Еділ мен Жайық батыр (11-бөлім)
Аңыздық жырлар · 3 мин оқу
Бір мезгілдер болғанда,
Беліне іліп садағын,
Қарсы жауып қабағын,
Жайдақ атқа мініп ап,
Салақтатып аяғын,
Тоғын батыр келеді.
Еділ тұрып алыстан,
Келе жатқан Тоғынды
Байқап, қарап көреді.
Еділ батыр, ал, сонда
Жетіп келді Жайыққа,
Көз жетпейді ғайыпқа.
—Мен барайын, рұқсат ет,
Тоғын сынды алыпқа.
Рұқсат етті ер Жайық,
Бата берді қол жайып.
Кімнің жеңер, жеңбесі,
Болжаусыз дүние бір ғайып.
Жайық тұрып Еділге:
—Байқа, батыр, бар,—деді.
Батыр болса өзіне
Тоғын кімге таң,—деді.
Көп кешікпей Тоғынның
Басын кесіп ал!—деді.
Еділ батыр Жайықтан
Рұқсат сұрап алады,
От жүрегі жанады.
Қарсы шығып қасқайып,
Тоғынға Еділ барады.
Келе сала Тоғынмен
Ат үстінен алысты,
Найзаменен салысты.
Дінсіз туған қу Тоғын
Жібермей тұр намысты.
Қазақ, қалмақ, басқасы
Салып жатыр соғысты.
Жекпе-жек жатыр алысып,
Кім бұларға болысты.
Алысуы бұлардың
Бір сөткеге тартады.
Шиеленісіп алысу
Бір сөткеге тартады.
Еділ сонда меңдеді,
Еділді Тоғын дендеді.
Іздеп келіп жеңілу
Батырларға жөн бе еді?!
Қанша күшін салса да,
Тоғын батыр көнбеді.
Жалпақ жатқан қалмақтың
Намысын о да бермеді.
Екі батыр ерісіп,
Ала алмады жеңісіп.
Жайық жүрген жағында
Көп қалмақ жатыр қырылып,
Ажалына көрісіп.
Қарысудай қарысты,
Алысудай алысты.
Алқымнан ұстап ер Тоғын,
Алып барад тынысты.
Қырылдатып Еділді,
Шығармай тұр дыбысты.
Шатысудай шатысты,
Күштің дәмін татысты.
Дізесінен екеуі
Қара жерге батысты.
Қазақ, қалмақ екі жақ
Көздерін бұған салысты.
Қайратқа мінді ер Тоғын,
Ақырып аузын ашады.
Асыл туған Еділді
Иығынан басады,
Еділ қатты сасады.
Екі ерді аңдып қарап тұр
Қалмақ, қазақ жасағы.
Жайық тұрып сол жерде
Қатты-қатты жөтелді.
—Қысаң жерде сұранып,
Істедің Еділ бекер-ді.
Енді қайрат қылмасаң,
Тоғынды жерге ұрмасаң,
Қалмаққа басың кетер-ді.
Шамаң келсе, ер Еділ,
Қалмаққа берме намысты,
Қайрат қылсаң нетер-ді.
Осы сөзі Жайықтың
Қайрат болды Еділге.
Намысқа қатты тырысып,
Ер Тоғынды көтерді.
Көтеріп жерге ұрады,
Көріп тұрған қазақтар
Шүкір ғып Хаққа тұрады.
Еділ ердің қайраты
Қазаққа сонда ұнады.
Батыр туған ер Еділ,
Тоғынның басын кесіп ап,
Қасқайып қарап тұрады.
Қалмақтың қалың қолдары
Анық батыр екенін
Еділді сонда сынады.
Екі жақтың біреуі
Жеңіліп барып,
Тыныш таппай,
Бұл соғыстың аяғы,
Сірә, қайтіп тынады.
Қазақтың күші асады,
Қалмақтар кері қашады.
«Қашқан жауға қатын би»,
Қашып жүрген қалмақты
Атпенен қазақ басады.
Қалмақтар қатты сасады,
Қазақтың көңілі тасады.
Алды-артынан оратып,
Қашып жүрген қалмаққа
Қазақтар қылды қысаны.
Ағасы ер Тоғынның—батыр Дырау,
Қартайған сақал, басы аппақ қырау.
Інісінің өлгенін естіген соң,
Тоғынға тағат қылып, болмас шыдау.
Сол күнде сексен беске келген жасы,
Ақ басқан сақал-мұрты, басы, шашы.
«Өзім барып соғысқа араласам,
Қазақтың беріледі сыбағасы»,—
Деді да, атқа мінді батыр Дырау,
Келеді Дырау ердің тамашасы.
Келді да Еділге айтты:—Кезегім бер,—
Жасыңнан сені қысқан қай арам тер?
Тоғынымды өлтіріп өзім жоқта,
Күшті болсаң, мен шалдың өнерін көр.
Ажалыңның келгенін түсініп қой,
Өзіңе мекен болар бұл қара жер.
Сені жерге тықпасам,
Дырау атым құрысын.
Талай рет көріп ем
Қазақ, қалмақ ұрысын.
Аңғал еді сол інім,
Жақтырмаушы ем жүрісін.
Кәрі жыным түсіп тұр,
Бітірейін мен енді
Бар қазақтың жұмысын.
Мына түрмен қазақтар
Жалпақ жатқан қалмақтың
Аудармақсың қонысын,
Тарылтпақсың өрісін.
Мені көзбен көргенше,
Қорлық көріп өлгенше,
Денем жерге шірісін.