Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сайрам аңызы (6-бөлім)

Аңыздық жырлар · 3 мин оқу

Сөзіне Тайғараның тіл қатпады,
Тас бекіп қалғандай-ақ үн қақпағы.
—Ет асып, шай қайнатып берейін,—деп,
Тайғара сайқал сөзбен бұлғақтады.

Жүрмейді бұрынғыдай ойнап-күліп,
Қуартты қызды уәйім ойлаттырып.
Ол қойды үй ішіне сыр айтуды,
Еркелеп «ата-ана» деп ойнап тұрып.

Байқайды қызды қатын келбетінен,
Жүрегін сезіп жүрді тербетілген.
—Масқара қып жүрмесін бізді бір күн,
Құда боп, орын тауып, тез кетір, сен.

Бұрынғы еркеліктің бәрін қойды,
Әлде бір ойлағандай қайғылы ойды.
Өзінің асылзаттық тегін жойып,
Бұл күнде қарашаға бейім болды.

—Қорқамын Майсақалдың баласынан,
Көзінің сұмдық көрем қарасынан.
Жылқыны басқа құлдың бірі бақсын,
Жау болып шықпасын бұл жар астынан.
Өзінің кетсін көшіп руына,
Жаққан жоқ оның бізге құрығы да.
Сені менен маған ол не қылады,
Қас қылар сенің жалғыз құлыныңа.

Бисара сырттан тыңдап, бағып тұрды,
Көзінің жасы мөлт-мөлт ағып тұрды.
—Жасаған, бұған дауа бермейсің бе,
Жаралдық осынша біз нағып мұңлы?!

Шақыртты Майсақалды бай қасына,
Ашуын арқау етіп айласына.
—Іргемнен қазір көшіп, жоғал!—деді,
Лаж жоқ Майсақалдың таймасына.

Көтеріп қазан-ошақ арқасына,
Қоштасты Таңбалының жартасына.
Қоштасты мұңдасымен, ел-жұртымен,
Қоштасты жемісті алғаш Алқасына.

Күн тұрды асылды да құз басына,
Шуағын шаша салып түз тасына.
—Шынымен бізді тастап кеттің бе?!—деп,
Жігіттің келді егіліп қыз қасына.

Аққан жас сорғалады осып бетті,
Бейне бір жатқандай-ақ кешіп кекті.
Көңілін Бисараның құлазытып,
Майсақал күңіреніп көшіп кетті.

Секілді тау бұлағы тасты жарған,
Жалтылдап жанарында жақсы арман.
Ахмет қош айтысып кете барды,
Бармақ боп Бисараға кейін қалған.

Ахмет тағы талай жүрді келіп,
Серттескен ақтау үшін сырды берік.
Қызығын көре алмаған сәбиінің,
Қабырын Қадишаның келді көріп.
Қыз көріп құлады ана қабырына,
Еш тоқтау қыла алмады сабырына.
Сорғалап жасы тамды құлпытасқа,
Батқандай айналаның бәрі мұңға.

—О, шіркін, жатырмысың, қайран анам,
Ақ сүтін емізетін қайда маған?!
Құшақтап торқа болған топырағыңды,
Келіп тұр жетімегің аймалаған.

Үйірілген төбесіне арман-қайғы,
Ботаң тұр басыңа кеп тайған бағы.
Өмірдің айдынында жүзе алмаған,
Мен қайық қирап қалған қайраңдағы.

Тілініп жүрек болды пара-пара,
Түсіп бір жазылмайтын ауыр жара.
Өмірім өкінішпен өтіпті ғой,
Бір медет табылар ма бұған шара?!

Егіліп ет жүрегім езілемін,
Жас болып көзден аққан төгілемін.
Жауыздар бұтағыңнан үзіп апты,
Ол күнде мен нәресте не білемін?

Болса да қайғы басқан жүрек мұңы,
Ахмет тоқтау айтып тілек қылды.
Естіген осы зарды тау-тас дағы,
Ауыр бір ойға шомып жүдеп тұрды.

Мұңдасып бұл екеуі ұзақ тұрды,
—Өмірде боламыз ба біз-ақ мұңлы?!—
Бисара, жол табайық,—деді Ахмет,
Бұл дүние екеумізге тұзақ құрды.

Әкеммен жылқы бақтым жастайымнан,
Тақымға құрық қысып ақ қайыңнан.
Тауыпты бір күн әкем ана өлігін,
Белгі етіп мынау қызыл тас қойылған.
Жерледі әкем сонда, болдым бірге,
Денеден басты айырып сол үңгірге.
Тастапты киіміменен сорлы ананы,
Шошыдым естен танып сол түн мүлде.

Бар жайын әкем айтты бұл бір істің,
Сөнгенін қастандықпен бұл бір ұшқын.
Саған мен көрсете алмай жүруші едім,
Күйер деп балапаны мұңлы құстың.

Бұдан соң қош айтысты екі ғашық,
Қыраттан бірін-бірі ертіп асып.
Серттесті көріспекке тағы жиі,
Көңілдің көк тұманын серпіп ашып.

Ахмет келгенде бір сертті күні,
Бетінің өшкін тартып өртті гүлі.
Бисара көңілі қаяу қарсы алды,
Көзінен жасын төгіп, шертті мұңды.

—Ахмет, сенен басқа панам бар ма,
Жүрегін жарып шыққан анам бар ма?
Сатпақшы болды мені Теміртек бай
Тәбік деген алпыстағы сараң байға.

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз