Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сайрам аңызы (2-бөлім)

Аңыздық жырлар · 3 мин оқу

Тайғара айтты:—Дұрыс па ойлағаным?—
Мақсатым орындалса, ойда арманым.
Бір күліп, кемпір сонда былай деді:
—Осыны өте дұрыс ойлағаның.

—Осы ойым орындалса жадымдағы,
Сенікі бар дүние-малым дағы.
Бір қарап жәдігөйге зұлым қатын,
Ділдәдан бесті берді жанындағы.

—Бұл сырды айтып жүрме жақын досқа,
Еңбегің еткен адал кетпес босқа.
«Тайғара екіқабат, жүкті екен» деп,
Текеңмен сендір елді, балыңды ашта.

Жолшы еді Қадишаның жан серігі,
Өмірі, үміті де, бар сенімі.
Жолшының көзін ептеп жоғалтпақшы,
Осылай сөнбек оның бар өмірі.

Сонымен кемпір кетті өз жайына,
Біраз сөз Қадишадан қозғайын да.
Жас ағып ақша беттен тарам-тарам,
Мұңайып былай деді жұбайына:

—Жас осты жүзімізді тарам-тарам,
Жүрмедік еркімізше болып адам.
Өмірдің бар ащысын арттың бізге,
Не жаздық, күнәміз не, Тәңір, саған?!
Бұл байдан құтылатын күн болар ма,
Қараңғы қайран өмір түн болар ма.
Кетпеді құлақтан сөз, бастан таяқ,
Дүниеде бұдан артық мұң болар ма?!

Мұңдасты жолдасымен екеу ара,
Дертіне отыр бұлар таппай шара.
«Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмесек те,
Жақпаймыз бұл сұмдарға жүзі қара».

Осылай мұң шертісті қостарында,
Өзіне жан ашитын дос-жарына.
—Шақырып Май ағаны ертіп келші,
Бір медеу болар ма екен мұң-зарыма!

Құл еді Майсақал да есіктегі,
Жасынан жанған іште өсіп кегі.
Үш жасар бір ұлы бар, бақыты сол,
Сонымен бұл бейшара нәсіпті еді.

Майсақал қостарына келді кіріп,
Қадиша сәлем етті әдеп қылып.
Бір ауыр қайғы-азаптан қапаланған,
Қуарған шөлмектей боп жүзі сынық.

—Не болды, Қадишажан, түрің жаман?!
Түскендей бір уайым қатты саған.
Жоқшылық шырмауымен өмір бойы
Өстіп-ақ келеді өтіп, шіркін, заман!

—Май аға әрең жүрмін ауыраяқ,
Сонда да құлақтан сөз, кетпей таяқ.
Майсақал ауыр оймен күрсінеді,
Байғұстың мүшкіл болған халін аяп.

—Май аға, түс көремін неше түрлі,
Бар ма екен дүниеде біздей мұңлы?
Тәңірдің әділеті қайда кетті,
Неге тең жаратпайды ай мен күнді?!
Түсімде жылан жұтып жүрегімді,
Орапты құйрығымен білегімді.
Толғатып отыр екем осы қоста,
Қасқыр жұла жөнелді бет жүзімді.

Бозторғай көкке ұшты шыр етті де,
Тау тұрды құлағандай дір етті де.
Қораның ортасынан құйын соғып,
Қосымды талқандады күйретті де.

—Жақсы түс, торғай-сәби көкке ұшқан,
Бір көркем бала ғой ол нұрды құшқан.
Қасқырың бай екен ғой түсте көрген,
Ежелден келе жатқан бізге дұшпан.

Сұр жылан—бай қатыны зәрін бүккен,
Талайға азап арнап, кәрін төккен.
Жетерсің мұратыңа, сақ бол, балам,
Тәңірсіз шырақ сөнбес бұл тірліктен.

Тайғара жүрген еді сыртан бағып,
Жолшыны Теміртекке күнде шағып.
Естіді мына сөзді жарғақ құлақ,
Жын буды екі азудан көбік ағып.

—Болыппыз сендерге біз қарақасқа,
Жарытпаппыз киер киім, ішер асқа.
Көзіңді әлдеқашан жоғалтады,
Жан болса рақымсыз бізден басқа.

Жүрсеңдер көтере алмай тойғаныңды,
Бай келсін, шығарармын ойраныңды.
Қасқыр боп жеп, жылан боп шағыппыз біз,
Істеп көр қастық қылар ойларыңды.

Жолшы айтты:—Тәңір-ау, бұл қай қылығың,—
Кім мұңын бір көтерер қайғылының?
Біреу бай, біреу кедей, біреу зарлы,
Түспейді жер жүзіне тегіс күнің.
Өртеді Тайғараны Жолшы сөзі,
Алайды жын ұрғандай екі көзі.
Көрсетермін мен саған көргілікті,
Сор тілеген жансың ғой өзіне-өзі.

Бай келді ордасына кешке оралып,
Тайғара оқ тигендей жараланып,
Байы өліп, қонақасын бергендей-ақ,
Қан жұтып отыр мүлдем, қара салып.

Ол сөзін өткізем деп бұлаңдайды,
Қастықсыз қарға адым жер жүре алмайды.
—Сен үйден алты қадам аттап кетсең,
Мізбақпас Жолшы құлың тіл алмайды.

Соған-ақ өтер болдым быжалақтап,
Жүр екен бар қастығын ішке сақтап.
Маған бай есіктегі Жолшы болды,
Айтпаған қалмады сөз жездей қақтап.

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз