Сайрам аңызы (3-бөлім)
Аңыздық жырлар · 3 мин оқу
Жолшыға қатын пәле үйіп отыр,
Мыстан да мұны іштен түйіп отыр.
—Құшынашым, кітабіңді ашып көрші,
Ширығып ішім неге күйіп отыр?
Дем салды мыстан сонда тұра сала,
Үрейлі жандай-ақ бір аласұра.
—Көк перің бойыңдағы шошыныпты,
Қозғалып қалған екен іште бала.
Тақсыр, бай, мен таңданам қайраныңа,
Тұзыңа қас қылған бар айраныңа.
Отпен кіріп, күліңмен шығып жүрген
Жолшының жау екенін ойладың ба?!
Бурадай Теміртек бай шабынады,
Ата-тек, аруаққа табынады.
«Жолшыны әкел!»—деді жендетіне,
Айырып ақ-қараны ол нағылады.
—Әкел тез, арқан тағып, қолын байлап,
Мен оны жіберейін келмеске айдап.
Жолшыны екі жендет алып кетті,
Қадиша талып қалды зар-зар айлап.
Алысып қос жендетпен бұлқынады,
Зұлымның басқанда кеп сұр тұманы.
Есіл ер қол-аяғы тұр байлауда,
Көзінің оққа айналып нұр шырағы.
Теміртек сонда ақырып:—Малғұн,—дейді,—
Барма еді әкең құны, малдың кегі?
Өсек қып іргемнен сен өрт қоймақ па ең,
Тынышын үй-ішімнің алдың,—деді.
—Байеке, сіз нансаңыз, жоқ жазығым,
Кәрленіп төккен маған оң ба зілің?
Өмірім есігіңде барады өтіп,
Тасқа бассам, Тәңірге аян ізім.
Теміртек таяғымен салып кетті,
Қажыған Жолшы байғұс талып кетті.
Майсақал сонда сырттан келді кіріп,
Секілді оның дағы жаны кекті.
Су бүркіп, басын сүйеп жиғызды есін,
Жаны ашып құшақтады зор денесін.
—Май аға,—деп күбірлеп ол тіл қатты,—
Мен үшін сөз айтасыз итке несін?
Құшынаш кемпір сонда келді жетіп:
—Майсақал, есің шыққан сенің нетіп?
Кезеріп кетіпті ғой сусап ернің,—
Деді де әкелді су мөлтілдетіп.
Ол суға у дайындап қосқан еді,
Жолшы ішті, алдына әкеп тосқан еді.
Білді өзі, бозарды да, өңі қашып,
—Май аға, жетіңіздер қосқа,—деді.
Тайғара ата жауым деген едім,
Ел-жұртым, сен аман бол, мен өлемін.
Алайын Тәңір алдында өз қолыңнан,
Аманат алмай кеткен көбелегім.
Құл еттің бізді, Тәңір, ұл етпедің,
Қайғымен, уәйіммен жүдепті өңім.
Балапан іште қалды арманым сол,
Әттең-ау, естімедім шыр еткенін.
Өмірі жазылмады алақаным,
Бай зұлым, басыма әкеп жала таңдың.
«Аманат бір өзіңе!» деп тапсырам,
Май аға, іште қалған балапаным,—
Деді де, иек қағып, көзін жұмды,
Жүрегі соғуынан мүлде тынды.
Кішкентай қара қостың ішіне әкеп,
Тайғара бүркеді ауыр қара тонды.
Мыстанның сезбеді ешкім бұл істерін,
Жолшы өлді, айта алмады у ішкенін.
Дариға-ай, заман деген осы екен ғой,
Жер ашты қайран ерге қуыс көрін.
Жылаумен Қадишаның талды жағы,
Әйтеуір шықпай оның қалды жаны.
Қараңғы түнектеніп келер күні,
Көзінен ғайып болды шам-шырағы.
—Жұбайым, осы ма еді шын айырылған,
Деуші едім, сенен, сірә, тірі айырылман.
Басына бұлардың да келер ме екен,
Зарлатып-еңіретіп бізді айырған.
Майсақал тоқтау айтып, жұбатады,
—Қарағым, Қадиша,—деп уатады.
Көтеріп Ахметін Қамар келді,
Сүйеу боп тек соларға жүрген тағы.
—Ей, Қамар, бүгін менің гүлім солды,
Аспанда жарқыраған күнім сөнді.
Ержетіп Ахметің кек алмаса,
Дүниеден өтеміз ғой болып сорлы.
Ас берді Теміртектің атасына,
Теміртек кетті соның батасына.
Қадиша дәл сол күні босанады,
Кез болып Тайғарадай опасызға.
«Қадиша толғатты» деп мыстан келді,
Талай жан сұмдығынан құшқан жерді.
Тайғара қос жендетті шақыртты тез,
Салмақ боп пәк денеге қан шеңгелді.
Іштегі арам ойын жүрген буып,
Әмірін жендеттерге берді суық:
«Босанса Қадишаны өлтіріңдер,
Көрсетпей еш адамға таңға жуық.
Қамарды жолатпаңдар осы маңға,
Бұл істі сездірмеңдер тірі жанға.
Егерде мүлт кетірсең жарлығымды,
Бояймын мен сендерді қызыл қанға!»
Толғатып отыр еді Қадиша үйде,
Қиналып жалғыз жаны ауыр күйге.
Қос жендет түн жастанып жетіп келді,
Не керек оларға адам қандай күйде.