Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Еділ мен Жайық батыр (9-бөлім)

Аңыздық жырлар · 3 мин оқу

Жайық батыр елінде
Қарамес деген хан еді.
Өзі арам, рақымсыз,
Қара ниетті жан еді.

Сол хан естіп хабарды,
Қорқып қатты сасады.
—Жайық батыр, сені,—деп,
Азуын қарыш-қарыш басады.
Бас уәзірі Жантайлақ
Келіп ақыл қосады.

Бас қосып, ақыл қылады,
Ақыл ханға ұнады.
Еш адамға белгісіз
Аяғы немен тынады.
Үш күннен қалмай көшуге,
Елге жарлық қылады.
«Жезтырнақпен жау болдық,
Жайық батыр өліпті.
Тезірек жерден көшпесек,
Қалған елді қырады».
Үш күнде ел көшеді,
Еш адамға белгісіз
Көштің қайда тұрағы.
Батырлар жатыр далада,
Неден уайым қылады.
Не болса бірге көрмекке,
Өмір бойы бір жүріп,
Тамаша өмір сүрмекке,
Батырлар да шыдады.
Қайрасаң асыл өтеді,
Жанысаң болат кеседі.
Екі батыр қосылып,
Көңілдері өседі.
«Арман болмас дүниеде
Өліп кетсек деседі.
Тірі күнде әркімнен
Дүние-пәни көшеді.
Тізе қоссақ екеуміз,
Қандай жаулар болса да,
Құртылар өсегі»,—

Деген сөзбен батырлар
Уайымсыз жатады.
Қалың шатқал ішінде
Ерігіп садақ атады.
Атқан оғы қайрылмай,
Қарағайға батады.
Елді ұмытып, сауық қып,
Қалың шатқал ішінде
Сайрандап олар жатады.

Еділ айтар Жайыққа:
—Баралық, батыр, еліңе,
Кешегі жүрген жеріңе.
Сен де барып амандас,
Ауылдағы теңіңе.

—Еділ батыр, елімде
Қарамес деген ханым бар,
Қызыл қара атты жарым бар.
Барғың келсе еліме,
Алыс емес жақында,
Күншілік жерден табылар.

Қарамес бізге хан,—деді,
Рақымсыз жан,—деді.
Шамасы келсе өлтірет,
Айтқанын хан келтірет,
Бұл сөзіме нан,—деді.
Ақылы жоқ, ары жоқ,
Қасықтай алал қаны жоқ,
Тәкаппар, қорқау, паң,—деді.

—Олай болса, батыр-ау,
Сол ханды барып шабалық.
Бүйтіп босқа жүргенше,
Қапысын сөйтіп табалық.
Қолындағы мал-мүлкін
Олжа қылып алалық.
Хан болатын біреуді
Ел ішінен табалық.

Жайық батыр сол жерде
Қиналып қатты ойлады,
Ой түбі таяз болмады.
Жайық батыр басына
Талай ойлар орнады.
«Өз елімді шабамын,
Онан не ақыл табамын»,
Бұл жағын да толғады.

Жайық айтат:—Еділ-ау,—
Өз елімді шаппақпын,
Ұры отын жақпақпын.
Туысқанды қырып сап,
Онан не ақыл таппақпын?
Жалғыз ханның басы үшін
Талай елді атпақпын.

Бұлай ойран салғанша,
Елге шауып барғанша,
Қарамес ханды өлтірсек,
Иманын бойға келтірсек.
Бар халықты жинап ап,
«Хан өлді» деп естіртсек.

Осылай ақыл табайық,
Сүйегін өртеп жағайық.
Қараместің хандығын
Қолынан сөйтіп алайық.
Осыған ақыл қояды,
Уайымды да жояды.
Қалған етін құланның
Пісіріп жеп тояды.

Аттарына мінеді,
Елге таман жүреді.
Шашақты найза қолға алып,
Жамбасына тіреді,
Садақты белге іледі.
«Әмсе сақта, Құдай!»,—деп,
Алладан мәдат тіледі.
Бір күншілік жол жүріп,
Ел қалған жерге келеді.

Келсе батыр елі жоқ,
Шалқып жатқан қоныста
Қонған елдің бірі жоқ.
Басқан іздің кірі жоқ,
Із табылар түрі жоқ.
Тас, ағаш, қайың, қарағай
Айтатұғын тілі жоқ.
Құлазып қонған жұрт жатыр,
Кешегі күннің бірі жоқ.

Екі батыр сол жерде
Таң-тамаша қалады.
Ызасына Қарамес
Жайық күйіп-жанады.
Маңайынан із шалып,
Іздестіріп қарады.
Байлаулы жатқан жерінен
Қызқараны табады.
Кірпігі жатыр қимылдап,
Жайық ерді көрген соң
Көзінен жасы тамады,
Әлсіреп қатты налады.
Қол-аяғын шешкен соң,
Халі бітіп, қиналып,
Жан-жағына қарады.
Жайық батыр жарына
Аздап тамақ береді.
Аузына дәм барған соң,
Есін жиып алған соң,
Көтеріп басын алады.
Талықысып кетіп тағы да,
Тізесіне Жайықтың
Әзер басын салады.

Бір мезгілде әлденіп,
Қызқара айтты көргенін.
«Жайық өлді» дегенге
Халықтың бәрі сенгенін.
Жезтырнақпен соғысып,
Жезтырнақтың жеңгенін.
Жезтырнақтан ел қорқып,
Аударуға қонысты,
Амалсыздан көнгенін.
Іздемек болып Жайықты,
Қызқара атқа мінгенде,
Хан жарлығы бойынша,
Байлап жаза бергенін.

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз