Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сайрам аңызы (5-бөлім)

Аңыздық жырлар · 3 мин оқу

Ойлы адам білер сөздің түйінінен,
Кетпейді екі қолым бүйірімнен.
Анасын ақ маралдың жылан шағып,
Бұйрықсыз айырыпты үйірінен.

Қарғаның аққу көрдім ұясынан,
Дәл осы Кереге тас қиясынан.
Налимын, соған қатты қиналамын,
Биікке осы арманды жия шығам.

Амал жоқ, білмейді аққу жетілмеген,
Ойы жоқ аққу өзін жетім деген.
Ұясын сол қарғаның бұзсам деймін,
Шалқысын айдынында аққу еркіменен.

Ән тынды мөлдір көкке қанат қағып,
Қыздар тұр ән сырына қайран қалып.
Бисара бұл ғажапқа таңырқайды,
«Айтты,—деп,—осы сөзді жігіт нағып?!».

Бисара деді:—Мұның қандай өлең,
Бар еді мұнда не сыр, жұмбақ терең?
Бір үлкен мәнісі бар осы сөздің,
Жазықсыз жандарды әкеп көгендеген.

Ахмет, айтшы нақтап сырын мұның,
Жабулы кеткен жайын бұрынғының.
Естуге тағатым жоқ, тұрмын әрең,
Оралған торға келіп бұл мұңды кім?

Қыздар қайтты ойға батып айдын кеште,
Айтқаны Ахметтің кетпейді есте.
Сұрамақ болды бірақ кейін жеке,
Ұйқысыз таң атырды бұл күн кеште.
Қыздар жүр таудың тұнық бұлағында,
Шалғынның гүл аралас құрағында.
Шырқаған Ахметтің асқақ әні
Естілді Бисараның құлағында.

Ән салып келе жатыр Көксайды өрлеп,
Қырандай түлкі көріп ұшқан керлеп.
Бисара қасындағы қыздарға айтты:
—Шөлдедім, үйден сусын алып кел,—деп.

Ахметтің келді алдына орағытып,
Бар сырын айтқызбаққа ол ағытып.
Орманның тұрды екеуі арасында,
Бисара Ахметке қарады тік.

—Жан аға, әр сөзіңнің түйіні бар,
Ойланар адам мұны зейіні бар.
Жұмбақтап айтқаныңды қоя тұршы,
Ашық айт, сонда ғана күй ұғылар.

Тартқан күй, айтқан өлең жалындай боп,
Қинады жүрегімді зарымдай боп.
Ұрланып кегі кетіп жүрген бар ма,
Көміліп тереңде бір алынбай кек?!

Ахмет бір жадырап, бір қысылды,
Көрмеген қыздан бұрын бұл қысымды.
Еріксіз құтылмасын білгеннен соң,
Айтпауға болмайтынын шын түсінді.

—Мен айтам, бірақ жанға білдірмесең,
Қайғымен жүрегіңді бүлдірмесең.
Бисара ант берді елге айтпауға,
—Ендеше мен айтайын, сен білмесең.

Арманда не мұңлының жаны кеткен,
Өмірдің азабына жанып өткен.
Боп жүрген саған әке Теміртектің
Мойнында шын ата-анаң қаны кеткен.
Өмір ғой қашан дағы өршімеген,
Сыр естіп, Бисаражан, көрші менен.
Сен тумай у ішкізіп Тайғара сұм,
Өлтірткен өз әкеңді Жолшы деген.

Тайғара бедеу бопты жұртқа мәлім,
Жазықсыз талайларды құртқан залым.
Өзіне жолдас қылып бір мыстанды,
Сен тумай шешеңе де төккен зәрін.

Жүректің ем бола ма талғамына,
Жете алмай әкең кетті арманына.
Бауыздап сені туған сорлы анаңды,
Бауырынан сені тартып алмады ма?!

Бисара талықсыды өксіп-жылап,
Іс емес отырарлық адам шыдап.
—Дүние, жаңа ұқтым сұмдығыңды,
Ағызған ата-анамның қанын қымбат.

Желпіді самал келіп қолаң шашын,
Моншақтай үзді мөлдір көздің жасын.
Қан кетіп ақша беттен талықсыды,
Ахметтің кеудесіне қойып басын.

Кім білер, мұңдас білер ашынғанын,
Жаны дос қымтамай ма ашылғанын.
Толқыды қызбен бірге Ахмет те,
Кек қайнап кеудесінде, тасып жалын.

Жаны ашыр кім бар өксіп жылағанға,
Қайғыда қайрат берер шын адамға.
—«Сабыр түбі—сары алтын», Бисаражан,
Ақырын қайырлы етер шыдағанға.

Бисара «ұһ» дегенде атып жалын,
Бір шолып өтті көзбен атырабын.
—Армансыз дүниеде өтер едім,
Жауымның шашар болсам қызыл қанын.
Көзінің алса да әрең жасын тиып,
Барады кекке өртеніп, жанып-күйіп.
«Өмірім сеніменен бірге өтсін»,—деп,
Ахметке бұрымынан берді қиып.

—Налыма, айналайын, Бисаражан!
Арманым орындалды ойыма алған.
Өлсем де, тірілсем де мен де сендік,
Өмірдің керегі жоқ сенен қалған!

Бисара келді үйіне басы зеңіп,
Жүрегі қалғандай боп жасып өліп.
—Шошынып бірдемеден қалдың ба?—деп,
Сұрады Тайғара оның түрін көріп.

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз