.
Бәрі де болса дейді бір өзінде,
Осындай сұмдығы бар мінезінде.
«Әлде бай тоқал алып қоя ма?»—деп,
Дерт мүжіген Тайғара жүрегінде.
Ел жоқта бір бала деп налынады,
Табынып Тәңіріне жалынады.
Балалы, ауыраяқ әйел көрсе,
Қызғанып, өле жаздап тарылады.
Әр ойды бақытына жарастырып:
«Бір бала таппаймын ба, қарастырып.
Құшынаш кемпірімді шақырайын,
Көрейін оған тағы бал аштырып».
Шақырған кемпір келді жылмаң қағып,
Оның да ойы осы еді жүрген бағып.
—Алдыңа келдім, міне, бикем, шырақ,
Жұмыс ед шақырғаның мені нағып?
Тайғара былай деді Құшынашқа:
—Досым да, сырласым жоқ сенен басқа.
Сұмдығын жәдігөйге баяндады,
Қарай ма ол төгілген қан, аққан жасқа.
—Есікте Қадиша атты бір күңім бар,
Ішер ас бәрі бізден, ол бір мұндар.
Ішінде баласының күні таяу,
Осыған берер қандай кеңесің бар?
Не қылсақ осы қатын қолдан келер,
Кісі жоқ бізден сұрап, соңына ерер.
Баласын ап, анасын өлтірмекші,
Қарашы, бұл әзәзіл қандай шебер.
Осылай бұл екеуі ұйғарысты,
Зәрлерін Қадишаға жинап ішкі.
«Туған күн өлтіреміз, баласын ап»,—
Деп солай аяқтатты жиналысты.