Сайрам аңызы (4-бөлім)
Аңыздық жырлар · 3 мин оқу
Шыр етіп түсе қалды жерге бала,
Жөнелді аңдып тұрған кемпір ала.
Жер сілкініп, құс шулап, орман мүлгіп,
Күңіренді күйік жұтып жалпақ дала.
Ұстады бірі қолдан, бірі бастан,
Тартады үлпілдеген қолаң шаштан.
Біреуі желкесіне басып тұрып,
Қанжарын салды бұлар аямастан.
—Не қылдым қаптайтындай маған бәрің,
Қалайша обалыма қарамадың.
Азат ет қасықтай қан бір жанымды,
Бар шығар сендердің де балаларың?!
Қолымнан алма тартып үмітімді,
Әкетпе шырылдатып бұлбұлымды.
Дариға-ай, бір күн басып бауырыма,
Бір сорып кетпеді ғой уызымды.
Артымда қалды-ау ботам тірі жетім,
Жоқ екен көретін күн құдіретім.
Қош, қозым, елім-жұртым, айырылдым!—деп,
Біле алмай кетті талып Қадиша есін.
Дауысы Қадишаның шықпай қалды,
«Жібермес нақақ қан»,—деп дүние салды.
Қардай ет қызыл қанға бетін бояп,
Бауыздап бейшараны тыға салды.
«Жеттім» деп Тайғара жүр мұратына,
Қарайма арсыз адам ұятына.
«Бәйбіше, аман-есен босанды!»—деп,
Шүйінші сұрап кетті жұратына.
Той қылды бірнеше күн ойнап-күліп,
Күзетіп шілдехана елді жиып.
Бұзауын ақ маралдың тартып алды,
Бояды қызыл қанға өзін жұтып.
Ат қойды оған Теміртек «Бисара», деп,
«Көргенім көзімді ашып бір бала», деп.
Дауысын шырылдаған күң естіді,
«Айырылған анасынан бейшара!» деп.
Майсақал кеткен жылқы бойдағымен,
Жүрсе де Қадишаны ойлап үнем.
Амал не, ол кеш ұқты бұл сұмдықтың
Болғанын Тайғараның ойранымен.
Екі дерт Майсақалға бірдей тиіп,
Өртеніп іші-бауыры оттай күйіп.
Қайғысын соныменен шығарады,
Жалғызы Ахметті құшып-сүйіп.
Ішінде кете берді осы арманы,
Бір кезгі тәтті үміттер бос алдады.
Қойғанша жау қолына олжа қылып,
Бұл Тәңір Бисараны қоса алмады.
Арада талай белес жылдар өтті,
Бисара гүлдей жайнап ол да ержетті.
Ақылы камалданып күн-күн сайын,
Күлкісі сылдырлаған жан тебірентті.
Перизат он жетіге аяқ басты,
Алма бет, қарақат көз, қолаң шашты.
Табиғат сұлулығын берген оған,
Елжіреп ай сәулесін бұған ашты.
Көктемгі балдырғандай бұратылған,
Күн туып, жанарынан нұр атылған.
Мөлдір ед тау суындай жүрегі оның,
Мінезі қырмызыдай күнге ашылған.
Көрген жан бұған қайран қалушы еді,
Нұрланып көзі оттай жанушы еді.
Тартатын ісімен де, көркімен де,
Шерменде көрмеген жан налушы еді.
Ержетті Ахмет те арыстандай,
Кең иық, кербез кеуде, қарыс маңдай.
Көрмесе Бисараны көңіл қаяу,
Арман боп көкірегінде ән ұшқандай.
Жылқышы болды Ахмет құрық ұстап,
Қаймықпас болса да сан қиын-қыспақ.
Палуан, домбырашы және өлеңші
Сауықтың жіберетін дуын бастап.
Екеуі жастайынан тел өседі,
Майсақал баласымен кеңеседі.
Ұқтырды бастан-аяқ оқиғаны,
—Бисара байдың қызы емес,—деді,
Мұны естіп Ахмет те жалынады,
—Шетінен қырарма ед,—деп,—жауыздарды!
—Қой, балам, олай деме,—деді әкесі,—
Қиын ғой бұған дауа табылмағы.
Ахмет бұған іштей тынып жүрді,
Жеткізбей қызға деген тұнық жырды.
Ашпады жан жалынын оған деген,
Арқалап келе жатыр мұңлы жылды.
Бисара сән түзеген сауық құрып,
Ай нұрын арқасына жауып тұрып.
«Ақсүйек», «Шешеке» ойнап қыз-бозбала,
Ахмет келеді ылғи тауып қулық.
Самырсын, ну қарағай арасында,
Жиылған сауықшылдың бәрі осында.
Бисара Ахметке: «Ән сал»,—дейді,
Жүрсе де өзі құл боп қорасында.
—Құлағын домбырамның алдым бұрап,
Отырсын қыздар менен өлең сұрап.
Айтайын көзімменен көргенімді,
Құрбылар өнерімді көрсін сынап.
Қарадым бір маралдың баласына,
Баласы ұқсамайды анасына.
Көзіме оттай ыстық басылады,
Жүргенде қалың топтың арасында.
Ей, қыздар, не жоқ дейсің жер бетінде,
Толқыған сендер аққу көл бетінде.
Біреудің бағын біреу алады екен,
Амал не көрініп жүр ел бетіне.