Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Еділ мен Жайық батыр (8-бөлім)

Аңыздық жырлар · 3 мин оқу

Жайық тұрып сол жерде,
Жартасқа қадам басады.
Тас есікті қолымен
Бірақ тартып ашады.

Сонда есік ашылды,
Кіріп келіп ер Жайық,
Қараңғы үйге атылды,
Ердің ісі батыл-ды.
—Ұйықтап жатқан жалғыз көз,
Жаның болса бойыңда,
Көтер,—деді,—басыңды!

Жалғыз көзді жезтырнақ
Сонда басын көтерді.
Ешнәрсе алмай ойына,
Тәкаппарсып жөтелді.

—Ершігесіп сен неме,
Неге аласың мазамды?
Тартарсың енді сазаңды!
Басыңды кесіп қылышпен,
Келтірейін қазаңды,—

Деп орнынан тұрады,
Қатты ашу қылады.
Тырнақтарын тарбитып,
Жайықты келіп ұрады.

Жезтырнақтар жабылды,
Денесіне батырдың
Көп тырнақтар салынды.
Жайық та Хақтан тілейді:
«Қалдыр,—деп,—Алла жанымды!».
Жанжал-ұрыс болады,
Жайық батыр қылышпен
Талайын сілтеп ұрады.
Жайық батыр қолынан
Жезтырнақтың талайы
Қаза тауып құлады.
Жайық батыр тізеден
Қызыл қанды кешіп жүр,
Еш адамға белгісіз
Аяғы қалай тынары.

Тырнағымен жезтырнақ
Жайыққа жара салып жүр.
Жезтырнақтар жабылып,
Жайықтан кекті алып жүр.
Жан аямай Жайық та,
Қылышын қанға малып жүр.
Кім екенін Жайықтың
Жезтырнақтар танып жүр.
Жайық жалғыз, жауы көп,
Төтеп беріп соларға,
Жайық та қатты талып жүр.
«Еділді көрмей өлем» деп,
Іші күйіп, жанып жүр.

Бір күн, бір түн жезтырнақ
Жайықпен ұрыс салады.
Халі бітіп, қалжырап,
Жайық та естен танады.
Денесінің барлығы
Алпыс жерден жаралы.
«Құдай мәдат бермесе,
Жеңілдім»,—деп Жайық ер
Қатты кейіп налады.
Жайық жалғыз, жауы көп,
Келтірмей тұр шаманы.

Жан алқымға келіп тұр,
Ажал жетіп, төніп тұр.
Еділден сөзді бастайын,
Тыңдаушы, сөзге мойын бұр.
Бірнеше күн жол жүріп,
Арып-шаршап шөл жүріп,
Еділ келді қонаға
Жайықтың жатқан жеріне.
«Бұл маңайда не қылса,
Батыр Жайық болмасын.
Мені іздеп сол батыр,
Осы араға қонбасын».

Деген оймен ер Еділ
Жан-жағына қарады,
Етті көріп қалады.
Оты сөнген қараса,
Қайтадан от жағады.
Ет қақтап жеп алып,
Түспек болып ізіне,
Ойға бір іс алады.
Қақтап етке тояды,
Қалғандарын орнына
Қайта іліп қояды.
Ізге түсіп жүрмекке,
Не болса да көрмекке,
Атына ер салады.
Ат та демін алады,
Есіл туған ер Еділ
Ізге түсіп барады.
Қырқаны кесіп көлденең,
Жазық жерден жайылып,
Бір-ақ аттап барады.
Ізімен барып тұлпардың,
Сол қақпаны табады.
Сол мезгілде жезтырнақ
Жайық сынды батырды
Шалқасынан салады.
Жан алқымға барады,
Жайық естен танады.
Рақымы жоқ жезтырнақ
Саусақтарын тарбитып,
Кеңірдектен ұрмаққа,
Қолды оңтайлап алады.
«Тарт қолыңды Жайықтан!»
Деген дауыс саңқ етті,
Болат қылыш жарқ етті.
Жезтырнақтың басына
Өткір алмас сарт етті,
Ұшып басы ол кетті.
Талайдан бейнет көрісіп,
Зарығысып жүріскен
Екі батыр көрісіп,
Арманына бір жетті.

Екі батыр, екі дос,
Бірін-бірі көрісті.
Сүйісіп, қатты жыласып,
Құшақтап қолтық керісті.
Жезтырнақтар қирады,
Батырлар алды жеңісті.
Көздің жасын төгісті,
Тірі күнде батырлар
Арманына жетісіп,
Иіліп сәлем берісті.
«Бұдан былай Құдайым,
Ұзатсын деп ұрысты».

Көп адамдар сол жерде
Тұтқын болып қалыпты
Жезтырнақтың қолында.
Екі батыр босатты,
Бостандық етіп оны да.
Разы болып ел кетті,
«Құрбанбыз» деп батырлар,
Сіздер үшін жолыңда.

Батырлар тізе қосады,
Көңілдері тасады.
Жауды қырып біткен соң,
Құшақтасып, сүйісіп,
Көңілдерін басады.
Еділ, Жайық батырдың
Екпіні судай тасады.
Жезтырнақтың қолында
Тұтқын жандар босады.
Қос тіккен жерге қайтып кеп,
Құланның қалған етін жеп,
Біраз күн өмір жасады.
Тұтқыннан босап барғандар
Істің неден тынғанын
Елге барып шашады.

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз