Сайрам аңызы (7-бөлім)
Аңыздық жырлар · 3 мин оқу
Тым жылпың, Тайғараның сөзі жылмаң,
Осыдан құтқар мені енді жылдам.
Ойлаймын сені сезіп қалған ба деп,
Менен тез құтылудың қамын қылған.
Енді бір үш-төрт күнде Тәбік келмек,
Берерін бір-ақ жолда алып келмек.
Сонымен мені әкетпек шырылдатып,
Олай болса кеудемде жарық сөнбек.
—Бисара, ондай болса, қамданайық,
Істейтін бұған әдіс бар ма лайық?
Келейін үйге барып тез оралып,
Болайық бір-ақ түнгі таңда ғайып.
Тәбік те келді бір күн сердебелі,
Ораған көп асылмен сал денені.
Қу ағаш жасармақшы жас бұтақпен,
Жас ару Бисараны «жар» дегелі.
Айтқанын Теміртектің орындады,
Шашылған дүниеден қорынбады.
Әкелді үш жүз жылқы, елу түйе,
Тіктіріп ақ күмбез үй формдағы.
Шалқытып Теміртек те той жасамақ,
Таппайтын өмірде бұл ойласа бақ.
Сәтті күн сәрсенбіде жөнелтпекші,
Деп осы қызығымнан бой жасарат.
Ахмет уәделі жерге келді,
Атын ол «тез жетем» деп терге көмді.
Жаңа кеп Бисара да отыр еді,
Түбінде топ қарағай еткен белгі.
Ахметтің ерні тиді қыз бетіне,
Қарағай тұрды сезгір күзетіне.
Қараңғы етегімен түн бүркейді,
«Қалма,—деп,—қос ғашықтар, сіз өкіне!»
Демдері жалындай боп шарпылысты,
Көк орман тыңдай қалды жан тынысты.
Махаббат оты тамған көздерінен,
Аспанның жұлдызындай жарқыл ұшты.
Маңайда тың тыңдады құлақ түріп,
Бұларды тыңдағандай бұлақ күліп.
Еш дыбыс білінбеді, жым-жырт бәрі,
Тек мұны жұлдыз көрді жырақ тұрып.
—Ахмет,—деді сонда,—кешікпелік,
Бұл орман қалмас бізге бесік болып.
Тәбіктің бозжорғасын байлап қойған
Бисара арқанына шешіп келіп.
Жөнелді бұл екеуі белден асып,
Шалғайын шапанының желмен ашып.
Бір уыс топырақты Бисара алып,
Арнап ол Тайғараға кетті шашып.
Үйіне Ахметтің түнде келді,
Ұялып Бисара үйге кірмеді енді.
«Ақ жолды, абыройлы қыла көр!» деп,
Қамар кеп құшып-сүйіп еңіреді.
Ағайын хабар берді жұратына,
Тасалап атты қойды үй артына.
Сол жерге жатақтардың бәрі келді,
«Жетсін,—деп,—екі бала мұратына!»
Кәрілер бата берді жайып қолын:
«Тұлпарым, жолын тапқан болсын жолың!»
—Әзірше тасаласын Ақбайталға,—
Болмас,—деп ақылдасты,—ауыл орын.
Серік айтты:—Ал, Ахмет, жарағыңды,
Қарыңа іл қару найза, садағыңды.
Өлім менен өмірдің ортасы бұл,
Әділ би жоқ жарарлық қара қылды.
Тұрамын азық тасып, хабар айтып,
Сезбестен біз қалмайық баладай түк.
Дайын боп сайланармыз мұнда да біз,
Бекініп жатар жерге қарағай тік.
—Екеуің паналаңдар бір шатқалды,
Бүйтіп біз атырармыз тұрсақ таңды.
Жасаған, жалғызыма пана бол!—деп,
Майсақал мойнына бұршақ салды.
Орнынан тұрды түсте би менен бек,
Ерінген май денелер күйбелеңдеп.
Оятпақ болды сонда Бисараны,
Бір нөкер төсегіне имене кеп.
Ол сонда тұрып қалды аңтарылып,
Төсек тұр, Бисара жоқ, аң-таң қылып.
Жеткізді бұл хабарды Тайғараға,
Таңдайын «Бұл қалай?» деп тамсандырып.
Іздеді, бұл маңайдан таба алмады,
Тым састы, ауылға да хабарлады.
Ойбайлап, жер тепкілеп, бетін тырнап,
Өртенді от боп күйіп арам жаны.
Секілді түксірейген қара бүйі,
Өртеніп кеткендей дәл басында үйі.
Сақалын ысқа малған сап-сарала,
Түксиіп отыр бетте күйеу биі.
«Кім екен басынатын бұл орданы,
Қоса алып кетіпті-ау боз жорғаны.
Басқа адам бұған, сірә, бата алмайды»,
«Ахмет әкетті»,—деп ұйғарады.
Ауылына Майсақалдың басып келді,
Ашу-кек бойға сыймай тасып келді.
—Ахмет, Бисараны тауып бер?!—деп,
Ақырып жатқан тыныш ашынтты елді.
Кәрі-жас екі етегін белге түріп,
Сезгендей салатынын елге бүлік.
Деді Серік жиылған дүйім жұртқа:
—Кек үшін күресейік, бермей ырық!—
Теміртек, кегіміз бар саған деген,
Кісі өлтіріп, қан жұтып, арам жеген.
Бисара өз үйірін алды тауып,
Мал емес, ақылы бар адам деген.