Сайрам аңызы (8-бөлім)
Аңыздық жырлар · 3 мин оқу
Су орнына жұтып ең адам қанын,
Ұятсыз, білмейсің, сен, беттің арын.
Тұлпарым үйірін тапты айналып кеп,
Құны сенде Жолшы мен Қадишаның.
Бір ашу Майсақалды апты кернеп,
Қолдарын, сөйлеп кетті, қатты сермеп.
—Қанды қол, қара жүзді бүгін саған,
Осы жұрт «нәлет» деген атты бермек.
Қолыма қайтып келді қызыл гүлім,
Ұясын тапты ұшып өз бұлбұлым.
Әкесі айтып кеткен көз жұмарда,
«Өзіңе аманат,—деп,—бір құлыным!»
Кедейлер биге келді жапырласып:
—Сарап айт екі жақты тура басып.
Тайғара Бисараны ұрлап алған,
Өлтіріп анасының қанын шашып.
Шыдамай Тәбік ұрды атын басқа,
—Тінтуші жіберем,—деп,—тау мен тасқа,—
Қарасирақ кедейдің қорлығы өтті,
Байлаңдар Майсақалды, тұрма босқа!
Сайланып келген жаудың қолы күшті,
Қапыда неше азамат сойылға ұшты.
Ел ес жиып, сайланып үлгіргенше,
Майсақал әйелімен қолға түсті.
—Ей, мұндар, не қыласың байлағанмен,
Шабам деп қанжарыңды сайлағанмен.
Мен өлгенмен ұрпағым кегімді алар,
Пышағың оларға өтпес қайрағанмен.
Мойныңда қан қарызы кетпес тегін,
Саған да зауал тиер жетпес пе күн.
Қара ниет дұшпаным, қарғыс саған,
Бізден де айығып бір өтпес пе мұң.
Әкетті Майсақалды арқан тағып,
Өлтірмек дарға асып, отқа жағып.
Жөнелді сонда Серік Ахметке,
Шыдасын бұл қорлыққа адам нағып.
Ахмет қарауылда отыр қарап,
Ширығып екі саңлақ аты жарап.
—Бір адам келе жатыр, Бисаражан,—
Деді ол,—бізді бетке нақ туралап.
Серік қой келе жатқан осы,—деді,
Жақыным, жанашырым, досым,—деді.
Жүрісі тегін емес тіпті, сірә,
Мен үшін өлімге бас тосып еді.
Ентіккен еті қызып ат қара тер,
Бүйітпесе намыс кетер жатқа бекер.
Серіктің өңі құп-қу, қаны қашқан,
Алдында тұзақ бардай аттап өтер.
Алдына Қосағаштың келді жетіп,
Атының екпінімен желді үдетіп.
—Сынайтын ер қайратын келді кезек,
Сондықтан хабар айта келдім бекіп.
Уа, досым, жатырмысың биік тауда,
«Құс торға» деген қайда «Батыр жауға».
Ауылда қызыл қырғын майдан болды,
Талайдың қанын жұтты өмір қауға.
Ауылды түтіп-түтіп қылды ойран,
Кісі өлді екі жақтан қырғын майдан.
Әкетті ата-анаңды жаяу айдап,
Күнә ғой оны саған айтпай қойған.
Бисара тоқтай алмай кетті жылап,
—Ахмет, алайық,—деп,—ақыл құрап.
Ата-ананы отқа тірі күйдіргенше,
Бізде олармен болайық ақыр бір-ақ.
Беліне екі жүзді семсер байлап,
Деді Ахмет қос көзі отша жайнап:
—Мен серікпін, барайын қан майданға,
Бисара, сен мұнда қал, сабыр айлап.
—Не дейсің, Ахмет, сен жаным маған?!
Жолыңда пидамын деп айтқам сағам.
Ата кегім, анамның қаны қайда,
Солардың Теміртектен кегін алам.
Сонымен бұлар тартты сайысқалы,
Жебенің санды соғып қайыс қабы.
Көк найза кекпен сұсты жарқ-жарқ етіп,
От шағып наркескендер майыспалы.
Әр жерде безек қағып жүрді шымшық,
Қара орман ауыр ойда тұрды сыңсып.
Көксала, Құсемшектің тау мен тасы
«Жол болсын» дегендей-ақ тұрды тыншып.
Аттары жүріп кетті пысқырынып,
Тұяғы қара жерге күшті ұрылып.
Бұлардың беттерінің түгі шықты,
Білектің еттерінде күш тіріліп.
Ат қойды жаудың бұлар шебін түріп,
Шабысты андағайлап о да ұмытылып.
Ысқырды өлім тілеп ұшқан жебе,
Екі жақ арасының көгін тіліп.
Жарқылдап найза, қылыш араласты,
Кейбірін оқтар түйреп, жарды басты.
Тұсынан келіп тиген бұл дауылдан
Кейбір жау жан сауғалап тұра қашты.
Айғай-шу жауып кеткен бар алапты,
Серік те шөптей орып араласты.
Айырылды өз басынан дәуде болса,
Ахметке тұра ұмтылған баран атты.
Қалың жау жапырылып кетті ығысып,
Теміртек шетте тұрған көпті қысып.
Өзінше ұран салып «Ұстаңдар!» деп,
Шауып жүр атармандар епті пысық.
Бисара Теміртекті көріп қалды,
Таяу кеп қылыш ұстап тұрып қалды.
Күш беріп ата кегі, ана арманы,
Қылышпен желкесінен періп қалды.